Қоғам

Алатаудан алтын жауған күн

Алатаудан алтын жауған күн


Универсиаданың бесінші жарыс күні шығысқазақстандық спортшылардың бенефисімен аяқталды. Төрт алтын мен бір қола медальды жеңіп алған жерлестеріміз құрама қоржынындағы жүлделер санын 15-ке жеткізді.

«Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде Галина Вишневская мен Иван Люфт алтынмен апталып жатқанда, Шымбұлақтың шыңында фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердтің жұлдызы жарқырады. Колмаков та командаластарынан қалысқан жоқ.

Қыздар арасында фристайлдың могул түрінен өткен жарысқа барлығы 16 спортшы қатысты. Олардың төртеуі іріктеу сындарынан сүрініп, финалға шыға алмады. Қалған он екісі шешуші сайыстың көрігін қыздырды. Айта кетейік, могулдан ақтық сында ел намысын қорғаған жалғыз қазақстандық спортшы Юлия Галышева 67,06 ұпаймен іріктеуде ең үздік нәтиже көрсетті. Көрсетпеуге хақысы да жоқ еді. Өйткені финалда өнер көрсеткен универсиадашылардың ішінде біздің қыз әу бастан Халықаралық шаңғы спорты федерациясының рейтингісіндегі 800 ұпайымен басты фаворит саналған. Юлияға тек білгенінен жаңылмай, шеберлігін паш ету міндеті ғана тұрды. Универсиада чемпионы бұл тапсырманы артығымен орындады. Финалда бәсекелестерінің бәрі тәуекелге баруға жүректері дауаламай, жаттығулардың қарапайым түрімен шектеліп жатқанда өскемендік могулшы күрделісін орындап, жанкүйерлермен бірге төрешілерді де таңдай қақтырды. Биіктен түсу жылдамдығы, тұғырдан секіргендегі әуеде айналуы және жерге сәтті «қонуы», төмпешіктерден құламай құлдилауы бәрі де жоғары деңгейде болды. Ең жоғары 73,80 ұпай жинаған ол 62,13 ұпаймен екінші орын алған ресейлік Анастасия Первушинаны «қар қаптырып» кетті. Ал қола жүлдеге қолы жеткен автриялық Катарина Рамзауэрдің еншісінде 52,05 ұпай.

– Канадада өткен Әлем кубогы кезеңдерін аяқтап Алматыға қаңтардың 31-і күні келдім. Уақыт белдеуінің ауысуына үйрене алмай қалдық. Сондықтан аздаған шаршау бар. Дұрыс ұйықтай алмадым. Дегенмен, қазір маусымның бел ортасы болғандықтан бәріміздің күш-қуатымыз тасып тұр. Шымбұлақтың трассасы әлемдік спорт нысандарынан еш кем түспейді. Төмпешіктер, қардың тегістелуі барлығы мінсіз дайындалғаны көрініп тұр. Бірнеше күн тауда тұман тұрып, жарыс күні аспан шайдай ашылуы қуантты. Өз елімде алтын медаль алғаныма шексіз ризамын. Бұл әрине жүлденің соңы емес, бұйыртса жанкүйерлерімді тағы да қуантуға тырысамын, – деп ағынан жарылды Юлия Галышева бізге берген сұхбатында.

Шымбұлақта өтіп жатқан тау шаңғы бәсекелерінде алғашқы алтынды жерлесіміздің жеңіп алғанын айтып ауыз жиғанымыз сол еді ерлер арасындағы могулда екі бірдей жүлде сап ете қалды. Шаңғы фристайлдың могул түрінен халықаралық додаларда олжа салып жүрген өскемендіктерДмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков көзге түсті. Алғашқысы финалдық бәсекеде жинаған 79,94 ұпаймен чемпион атанса, Колмаков 76,95 ұпаймен қоланы қанағат тұтты. Сөйтіп бір күнде екі алтын, бір қоланы еншілеген фристайлшылар құраманың жалпыкомандалық есепте үшінші орында тұрған француздардан ұзап шығуына үлестерін қосты.

