Қоғам

«Алау-2021» жүлдесін кімдер алды?

Балауса МЭЛСҚЫЗЫ

«Алау» жүлдесі туралы Шығыста білмейтін жастар кемде-кем. Жыл сайын өтетін форум жайлы сіз не білесіз? Осы жылдың үздіктері кім?

«Алау» форумы – алаулап жанған жастарға арналған жоба. Жыл сайын шаһар басшысы Жақсылық Омар үздік жастардың басын қосып, оларды марапаттайды. Дәстүрлі түрде өтетін бұл форумға қаламыздағы ең белсенді, өнерлі һәм жан-жақты жастар жиналды. Қысқасы, мықтыларды іздесеңіз, осы форумнан табасыз. Байқау жарияланған сәттен бастап өзін жүлдеге лайық көрген жастарымыз өтінім жолдайды. Биыл 50-ден астам өтінім келіп түскен екен.

Кілең жүйріктер бақ сынайтын байқауда қазылар алқасы әр саланың көшбасшыларын анықтайды.

– Жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Біздің қаламызда бұл сыйлық жыл сайын тапсырылады. Әр салада жүрген жастарды түгендеп, қатарынан озған жүйріктерін марапаттаймыз, – деді салтанатты жиынның шымылдығын ашқан қала әкімі Жақсылық Омар.

Иә, форумның өткізілуі де жайдан-жай емес. Себебі ресми дерекке сүйенсек Өскемендегі 400 мың халықтың  28 пайызы жастар. Демек бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде байқаудың мәні зор.

Марапат алғандардың қатарында университет студенттері мен мектеп оқушылары да бар.

– «Алау-2021» форумы жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Сайыс талабына сәйкес, біздің белсенділігіміз,  оқу үлгеріміміз, қоғамдық жұмыстарда өзімізді қалай көрсеткеніміз сараланды. Қала әкімі жастарды ынталандырып, жігер беру үшін осындай шаралар ұйымдастырып жатқанына алғыс айтқым келеді. Бұл менің бағындырған алғашқы белесім, – дейді «Үздік студенттік көшбасшы» номинациясында жеңіске жеткен Әли Талғатұлы.

Байқау жеңімпаздары «Үздік оқушы»; «Үздік студенттік көшбасшы»; «Үздік жас ұстаз»; «Үздік жас ғалым»; «Үздік жас дәрігер»; «Үздік жас кәсіпкер»; «Үздік жас металлург»; «Үздік жас спортшы»; «Үздік жас мәдениет және өнер маманы» номинациялары бойынша марапатталды.

– Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қызмет еткеніме үш жылдан аса уақыт боп қалды. Карантин уақытында әлеуметтік желі арқылы оқырмандарға қызықты болу үшін ресми парақшамызда түрлі рубрикалар аштық. Қаламыздың әдеби-мәдени нысандарын таныстыру, белгілі тұлғалармен сұхбат алу сынды жұмыстар атқарылды. Байқау жайлы естіген соң, осы жұмыстардың барлығын дерлік жинақтап, бағымды санап көруге бел будым. «Үздік жас мәдениет және өнер маманы» номинациясын жеңіп алдым, – дейді Таңнұр Башай.

Мерекелік кеш барысында жиналған қауым концерт тамашалады. Әр номинация бойынша жеңіске жеткен жастарға ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

Осы айдарда

Back to top button