ТОП

Алаяқтарға алданып, қаржысынан қағылған

Соңғы жылдары интернет алаяқтардан алданып, қаржысынан қағылғандар қатары азаяр емес. Өйткені технология дамып, интернетті пайдаланушылардың саны артқан сайын, алаяқтардың халықты алдау әдістері де көбейіп келеді. Өкінішке қарай, небір айла-тәсілдерді игерген алаяқтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмай тұр.

Былтыр елімізде ғаламтордағы алаяқтардың  арбауына түскендердің саны 14 мыңға жетті. Биылдың өзінде интернет алаяқтар 170-тен астам адамды алдап соққан. Оның ішінде ғаламтордағы «OLX», «1000 объявлений», «Крыша», «Колеса» сияқты түрлі сауда-саттық сайттарында жоқ заттарды жарнамалап, алдын ала төлем жасатқандар немесе азаматтардың жеке мәліметтерін біліп алып, онлайн несие рәсімдегендер де бар.

Интернет алаяқтар әлемнің кез келген жерінен виртуалды тіркелгендіктен, олардың нақты мекенжайларын анықтау қиын. Тәжірибе көрсеткендей, алдап ақша алып отырғандардың дені ресейліктер.

Қылмыстың ашылу көрсеткіші неге төмен?

    Мамандардың айтуынша, бір алаяқтың өзінде бірнеше банк картасы және бірнеше телефон номерлері бар. Оның өзі басқа адамдардың атына рәсімделген, өйткені алаяқтар іздерін барынша жасырудың, құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түспеудің түрлі амал-айласын біледі.

Интернет алаяқтық қылмыстарын ашу бойынша атқарылған жұмыстар туралы түсініктеме берген облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Бекжан Малғаждаровтың айтуынша, былтыр өңірімізде 1343 алаяқтық тіркелген. Аталған санаттағы қылмыстың ашылу көрсеткіші 14,8% (2019 жылы –12,8%).

– Қолданылған шаралар барысында 288 эпизод бойынша 146 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел мәліметке 222 жедел-іздестіру шараларын жіберді, жасырын, бұрын мәлімделмеген алаяқтық қатарынан 105 іс ашылды, ал өндірісте 48 ашылған іс бар.

Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізу барысында ақпараттық жүйені пайдалана отырып жасалған 716 (облыс бойынша барлығы 1343-тен) алаяқтық қылмысты облыстан тыс жерлердегі күдікті адамдар жасағаны анықталды. Өйткені қазақстандық номерді сатып алу қиын емес, қылмыскерлер сол номер арқылы, мәселен, Ресейде отырып, алаяқтық ісін жүзеге асырады, – деді  Бекжан Дәулетұлы.

Атап өтетін болсақ, ТМД елдері бойынша 246 факт (негізінен Ресей Федерациясынан), Алматы облысы және Алматы қаласынан 181 факт, Павлодар облысынан 66 факт, Қостанайдан 61, Нұр-Сұлтан қаласынан 35, Қарағанды облысынан 30, Оңтүстік Қазақстан облысынан 38, Ақмола облысынан 12, Батыс Қазақстан облысынан 12, Жамбыл облысынан 22, Қызылорда облысынан 22, Ақтөбеден 5, Солтүстік Қазақстан облысынан 8 факт тіркелген.

Полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері  ақпараттық жүйені пайдаланушыларға қатысты алаяқтық қылмыстарды азайту мақсатында «Anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізеді.

Былтырғы жылдың басынан бастап облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және жедел-тергеу тобының қызметкерлері бес қызметтік іссапар барысында 85 қылмыстық іс бойынша 45 адамды ұстады.

Француз бульдогын алам деп ақшасынан айырылды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жуықта Қарағанды облысы, Абай ауданы, Құрма ауылының 35 жастағы жұмыссыз тұрғыны интернет алаяқтық жасауда әшкереленді. Ол OLX мобильді хабарландыру сайты арқылы француз бульдогы тұқымдас күшіктерді сатамын деп жалған хабарландыру берген. Өскемен қаласының 50 жастағы тұрғыны Каспий.кз ұялы қосымшасы арқылы оның банктік карта шотына алдын ала ақша аударған. Осылайша, Қарағанды қаласының тұрғыны 40 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденген. Бұл факті бойынша қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осындай алаяқтардан зардап шеккен Жомарт есімді азаматтың айтуынша, телефонына хабарласқан  белгісіз біреу өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, «Сіздің шотыңыздан дәл қазір біреу ақша шешіп алмақшы, сондықтан айтқанымды орындаңыз» деген соң, олардың айтуымен Плэймаркетке кіріп, «осы қосымшадағы мына тетікті бас» дегенін бұлжытпай орындаған соң телефоны біраз уақытқа істемей қалған. Сол арада алаяқтар оның банктік шотына қашықтан кіріп, әп-сәтте бар ақшасын үптеп кеткен.