– Шәкірттерімнің өнеріне көңілім толды. Жарыс жолы оңай болған жоқ. Тіпті, Әлем кубогының деңгейінде десем артық айтқандық емес. Бәсекелестік жөнінде айтсам, Юлияға аса қиындық туған жоқ. Ал жігіттерге біраз тер төгуге тура келді. Өйткені, Алматыға Әлем және Еуропа кубоктарына қатысқан мықтылар келді. Соған қарамастан жігіттеріміз жарады, мүмкін болған медальды уыстан шығарған жоқ, – деді фристайлдан Қазақстан құрамасының бапкері Елена Круглыхина.

Бұл жеңісімді жанкүйерлеріме арнаймын

Алатаудан алтын жауған күн

…Қуан, қазақ! Шаттан, Алтайдың жанкүйерлері! Екі күн бойы Алматы аспаны түнеріп, бірде қар жауса, бірде тұманданса, бейсенбіде аспан шайдай ашыла қалды. Мұны жақсылыққа жорыдық. Алатау шаңғы-биатлон стадионына жиналған мыңдаған жанкүйерлер көңілді, сырнайлатып, кернейлетіп, аспанмен тілдескен Алатауды көңілді әуенге бөлеп тастады. Бүгін алтыннан үміткер ұл-қыздарымыз жарыс жолына шығатын болғандықтан, спорт кешеніне ерте келдік.

Биатлон-өте күрделі, нысананың бір оғы мүлт кетсе, нәтижені түбегейлі өзгертіп жіберетін, жылдамдық пен тактикалық шеберлікті қажет ететін спорт түрі. Галина Вишневская бұдан екі күн бұрын қолда тұрған алтынды уысынан шығарып алған. Төрт оғы мүлт кетіп, оның үстіне тұман қоюлана қалғандықтан күмісті қанағат тұтқаны белгілі. 7,5 шақырым спринтке 33 саңлақ шықты. Оның алтауы – біздің биатлоншылар. Төртінші болып жарысты бастаған Алина Райкова бастапқыда өз көрсеткішімен алдыңғы орында келе жатқан еді, шаршап қалған ба, бірнеше нысананы мүлт жіберді. Алтын қызымыз қорытындысында 12-ші орынды қанағат тұтты. Үміт күткен Дарья Усанова-7-ші, ал Анна Кондратьева небәрі 21-ші орынға ілікті.

27-ші болып жарыс жолына шыққан семейлік Галинаның қарқыны ерекше, аппақ қарда зулаған кезде еріксіз сүйсінесіз. Өскеменнен келген жанкүйерлер қиқулатып, жанкүйер болуда. Бір рет қана оғы далаға кеткен аруымыз 21 минут 43.1 уақыт көрсетті. Қуанышта шек жоқ, жүгіріп шаңғы, биатлон ойындарына басшылық жасап жүрген Риддердегі дарынды балаларға арналған олимпиадалық резерв қысқы спорт түрлері мектеп-интернат – колледжінің директоры Владимар Кнауб пен Галинаны бала кезінен баптап келе жатқан Рафаэль Мирсалимовтың қасына келдік. Бұл жерде Өскемендегі Олимпиадалық даярлау орталығының директоры, жақында ғана спорт саласындағы ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Мирхаят Сембеков тұр екен.

-Алтын құтты болсын!

-Галинаның бапкері Рафаэль Ильясов қуанышын жасыра алмады.

-Галинаның алар асуы алда. Ол биатлонмен 8 жасынан менің қол астымда жаттыға бастады. Табанды, алға қойған мақсатын орындауға ерекше көңіл бөлетін ол Азия ойындарының, Еуропа кубогы кезеңінде сан рет топ жарды. Германияда өткен Әлем кубогы кезеңінде төртінші орын алған Галя қазір ақпанда Австрияның Хохфильсын қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысады. 19 ақпанда Жапонияның Саппора қаласында Азия ойындары жалауын көтермек. 10-шы ақпанда чемпион қызымыз туған күнін тойламақ. Ол Алматыда енді үш рет жарыс жолына шықпақ. Эстафетада, өзі ұнататын масс-стартта да алтын аламыз бар, – деді бапкері.

