Алдағы жыл «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» аясында өтеді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. Мемлекет басшысы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешім қабылдағанын айтты.
«Бұл – өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді» деді Президент. Отырыс барысында Президент қазір осынау маңызды тарихи датаға орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт еместігін де атап айтты. «Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек» деді Мемлекет басшысы.
Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамы белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес сектор өкілдерінен тұрады. Мемлекеттік комиссия төрағасы – ел Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздің күніне арналған мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде:
– Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды, – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді.
– Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз, – деді Президент.