ӨзектіТОП

Алаяқтар қалай алдайды?

Қызырбек Дүргінбайұлы

Бүгінгі таңда оңай олжа табамын деп орға жығылып жатқандар жетерлік. Ал аңқаулықпен алданып қалып жүргендер де жоқ емес. Бұл алаяқтардың айлакерлігінен және адамдардың ақпараттық сауатының аздығынан деген пайым жасауға болады. Қазіргі  «алдаркөселердің» көпшілігі интернеттің игілігі арқылы айласын іске асырып келеді. Сондықтан телефон тетігін абайлап басқан жөн.

Қылмыс саны көбейіп барады

Бүгінгі таңда біздің түгелге дерлік құпиямыз телефон тетігіне байланған деуге болады. Оны дұрыс сақтай білсең, пайдалы, ал алаңғасарлық танытсаң, аяғыңды көктен келтіреді. Елімізде 2021 жылы 34 мыңнан астам алаяқтық қылмыстық іс тіркелсе, 2022 жылы бұл сан 37 мыңнан асыпты. Әсіресе «интернеттің игілігін көруші» алаяқтар күн санап өсіп келе жатқан көрінеді.

Жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді. Қылмыскерлер 7 млрд теңгеге шығын келтірді. 571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылы алаяқтық бойынша 1131 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 763-і интернет арқылы жасалған. Салыстырмалы түрде өңірде интернет алаяқтық фактілері 22%-ға артқан. Барлығы 1500-ден астам адамға 600 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілді. Қауіп пен қатер күн санап өсіп барады. Алдын алу үшін халықтың ақпараттық сауатын арттырмаса, бұған тоқтау салу қиын болары анық.

Жалпы сараптаушылардың пікірінше, интернет алаяқтықпен айналысатындардың көпшілігі әйел адамдар екен. Ал олардың істі пайдаға асыруға мүмкіндігі көп екенін ұйымдастырушы топ жақсы біледі. Сондықтан олардың көбі «атқарушы алаяқтар» есебінде жүреді. Алаяқтар адамның жас мөлшерін көбірек нысанаға алады екен. Көптеген деректерге қарағанда жәбірленушілердің жартысына жуығы 30-49 жас аралығындағы жұмыс істейтін азаматтар екен. Ал 31% жағдайда 50-60 жастағы адамдар алданып қалатын көрінеді. Интернеттің игілігін көбірек көретін 18-29 жас аралығындағы жастар алаяқтардың құрығына көп іліне қоймайды.  Олар 20% шамасын құрайды.

Алаяқтар үшін сіздің телефон номеріңіз болса жеткілікті. Олар кез келген адамның номері арқылы өміріне араласа алады. Сіздің жеке номеріңіз арқылы телефоныңызға вирус орнатып, құпия ақпаратыңызды жария ете алады. Олардың арасында көп таралған әдістердің бірі  вишинг деп аталады. Вишинг – әлеуметтік инженерия элементтері бар алаяқтық. Бұл телефон арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлауға бағытталған. Ал екінші түрі – фишинг. Фишинг – бұл пайдаланушыны алдауға және картасы туралы құпия ақпаратты ашуға мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін әдістер жиынтығы. Осындай әдістердің құрбаны болып кетпеуге тырысып, сақ жүрген жөн.

Айланың алуан түрін жасайды

Кез келген уақытта «банктен хабарласып тұрмын» десе, барлығын дұрыстап сана сүзгісінен өткізген жөн. Өйткені бұл – алаяқтардың басты айлаларының бірі. Бұдан бөлек алаяқтар құқық қорғау органдарының және коммуналдық қызметтердің өкілдері ретінде хабарласады. Нақтырақ айтқанда, соңғы кезде «ЦОН-нанмын» деп хабарласатын алаяқтар көбейгенін Шығыс Қазақстан облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы да растап отыр.

– Шығыс Қазақстан облысы бойынша соңғы айда азаматтарға «халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімін» деп қоңырау шалатын алаяқтар көбейген. Олар несиелік қарызды өтеуді талап етіп, азаматтарға қатысты жеке ақпараттарын сұрап, шоттарының бұғатталатынын айтып қорқытады екен. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесі өз қызметкерлерінің ешқашан тұрғындарға қоңырау шалмайтынын, борышкерлердің мәліметтер базасы оларға қолжетімді емес екенін және коллекторлық компаниялардың жұмысына араласпайтынын еске салады, – деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Алаяқтар аянышты жағдайды да өз пайдаларына жарата алады. Олар кез келген адамға қиындыққа тап болған туысы ретінде хабарласып аздаған сомада ақша жіберуін сұрайды екен.