-Біз қызығы, көп қысқы спортты өркендетуге ерекше көңіл бөлеміз. Риддер мен Өскеменнің маңындағы спорт базаларын жаңғыртуға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қосымша қаржы бөлгізді. Әкімнің өзі спортты дамытуға назар аударып отырғанда сенім биігінен көріңдер деп саңлақтардың құлағына құйып отырмыз. Шаңғы, биатлон және фристайл шеберлерінің әлі бес-алты алтын сыйлайтынына сенемін,-деді Мирхаят Әбұлхайрұлы.

Бір әредікте бақыттан жүзі бал-бұл жанған Галинаның жанына келдік, жеңісімен құттықтадық. Ол «Дидар» газетінің оқырмандарына алғысын айтты. «Бұл жеңісімді маған тілеулес болған жанкүйерлеріме арнаймын,-деді алтын қыз.

«Алатау» спорт кешенінде тұрғанымызда жанымызға жасы 70-тегі бір қария келіп, амандықтан соң «биатлон, шаңғы, фристайлда неге қазақ қыздары жоқ?» деп ренішін білдірді. Мұның алдында В.Кнауб Риддерде білім мен спортты қатар алып жүрген 8-ші сынып оқушылары Теміржан Батыржан, Ілияс Исламбек, Дидар Хасенов деген талапты балалардың жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанғанынан хабардар еткен. Ал 15 жасар Аяулым Әміренованың фристайл-могульден халықаралық жарыстарда топ жарғанын, жақында ғана Францияда өткен Еуропа кубогында екі рет жүлделі орынға ие болғанын көпшілік біле бермес. Риддердегі спорт мектебінде облыстың бірнеше аудандарынан, тіпті Ақмола, Ақтөбе, басқа да өңірлерден талапты қазақ балаларының жаттығып жатқанын, аманшылық болса біздің де қысқы спорт түрлерінен еншімізді алатынымызы айтқан кезде, қария риза болды.

ИВАН ЕКІНШІ АЛТЫНДЫ СЫЙЛАДЫ

…Шемонайха ауданының тумасы Иван Люфтің талантты, болашағынан үміт күттіретін шаңғышы екенінен хабардармыз. Бірақ 18-ге енді толған түбіт иек бозбаладан алтын тұрмақ, үздік үштікке ілінетінене сенбеген едік. Шаңғының спринт түрі аса қазақты, тартысқа толы екені белгілі. Алдын ала жарыстан кейін үздік нәтиже көрсеткен 30 спортшы ақтық сынға шығады, сосын, 6 жұп бес рет ширек, сосын жартылай финалда бақтарын сынайды. Ал ең соңында алтауы чемпиондық атақ үшін таласады.

Люфт ширек финальда үшінші орынға әрең табан тіреді. Бітті, ол жарысты жалғастыра алмайды деп мұңайып қалдық. Бірақ оның көрсеткіші тәуір болғандықтан келесі кезеңге жолдама алды. Спринттің ақтық сынына Қазақстаннан-Олжас Климин, Өскемен шаңғы спорт мектебінің түлегі, қазір Қарағанды облысы сапындағы Александр Малышев, Иван Люфт шықты. Ал қарсыластарымыз-ресейлік-Владимир Фролов, Егор Березин және Юрий Гаврилов. Алатаудың қойнауын мылтық дауысы бір сілкінтті. Алты саңлақ зымыраған кезде соңынан қар борады. Үш мың жанкүйер тақымын басып, қиқуға басқан. Иван жас болса да тактикалық шеберлігі қалыптасқан әккі шаңғышы екен. Қашықтық-1600 метр. Бастапқыда күшін сақтаған Иван мәреге 300 метр қалғанда суырылып алға шықты. Қарсыластары Иванның тактикасынан хабарсыз болғандықтан көз жазып қалды. Қаншама қуса да жете алмады. Қоржында тағы бір алтын.

