Қоғам

«Қалбатау» Жарық ауылының тірегіне айналып отыр

«Қалбатау» Жарық ауылының тірегіне айналып отыр

«Қалбатау» зауыты асыл тұқымды мал басын арттырумен қатар, өз өнімдерін өңдеу ісін де жолға қоюда. Қазір кәсіпорын қаржысына Аягөз ауданында тәулігіне үш мың тонна ет өндіре алатын ет комбинаты салынып жатыр.
Жарық ауылдық округінде 11 шаруа қожалығы бар. «Қалбатау» ЖШС – солардың ішіндегі ең ірісі. Округте мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда, «Қалбатау» мал зауытында еңбек етеді. Кәсіпорын бұрынғы «Қызыл бақташы» кеңшарының негізінде құрылған-ды. Шаруашылық қарамағында 148 мың гектар жер телімі бар. Мұндай үлкен аумақты сақтап қалу жетекшілердің іскерлігі арқасында мүмкін болды, олар кеңшар ыдыраған соң көп кешіктірмей акционерлік қоғам, кейіннен жауапкершілігі шектеулі серіктесік құрып үлгерген. Осылайша, жер үлестерін алған шаруаларға бөлінуге және жылдар бойы жинақталған дүниені жоқ қылуға жол берілмеді.
«Қалбатау» мал зауыты өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашлықта екі мың бас қазақтың ақбас сиыры бар бүгінде. Табын генофондын жақсартып, олардың өнімділігін ұлғайту үшін екі жыл бұрын 250 бас Герефорд тұқымдас сиыры сатылып алынған. Сондай-ақ, мұнда 1300 бас жылқы да бар.
Агроқұрылымға тиесілі барлық жер жем-шөп базасын қамту мақсатында пайдаланылады. Жыл сайын мың гектар жерге арпа және 3 500 гектар жерге бидай себіледі. Бұрынғы кеңшар аумағында суармалы жерлер жоқ. Қатты қуаңшылық салдарынан өткен жылы мол өнім алу мүмкін болмады. Орта есеппен бар-жоғы гектарынан бес центнер астық жиналды. Алайда, шаруалар абыржыған жоқ. Өйткені, малды қыстан алып шығу үшін осы да жеткілікті еді.
– Бір кездері малымыз сарып ауруы кесірінен күрт азайды. Қазір біз мал басын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Автоматтандырылған мал шаруашылығы кешенін салуды көздеп отырмыз. Келешекте суармалы өсімдік шаруашылығымен шұғылдануымыз да мүмкін. Себебі, мемлекет көрсетіп отырған мықты қолдаудың арқасында көп шаруа тындыруға болады, – дейді «Қалбатау» ЖШС қаржы директоры Анар Салпышева.
Былтыр кәсіпорын мемлекеттен 25 миллион теңге субсидия алған. Қаржы техниканы жаңартуға жұмсалыпты. Алты трактор, тыңайтқыш және дәрі сепкіш, КамАЗ, тұқым сепкіш және шөп жинағыш пресс сатып алынды.
«Қалбатау» негізінен асыл тұқымды мал сатумен айналысады. Аздаған көлемде ет саудаланады. Бірақ, бұл – уақытша ғана құбылыс. Өйткені, мал басы артқан сайын басшылық өз өнімдерін терең өңдеуді жоспарлап отыр. Осы үшін қазір Аягөз ауданында ет комбинатының құрылысы жүргізілуде.
Ет өңдейтін зауыт кәсіпорынның өз қаражаты есебінен салынып жатыр. Ресейден құрал-жабдықтар жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылып қойған. Ет комбинатын іске қосу алдағы көктемнің соңына жоспарлануда. Яғни, бұл жуық арада облыс дүкендерінің сөрелерінде шұжық өнімдерінің түржиыны кеңейеді деген сөз.
– Қазір құрылыста 130 адам еңбек етуде. Маусымның қызған шағында жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Зауыттың іске қосылуы 100 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Онда біз өз тауарларымызды және тұрғындардан сатылып алынған мал өнімдерін өңдеуді жоспарлап отырмыз. Ет комбинаты жанында мал сою алаңы жұмыс істейтін болады. Жалпы, ол жер негізгі шаруашылықтан 200 шақырым қашықтықта орналасқан, өйткені онда өнімді өткізуге барынша тиімді жағдайлар бар. Тоғыз жолдың торабында жатқан Аягөзден дайын тауарды өзге өңірлердегі тұтынушыларға жеткізу бұл жерге қарағанда ыңғайлы, – дейді Анар Салпышева.
