«АЛАУДЫҢ» АҒАШТАРЫН АЛМАТЫДАН КЕЛІП САТЫП АЛАДЫ
Шатырлап жанған самырсынның жалыны көкке шапшып, тастай түнекті түре қуалайды. Өршеленген өртті өшіруге жанталасқан адамдардың әрекетінен ештеңе шығар емес. Қыруар қаражатқа сатып алған ағаш өңдейтін станоктар да, бұл өңірден табыла қоймайтын басқа құрал-саймандар да отқа оранған қоражайдың ішінде қалды. Маңдай терін сығып, тірнектеп жиған дүниесі көз алдында күлге айналғанына ол күйінсе де, күйзелген жоқ. Адам қолымен жасалған қастандық екенін білген сайын қасарыса түсті. Бұл 2012 жылдың тамыз айы болатын…
Зырян ауданының орталығынан құнан шаптырым жердегі Малеевка ауылында тәуелсіздік алған жылдардың басында ерлі-зайыпты Жанат пен Орал Исаевтар «Алау» шаруа қожалығын құрған. Бастапқыда қожалықтың негізгі кәсібі ағаш өңдеу еді, кейіннен омарташылық, аздаған егіншілік пен мал шаруашылығы қосылды.
– Орманның ортасында отырып ағашты іске жаратпау күнә. Және тоқсаныншы жылдардың басында табыс тауып, отбасын асырау қиындап тұрғанда бір кәсіптің етегіне жармасу қажеттілік болды. Содан өңірде көп өсетін қылқан жапырақты ағаштарды өңдеуге бел будым. Оның үстіне ағаш өңдеу қазақтың ертеден келе жатқан кәсібінің бірі, – деп әңгіме тиегін ағытқан Орал ағамыз социализмнен капитализмге аунап түскен қоғамдағы шаруа игерудің қызығы мен шыжығын тәптіштеп баяндай бастады.
Жинаған қаражатына Ресейден төрт тарапты ағаш өңдейтін станок пен басқа құрал-саймандар сатып әкелгенін, совхоздан қалған ескі техникаларды жамап-жасқап кәдеге жаратқанын өткенге ой жүгірте әңгімеледі. Төрт тарапты әмбебап станоктың артықшылығы есік пен терезеден бастап, ағаштан өндірілетін барлық заттарды жасауға, тіпті керек десеңіз, ағаш үйлердің бөренелерін өңдеп шығаруға қауқарлы. Сондықтан да болар, «Алаудың» ағаш өнімдеріне қазақ даласының әр қиырынан, оның ішінде басым бөлігі Алматы мен Астанадан тапсырыстардың көптеп түсетіні. «Камаздардың» белін қайыстырып бөренелер тиеп алған көш-керуен осы жылдар ширегінде Малеевкадан сан мәрте аттанған. Ағаш өңдеу цехының жұмыс істеп тұруы жергілікті жұрттың еңбекпен қамтылуына жағдай туғызды. Алпыстан астам ауыл адамы «Алаудың» қанатының астына кіріп, тұрақты жалақыға, түрлі әлеуметтік көмектерге қол жеткізді. Қиын-қыстау кезеңдерде табыс тауып, отбасыларын асырады. Әлі де асырап келеді.
– Азын-аулақ кәсібімді артық көргендей, 2012 жылдың тамызында біреулер ағаш өңдейтін цехымды қасақана өртеп жіберді. Олай дейтінім, өрт сөндірушілер жағдайды көзбен көріп, тексеру жүргізгеннен кейін адамның қолымен келген қастандық екенін растады, – деп сөзін жалғастырды Орал Исаев.
Осы өртте жалпы сомасы 40 миллион теңгенің дүние-мүлкі, оның ішінде офистегі сейфте сақталған 1 млн. 200 мың теңге көлемінде жұмысшылардың айлық жалақысы мен еңбек кітапшалары, шаруашылықтың кейбір құжаттары құрдымға кеткен.
Өрттен кейінгі өркендеу
Алайда, қаскөйлердің бұл қарекеті «Алау» қожалығын зор шығынға батырғанмен, оның құжаттағы иесі Жанат Исаеваның ерік-жігерін жасыта алмады. Керісінше, намысын одан сайын шабақтап, алға ұмтылуға қайрай түсті. Ал өз шаруасын жүргізгісі келетін адамдарға көрсетілетін мемлекеттік көмек-қолдау білікті басшының алға қойған мақсаттарын іске асыруына қолайлы жағдай туғызды. Сөйтіп, Исаевтар әулеті өздерінің отбасылық бизнесінде өрттен кейінгі өркендеу кезеңіне нық қадам басты. Ағаш өнеркәсібімен бірге мал шаруашылығын, омарташылықты, егіншілікті дамытуға ден қойды.