Қыздардың 1,2 шақырым спринттік сайысында үшінші орын алған Анна Стоянмен бірге жерлестеріміз Марина Матросова, Анна Шурыга шыққан еді. Алайда олар ақтық сыннан тыс қалды.

Сол күні Солдатсай шаңғы-биатлон кешенінде тағы бір қазақстандық Роман Еремин қола медаль алды. Оның уақыты-27.24,6. Алғашқы екі орынды ресейлік С.Сучилев пен Д.Иванов иеленді. 10 шақырымдық спринттік биатлон жарысында елімізге қола медаль сыйлаған Романның бапкері Сәуле Мухинамен тілдескенімізде, ол Ақмола облысының Балқаш қаласында қысқы спорт түрлерінің дамып келе жатқанын, Романнан үміт күтетінен айтты.

Сонымен Универсиаданың бесінші күнінде Шығыстың шымыр ұл-қызы бізге ерекше қуаныш сыйлады. Сайысқа аттанар алдында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов төрт алтын алсақ, тамаша болар еді деген. Ал біздің саңлақтар бір күнде төрт алтынды жұлып түсті. Айтар жоқ, керемет! Сонымен қазір Қазақстан қоржынында 6 алтын, 2 күміс, 7 қола, барлығы 15 медаль бар. Бір күмісті Г.Вишневскаяның алғанын қаперге алып қойыңыз, құрметті жанкүйер.

Универсиада ойындарының алтыншы күні де жерлестерімізден алтын алқа күтеміз. Шымбұлақта Ю.Галышева, Д.Рейхерд, П.Колмаков, ал Солдатсайда Г.Вишневская бастаған алтын қыздарымыз бақ сынайды. Асқар Алатау, саған разымыз, аспаннан алтын жауа берсін!

МЕРГЕНДЕР ОҒЫ ДАЛАҒА КЕТТІ

Универсиаданың алтыншы күні қазақстандық биатлоншы қыздар үшін сәтсіз болды.

Алтын алқа күткен Галина Вишневскаяға не болғаны түсініксіз, бірінші атуда бес оқты дәл көздесе, екіншісінде бес оғын далаға жіберді. Бұл жерде Галинаның нысананы жатып атудың орнына түрегеліп тұрып көздегені жанкүйерлерді таңғалдырды. Талап бойынша бұлай етуге де болады. Ақыры қазылар алқасы бес оғын тигізе алмағаны үшін алтын күткен қызымызды сайыстан шығарып тастады.

Биатлон-өте күрделі спорт түрі деп айтқан едік. Біздіңше, Галинаны сөгудің жөні болмас. Әлем кубогына қатысып, шаршап қалған, кешегі жеңістен кейін қатты толқыған саңлақ енді екі рет жарыс жолына шығады. Намысты жанып, өкініштің орнын толтырады деген үміттеміз. Украин қызы Надя Белькина, ресейлік Ольга Шестерникова, Лариса Куклина алғашқы үштікті иеленді. Біздің қыздар Д.Усанова, А.Райкова, А.Кистанова, А.Кондратьева 6,7,10 және 18-ші орынды қанағат тұтты.

Бет қатталып жатқанда:

Кеше параллельді могулдан сынға түскен фристайлшыларымыз Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева тағы да екі алтын медальды иеленді. Павел Колмаковтың еншісінде – қола жүлде. Өкінішке қарай, биатлоннан із қуалап жарысуда өнер көрсеткен семейлік Галина Вишневская ату кезінде өрескел қателік жіберуі себепті жарыстан шеттетіліп, қолда тұрған жүлдеден айырылып қалдық. Қолда тұрған дейтін себебім, бұл сайыста Галинаның алдына түсе қоятын ешкім жоқ еді. Универсиада ойындарында. Сонымен, кешегі күнді қорытындыласақ, Қазақстан құрамасы сегіз алтын, екі күміс, сегіз қола медальмен екінші орында тұр.

Оңдасын Елубай,
Есімхан Орынбаев (фото),
Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button