–  Өткенде бөлем бөтен номерден хабарласып 10 мың теңге салып жіберуімді өтінді. Алғаш рет ақша сұрап тұрғандықтан бетін қайтармай, айтқан номеріне аударып жібердім. Сөйтсем сол күні біздің туысқандардың біразы «оған» ақша аударыпты. Ал бөлем бұл жағдайдан бейхабар болып шықты. Осылайша барлық туысқан алаяқтың арбауына түсіп қалдық, – дейді қала тұрғыны Өзгерісхан Шерубаев.

Бұдан бөлек, «Жақын туысқаның «қиын жағдайға тап болды», тез арада белгілі сомада ақша жібермесең, жағдай күрделене түседі» деп ақша бопсалайтындар да бар. Ондай жағдайда алаяқтар ақшаны үшінші тұлға арқылы қолға түсіруге әрекет ететінін білген жөн.

Алаяқтықтың тағы бірі – «Лотерея ұтысы». Олар сізге радиостанцияның жүргізушісі ретінде хабарласып, «жүлдегер болуыңызбен» құттықтайды. Ал келесі тарапта жүлдені алудың жолын нұсқап, ол үшін белгілі сомада депозит төлеу керек екендігін түсіндіреді. Ал сіз ақшаны салған соң сүйіншілі жаңалықтың жеткізушісі жоқ болады.

Алдап соғудың келесі түрі  «Банктен хабарласып тұрмын» деп басталады. Банктен хабарласып тұрған «жанашыр қызметкер» сіздің жеке шотыңызға байланысты күдікті әрекет пайда болғанын хабарлайды. Келесі кезекте олар клиенттің мәліметтерін тексеру керектігін айтып, картаға тіркелген телефон нөмірін, сондай-ақ карта нөмірі мен CVV кодын қайта жазуды сұрайды. Бұл – алаяқтардың іске асыратын бірінші қадамы. Осыдан кейін олар «сіздің сақтығыңыз үшін» деп келесі әрекетті істеуді нұсқайды. Алаяқтар сізге AnyDesk және TeamViewer қолданбаларын жүктеп алуды ұсынады. Көрсетілген бағдарламаны отырғызсаңыз, сіздің ақшаңызды алып, атыңызға кредит рәсімдеп кетуі де бек мүмкін.

Алаяқтықтың тағы бір түрі – «қаражатты қате аудару». Әуелі сіздің картаңызға ақша аударылғаны туралы хабарлама келеді. Осыдан кейін алаяқтар ақшаның қате аударылғаны туралы, оны белгілі номерге қайтару туралы өтінішпен SMS жібереді. Мұндай жағдайда банктің өзіне бармай ешбір қадам жасауға болмайды.  Өйткені бұл – банк кеңсесінде ғана жүзеге асатын жағдай.

Алаяқтардың бұдан да өзге әрекеттері күн сайын неше түрлі формада көрініс тауып келеді. Сондықтан сақ болған жөн.

Сабырлық пен сақтыққа көшіңіз

Алданып қаларын көп ешкім сезе қоймасы анық. Десе де кез келген жағдайда барлығын сабырлы түрде сана сүзгісінен өткізген жөн. Сондай-ақ ақпараттық сауаттылықты арттыра жүрген артық болмайды.

Банк қызметкерімін деп хабарласқанда күдік туса, телефонды үзе салыңыз. Қандай жағдайда болмасын банк қызметкері сізден ешқандай ақпарат сұрамайды. Өйткені сіз туралы ақпараттың барлығы банкте бар.

Құқық қорғау органдарынан қоңырау шалса, қорқудың қажеті жоқ. Алдымен қай полиция бөлімшесі екенін сұрап, жақыныңызға қандай айып тағылғанын біліңіз. Сондай-ақ олар сізді өз атынан шақырған ұйымның сенім телефонына – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен аудандық ішкі істер бөліміне дербес қоңырау шалу керек.

Оңай олжа, жеңіл ақшаға қатысты хабарласқан адамға өзіңіз туралы ақпарат бермеген жөн. Сонымен қатар ұялы телефоныңызға күмән тудыратын қосымшаларды жүктемеңіз. Қандай да бір қате әрекет бола қалған жағдайда телефон өшірумен одан құтыла алмайсыз. Өйткені алаяқтар бірнеше секунд ішінде сіздің телефоныңыздағы деректерді жүктеп үлгереді. Ары қарай онлайн-банкинг арқылы ойына келген мақсатын жүзеге асыра алады. Алаяқтар қашықтықтан байланыс жасай отырып, сіздің аккаунттарыңызды, электрондық пошта парольдеріңізді, байланысатын тұлғаларды біліп алуы бек мүмкін. Олар SMS-кодтар мен Push-хабарламалардағы кодтарды қоса алғанда, тыңшылық қызметті атқаратын бағдарламаларды «енгізе» алады. Сондықтан ұялы телефонға да ұқыптылықпен қараған дұрыс.

Технология төрге озып, мүмкіндігі артқан сайын алаяқтардың да айласы көбейіп келеді. Сондықтан сан соғып қалмас үшін кез келген уақытта сақ болған абзал.

 

Осы айдарда

Back to top button