2011 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы алған үш миллион теңге несиеге меншік ақшасын қосып Таулы Алтай өлкесінен 61 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын сатып әкелген болатын. Қазір етті бағыттағы бұл түліктердің саны жүзге жеткен. Оған қоса, ара өсіретін екі пәсік пен біраз жылқылары тағы бар. Шаруашылықтағы малдардың жемшөбіне деп дәнді-дақылдар өсіреді. Өткен жылы Ресейдің Новосібір қаласынан ағаш өңдейтін «СМР-1» маркалы станогын сатып алып, өртенген цехтың жұмысын қайта жандандыра бастапты.
Аталған ауылдық округте жоғары сұранысқа ие болып тұрған ветеринарлық және қасапханалық пунктердің іргесін көтеріп, керек-жарақтармен жабдықтауда. Кәсіпкер әйелдің мал шаруашылығымен байланысты келешек жоба-жоспарлары көп екен, тек солардың бәрін жүзеге асыру үшін қаржы жағы қол байлау. Егер мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілсе, шаруаны шырқ иіріп әкетуге жеке кәсіпкердің қабілет-қарымы жетіп тұр.
– Шынын айтсақ, қазір ауыл адамдары алыпсатарларды асырап отыр. Алыпсатарлар ауылдан сиыр етінің келісін 600-700 теңгеден (былтыр күздегі баға) сатып алып, қалаға апарып 1200-1300 теңгеден сатады. Саусақтарының ұшын қимылдатпай үстінен қаншама табыс табады, ал қарапайым еңбек адамы бірнеше жыл баққан малын арзанға сатуға мәжбүр. Өйткені, басқа өткізетін орын жоқ мұнда. Осы мәселені шешу үшін қасапхана жанынан арнайы орын ашу ойда бар, – деген Жанат Исаева ол бөлмеде үлкен тоңазытқыш пен етті бөлшектеп өлшейтін қондырғылар орнатылатынын жеткізді.
Яғни, ауыл адамдары малдарын қасапханада сойғызып, етін тиімді бағада сол жерге өткізе алады. Сонымен қоса, қажетті дәрі-дәрмектерді Зырянға сабылмай-ақ ветеринарлық пункттен сатып алуға мүмкіндік бар. Жергілікті шаруалардан сатып алынған және өзінің қолында өсіріліп жатқан мүйізді ірі қаралардың еті қасапхана жанындағы арнайы бөлмеде өндіріліп, қаладағы өзінің сауда орнына жеткізіледі. Сойыс малдарын семірту үшін бордақылау алаңы мен етті өңдейтін шағын комбинат ашу да жоспарда бар.
Қалдықсыз өнім өндіреді
Бүгінгі күні «Алау» шаруа қожалығында алпыс адам жұмыс істейді. Олардың алатын еңбекақылары 25 мыңнан 120 мың теңгеге дейін жетеді. Мұның сыртында жұмысшыларға қожалық тарапынан әлеуметтік көмектер көрсетіліп тұрады. Тұрақты берілетін жалақымен қатар, жемшөптерін жеткізіп беру, өсімдік майы, бидай ұны, күріш, қарақұмық секілді азық-түлік өнімдерімен қамту сияқты міндеттерді де ұмытпайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мәдени-спорттық шараларға демеушілік жасап, ауылдастарының көңілінен шығып жүрген шаруашылық құрылымының басшысына жергілікті жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ. Қыстың ақ түтек боранында елді мекен ішіндегі жолдарды қар бітеп тастағанда, бәрінің жүгіріп баратыны «Алау» шаруа қожалығы. Малеевкалық тұрғындардың айтуынша, көмек сұрап алдына барған ешбір адамның меселін қайтарып көрмепті Орал Исаев ағамыз.
Ауылдық округтегі маңдайалды құрылымдардың бірі болған шаруа қожалығы болашақта қалдықсыз өнім өндіруді қолға алмақшы. Әсіресе, бұл ағаш өңдеу саласында аса тиімді дейді мамандар. Мәселен, самырсынның жапырағынан май алса, ағашты өңдегеннен кейін қалатын үгінділерін шлакпен (цемент, құм, әктас қосылады) араластырып, ғимараттардың қабырғасын тұрғызуға пайдаланбақ. Бір қасиеті, ағаш үгінділері сыз тартпайды, әрі жылуды жақсы ұстайды. Ветеринарлық пункт пен қасапхананың қабырғаларын осы тәсілді қолданып тұрғызыпты. Бұл бағыттағы алғашқы аяқ алыстары жаман емес секілді.
Айта берсек, «Алаудың» алдағы уақытқа жоспарлары көп. Ол жоспарлардың барлығы ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болғандықтан шаруашылықтың тасы өрге озып жатса, жергілікті жұрттың да әлеуметтік жағдайы жақсара түспек.
Серік Әбілхан
Зырян ауданы