Қоғам

Қалбатаудағы жаңарған автобекетте бәрі бар

Қалбатаудағы жаңарған автобекетте бәрі бар


Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында қайтадан жөндеуден өткізілген автобекет ашылды.
Жаңартылған нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ахметовтің айтуынша, бұл ғимаратқа 1994 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

– Автомобиль жолдары – көліктік-коммуникациялық кешеннің маңызды элементтерінің бірі. Бұл автобекеттің қайтадан ел игілігіне берілуі аудан экономикасының өрлеуіне, тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына тың серпін бермек. Автобекетті заман талабына сай етіп аудан тұрғындарының игілігіне бергені үшін жеке кәсіпкер Гүлнәр Атабаеваға алғысымды білдіремін, – деді Данияр Ахметов.

Қалбатаудағы түйіні шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі жолаушыларға арналған автобекет болған-ды. Енді жармалықтар кез келген бағытта заманауи жаңа автобекеттен бір-біріне сәт-сапар тілеп, жолға аттана алады. «Туризмді дамытудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында жармалық жеке кәсіпкер Гүлнәр Атабаева Қалбатау ауылындағы автобекетке қайтадан реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін 30 миллион теңге қаражат жұмсаған. Құрылыс жұмыстарына ауылдастарын тартқан жеке кәсіпкер өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып, аудан халқының игілігіне пайдалануға берді. Жеке кәсіпкердің айтуынша, басты мақсат – ауданаралық, қалааралық маршруттарды қамту, халыққа сапалы қызмет көрсету.
– Құрылыс жұмыстарын 2015 жылы бастаған болатынбыз. Осы құрылыстың басы-қасында жүріп, маған қол ұшын берген Манарбек Мұсабалин мен Ернұр Сәрсенбаевқа алғысымды білдіремін. Құрылыс жұмыстарына тек отандық өнімдерді пайдаландық. Өзіміз көріп жүргендей, мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан баспана, әлеу¬меттік нысандар құрылысы¬ның сапасы сын көтере бермей¬ді. Мұны көргендер оның материал¬дарының сапасы, яғни отандық тауарлардың сапасы солай екен деген де пікір қалыптастырған. Ал шындығында құрылыс сапасының дұрыс болмауы отандық тауарлар¬дың сапасынан ғана болмаса керек. Бұл жерде мәселені басқадан іздеген жөн шығар, – дейді Гүлнәр Атабаева.

Жаңа автобекетте 50 адамға арналған шағын асхана, жүргізушілер демалатын орын, билет кассасы, күту залы бар. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлменің сән-салтанатына ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, жолау¬шыларға арналған жүк сақтау қоймасы да қолайлы. Автобекет маңында арнайы автотұрақ бар. Аталған ғимараттың ішінде тәулік бойы жұмыс істеп тұратын медициналық пункт те іске қосылған.

– Бұл – көптен бері көкейде жүрген іс еді. Ауданы¬мыздың әлеуеті артқан сайын әлеуметтік ахуалы да жақсарады. Өздеріңіз білетіндей, біздің өңірдің қысы қатал. Үскірік аяз бен боранның салдарынан қыста жолда қалатын жолаушылар көп. Әкімдік қызметкерлері мен құтқарушылар тобы оларды өз үйлеріне апарып, қондырған кездері де болды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, – дейді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.

Автобекеттің ашылу салтанатына қатысқан аудан тұрғыны, зейнеткер Балқия Тоққожина қарапайым жұртшылық атынан алғыс айтты.

– Гүлнәр аудандағы барлық іс-шараларға белсене қатысып, қолдан келгенінше ауылдастарынан көмегін аямайды. Сонымен қатар, ол ауданымыздың жыл сайын көркейіп, гүлденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатыр, – дейді Балқия Тоққожина.

Ажар Мұратқызы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button