Зауыт тәулігіне үш мың тоннаға жуық шикізатты өңдеуге қауқарлы болады. Сою алаңы күніне 15 бас ірі қара малды қабылдай алмақ. Сондай-ақ, басшылық жоспарында ет комбинаты жанынан бордақылау кешенін салу ойы да бар, онда сатылып алынған мал семіртіліп, ары қарай ет комбинатына өңдеуге жіберіледі.
– Мұндағы орташа жалақы 60 мың теңгені құрайды. Ауыл үшін бұл – аз. Бірақ жастардың ауыл шаруашылығында істеуге құлқы бәлендей зор емес. Бүгінде бізге механизаторлар, агрономдар, білікті мал дәрігерлері қажет. Біз жаңадан келген мамандарға әрқашан қуанамыз. Біздегі жұмысшылардың орташа жасы шамамен 35-те. Ұжымды жасарту үшін біз кәсіпорын есебінен жоғары оқу орнында білім алуды ұсынамыз. Біздің көмегіміздің арқасында екі студент мамандық алды. Олардың бірі біздің шаруашылықта жұмыс істейді, ал екіншісі – аудан орталығында мал дәрігері. Әзірге ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқығысы келетін басқа жастар жоқ, – дейді Анар Салпышева.
Кәсіпорын басшылығы ауыл тіршілігіне де белсенді араласып келеді.
– «Қалбатау» ЖШС – колхоздар мен совхоздар заманынан қалған ірі шаруа қожалықтарының бірі. Оның аудан экономикасына үлесі айтарлықтай. 2014 жылы бұл шаруашылық бюджетке 10 миллион теңгенің салығын төледі. Сонымен бірге, кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да көмек көрсетіп келеді. Мейрамдар кезінде ешқашан шет қалмайды, – дейді Жарық ауылдық округінің әкімі Берік Наурызбаев.
Кәсіпорынның өз игі дәстүрлері қалыптасқан. Мәселен, ауыл шаруашылығы күнінде үздік еңбекерлер марапатталады, ол жыл сайын күзгі жиын-терін науқаны аяқталған соң өткізіледі.
– Былтыр ауыл шаруашылығы күнінде біз өзіміздің үздік еңбеккерлерге сыйақы бердік, – дейді «Қалбатау» ЖШС-нің қаржы директоры. – Миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықтарды біз 100 сиырдан 100 бұзау алған малшылар Санабек Әдібаевқа және Несіпбек Деміжановқа бердік. Сонымен қатар, ақшалай сыйлықтарды біз кәсіпорында еңбек еткен, қазір зейнет демалысындағы ардагерлерге табыстадық. Барлық мерекелерді атап өтіп, ауылдастарымызға сыйлықтар тарту етеміз. Мысалы, Қарттар күні әр зейнеткерге бір центнер бидай тараттық. Жаңа жылда мектеп оқушыларына міндетті түрде сыйлықтар жасаймыз. Бірінші сыныпқа баратын балаларға демеушілік көмек көрсетеміз, бұрын оларды мектепке қажет тауарлармен қамтитынбыз, қазір ақшалай көмектесеміз.
P.S.: «Қалбатау» асыл тұқымды мал зауыты тек Жарық ауылының ғана емес, ауданның экономикасын өрге сүйреп келеді. Құрылғанына 80 жылдан астам уақыт болған кәсіпорын осы уақыт аралығында талай табысқа қол жеткізді. Кезінде бұл жерден 1450 келі тартатын «Бурсек» атты бұқа Мәскеуден алты темір тұлпар әкеліпті. Әрине, салмақ сайысынан. Ауылдың абыройын асқақтатқан бұл жануарды жарықтықтар өлген кезде арулап тұрып көміпті. Пілге бергісіз бұл хайуанның ұрпақтары бүгінде бар сыңайлы. Екі мың бас қазақтың ақбас тоқал сиырларының арасында 950 келі тартатын аталықтары да бар екен.

Ержан Әбіш
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button