Руханият

Қалбатауда қалған соңғы майдангер

Қалбатауда қалған соңғы майдангер

Отан үшін от кешкен майдангер аталарымыздың қатары күннен-күнге сиреп барады. Жарма ауданында бүгінде ҰОС-ның тоғыз ардагері ғана қалып отыр. Наил Загидуллин аудан орталығы Қалбатауда қалған ең соңғы соғыс ардагері.
90-ға толып отырған Наил қариямен Жарма ауданына барған іссапарымызда кездесіп, сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, бейбіт заманда Жарма өңіріндегі Балажал, Бөке кеніштерінде кенші, машинист болып еңбек еткен майдангер қарттың отты жылдар мен екпінді бесжылдықтардың белестері туралы сыр шерткен әңгімесін өз аузынан естіп қайттық.
1926 жылы Татарстанның Буин ауданына қарасты Кабалан ауылында дүниеге келген Наил атамыз соғыстан кейін 1950 жылы Жарма ауданына келіп, қазақ қызы Қатирамен танысып, отбасын құрады. Қатира апа екеуі кеніште ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, кейін Қалбатауға көшіп келген екен.
-Бүгін күн жұма, әрі бәйбішемнің туған күні. Қызым Тахмина екеуміз жеті шелпек пісіріп, марқұмды еске алып отырмыз, екі ұл Риддерде тұрады, -деді үйге енген біздің алдымыздан өзі шығып, қарсы алып, дастарқанға шақырған Наил қария.
Қазақша сөйлеп, ара-арасында әзілге баса жөнелетін қарт «қазақша білесіз ғой дейсіңдер ме, мен әуелі өзімнің татар тілімді ұмытып та қалдым, керек десеңдер, қазақша сөйлемегенде енді», – дейді күлдіріп.
Үстел үстіндегі көне альбомды қолына алған қарт майданда түскен кәртішкелерін көрсете отырып, өзінің Жапонияға қарсы соғыста да болып, 43-ші атқыштар полкінің құрамында соғыс қимылдарына қатысқанын да әңгімелеп берді бізге.
Қалбатаудағы әлеуметтік қамту саласының қызметкері Гүния Есенжолова Наил қарияның керек-жарағын дүкеннен сатып әкеліп беріп, майдангерге көмектесіп, қолғабысын тигізіп жүреді екен. Қария бізге Гүния туралы жазуды да ұмытпаңдар деп жатыр.
– Бейбіт өмірді бағалаңдар, балаларым. Дендерің сау болып, қатарыңнан қалыспай еңбек етіңдер, -деп ақ тілегін айтып, батасын берген 90-дағы ардагер атаға біз де аз-кем әңгімемізді айтып, аман-сау болуын тіледік. Кетерде жас баладай мұңая қалған қария қалбалақтап, есік алдына дейін шығарып салып, «жолдарың болсын!» деп қол бұлғады. Жыл өткен сайын аңыздай болып бара жатқан сұрапыл соғыс туралы, өзі туралы айтып берген санаулы-ақ қарттың бірі бізбен осылай қош айтысып қала берді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button