Қоғам

Алау эстафетасы басталды

Алау эстафетасы басталды


Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы бастау алды. Алдымен Елбасы Универсиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының капитаны биатлоншы Дәулет Раxымбаевқа еліміздің Туын табыс етті.

Өз кезегінде Д.Раxымбаев Қазақстан құрамасы жарыстарға толығымен дайын екендігін баяндады. Елордадағы эстафета екі кезеңге бөлінген. Алаугерлер үш жарым сағат бойы қаланың орталық көшелерімен жүгіріп өтті. Алғашқы кезең «Назарбаев Университетінен» басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жалғасты. Екіншісі – «Бәйтерек» монументінен қайта бастау алып, оң жағалаудағы қалалық әкімдік алаңында аяқталды. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 12 шақырымды құрады. Алауды барлығы 60 алаугер алып жүрді, олардың арасында танымал спортшылар мен Астананың қоғам қайраткерлері бар.

Алаугерлердің бірі Данияр Елеусінов, ол бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Рио-де-Жанейрода өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Сондай-ақ, боксшы Василий Левит те Эстафета алауын Астана көшелерімен алып жүрді. Спортшылардан бөлек, 28-ші қысқы Универсиада алауын қоғам қайраткерлері, белсенді оқу озаттары және танымал қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова алып жүрді. Д.Сәдуақасова 18 жасқа дейінгі шахматтан әлем жеңімпазы, әйелдер арасында Орталық Азия чемпионы, 12-15 жасқа дейінгі әлемнің вице-чемпионы және Қазақстанның бірнеше дүркін және абсолютті чемпионы. Универсиаданың Алматыда өтетін ашылу салтанатына елорда атынан қазақстандық хоккейші, астаналық «Барыс» клубының қорғаушысы Мадияр Ыбырайбеков қатысады.

Одан кейінгі бес күн ішінде республиканың барлық облыс орталықтары өз Алауларын жағатын болады. Соңында алау Универсиада астанасы – Алматы қаласына жеткізіледі. Барлығы эстафетаға бір мыңға тарта алаугер қатыспақ. Жалпы алау эстафетасы 22 500 шақырымды еңсереді деп жоспарланған.

Қазақпарат

Осы айдарда

Back to top button