Ағаш та, ақша да жоқ

Толқын Сейілжанқызы «алаяқтардың арбауына қалайша түсіп қалғанымызды түсінбей қалдық» дейді. Айтуынша, Толқынның жолдасы Берік «1000 объявлений» сайтынан үй құрылысына қажетті материалдар қарастырып отырған. Іздегені тиімді бағада табыла кетіп, салып жатқан үйінің төбесі мен еденіне төсейтін  ағаштарға тапсырыс беру үшін хабарландыруда көрсетілген номерге телефон шалады. Өзін Александр Васильевич деп таныстырған сатушы ағаштардың фотосын көрсетіп, сапасы, өлшемі жайлы айтып, бағасына келіседі. Бірақ банк шотына төлемді толық жібергендігі жөніндегі түбіртекті сканерлеп, «Триада» ағаш өңдеу фирмасының электронды поштасына жіберген жағдайда, бір-екі күнде жүкті жеткізіп беретіндігін айтады.

Сонымен, жаңа баспана салып жатқан жастардың қуанышында шек жоқ. Босануға айы-күні таяп отырған Толқын болашақ баласының күтіміне деп берілген 250 мың теңге декреттік ақшасын түгелдей алып, сатушының айтуымен 50 мың Ресей рубліне айырбастап, фирманың Сбербанктегі шотына аударып, түбіртекті сканерлеп, электронды пошта арқылы  жібереді. Содан кейін ағашты жеткізіп беруге келісілген күнді тосады. Екі- үш күннен соң хабарласса, телефон өшулі, электронды хатқа ешкім жауап бермейді. Бірден қалалық полиция басқармасына барып, арызданады. Арызда телефон номерін, сөйлескен адамның аты-жөнін, фирманың атын, жүк көлігінің прицеп номерін, түбіртекті көрсетеді. Бірақ, амал нешік, кінәлі табылған жоқ, өйткені бұл жалған хабарландыру болып шықты. Алаяқтардың қолына ақша тиген соң электронды поштасы бұғаттаулы, телефоны өшулі. Мамандардың айтуынша, егер дәл осы номерден алаяқтық фактілері бірнеше рет қайталанған жағдайда ғана құқық қорғау қызметкерлері Ресейге арнайы қызметтік іссапармен барып, іздестіру шараларымен айналысады.

Зардап шеккен азаматтар телефон соққан адамдардың номерін, уақытын бәрін жазып көрсетіп, құқық қорғау органдарына арызданғанымен, қылмыскерлердің көбі сол күйі табылмайды. Өйткені, мамандардың өздері де айтып отырғандай, интернет алаяқтардың көпшілігі Ресейден болғандықтан, оларды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту қиынға соғады.

Алаяқтар жиі қолданатын әдістердің тағы бірі – ұтыс жайлы. Мәселен, сіздің телефон номеріңізге, поштаңызға сілтеме келеді немесе қымбат бір зат ұтып алғаныңыз жайлы смс-хабарлама келеді. Ондай күдікті сілтемеге кіріп немесе ұтқан затыңыздың комиссиясын төлеу керек деген сияқты айла-тәсілдерге алданғандар да қалтасынан қағылады.

Көп жағдайда алаяқтар интернетке кіріп, сатылымға қойған тауарларды көріп, хабарласады. Әңгіме барысында интернет банкингіңіз бар-жоғын анықтап алып, алдын ала төлем жасағысы келетіндігін айтады. Қазір код келетінін жеткізіп, соны бірден айтуды сұрайды, себебі ол құпия сан тек бір минутқа ғана жарамды. Бұл құпия кодты айтқан соң алаяқтар банк қосымшасындағы шотқа кіріп, ондағы ақшаны шешіп алады.

Интернет алаяқтыққа қатысты қылмыскерлердің ісі Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық бабы бойынша қаралады. Көзделген жаза – 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыскерге қолданылатын жаза келтірілген шығынның көлеміне байланысты тағайындалады.

Банктер жеке деректерді сұрамайды

Соңғы кездері алаяқтар БЖЗҚ-ның немесе белгілі бір банктің атынан жалған хабарлама жібере бастады. Алаяқтар өздерін зейнетақы қорының немесе банктің қызметкері ретінде таныстырып, банк картасының нөмірін білуге тырысады немесе зейнетақыны қайта есептеу үшін оның деректемелерін атауды сұрайды.

Мұндай хабарлама әлеуметтік желілер арқылы Ресейде бірнеше ай бойы жүзеге асырылғаны және еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.

Бірыңғай зейнетақы қоры баспасөз қызметінің мәліметінше, БЖЗҚ мұндай хабарлама жібермейді және телефон арқылы сіздің банктік картаңыздың деректерін сұрамайды. Сондай-ақ қор күдікті сілтемелер бойынша бейтаныс сайттарға өтпеуге кеңес береді және ақпаратты тек enpf.kz ресми сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ғана тексеруді сұрайды.

Банк менеджерлері де клиентке телефон соғып, ешқашан жеке деректемеңізді, атап айтқанда, карта номерін, құпия кодын ешқашан сұрамайды. Сондықтан, мамандардың пікірінше, осындай сауалдармен телефон соққан кезде банк картасына қатысты ешқандай ақпаратты айтпай, барынша қырағы болу керек.

Құзырлы орган қызметкерлері тұрғындарды қарапайым ғана қаржылық қауіпсіздік ережелерін сақтап, жеке мәліметтерге берік болуға шақырады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button