Қоғам

Қалбатауда 50 орындық бөбекжай ашылды

Қалбатауда 50 орындық бөбекжай ашылды


Қалбатау ауылында тағы бір қуаныш. Аудан орталығында биыл екінші балабақаша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылып отыр.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай басталған «25 игі іс» акциясына Жарма жұрты да үлес қосып келеді.
Көктемде ғана ашылған «Ер-Дәурен» балабақшасының артынан міне, іле-шала 50 балаға арналған «Айналайын Жарма» бөбекжайы ел игілігіне ұсынылып отыр. Бұл – өзектілігі күн санап артып келе жатқан мектепке дейінгі оқыту және тәрбие беру мәселесін жергілікті биліктің кәсіпкерлерді қатыстыра отырып, шешуге ба¬ғыт¬талған жұмыстарының бір кө𳬬нісі.

Қазір иен жатқан ескі әлеуметтік ғимараттар жетерлік, бірақ сол қабырғалары қалқайып тұрған нысандарды іске жаратып жөндеп жатқандар кемде-кем. Осы тұрғыдан алғанда Жарма аудандық әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер ел үшін үлкен игі іс жасады деп айтуға болатын шығар. «Орнында бар оңалар» демекші, аудан орталығында 23 жылдан астам есік-терезесі үңірейіп бос тұрған бұрынғы «Колосок» балабақшасы қазір халыққа қызмет көрсетіп тұр.

Бөбекжай ғимаратының ашылу салтанатына ардагерлер, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықов өзінің құттықтау сөзінде жергілікті кәсіпкер Виктор Исабаевқа өз алғысын жеткізе келе, аудан орталығындағы балабақша мәселесі толықтай дерлік шешілгенін айтты.

-Қалбатауда қазір төрт балабақша жұмыс істеп тұр, оның екеуі мемлекеттік болса, екеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр. Аудан орталығында енді балабақша кезегі жоқ,-деді аудан әкімі.

Бөбекжайға балалар 1,5 жастан қабылданады екен. 25 адам жұмыс істейтін жаңа әлеуметтік мекеме, балабақашаға қажет барлық керек-жарақтармен қамтылған. Жергілікті кәсіпкер, Виктор Исабаевтың айтуынша, ескі ғимаратты қалпына келтіріп, оны толық жабдықтап шығу үшін барлығы 50 млн. теңге жұмсалған. Бөбекжайдың тағы бір ерекшелігі – қабырғада ешқандай жылу батареялары жоқ. Жылу еденнен келеді. Бұл – еңбектеп жүрген сәбилер үшін арнайы жасалған дүние. Тағы бір айта кетерлік жайт – мұндағы жиһаздың барлығы Жармада жасалған.

-1,5 жастағы Айша есімді немеремді әкеліп отырмын, бұрын үйде отырған балам бөбекжай ашылғаннан кейін бірден жұмысқа шықты. Айына 8,5 мың теңге ғана төлейміз. Жылудың еденнен келетіні жер бауырлап жүрген балалар үшін тіпті тамаша екен,-дейді ауыл тұрғыны Гүлжанат Асылбекова.

Дарын Нұрсапаров
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button