«Алатауда жүрсем де, Алтайымды сағынып отырып жазамын» дейтін
Қазақтың қара сөзінің хас шебері, Алтайдың абызы атанған Қалихан Ысқақтың дүниеден озғанына бір жыл толып отыр. Алла сәтін салса, бірер айдан кейін қаламгердің 80 жылдық мерейтойы облысымызда аталып өтіледі. Қалың оқырманға «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинақтары мен «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жәннаты» романдарын, «Жарық дүние», «Қазақтар» пьесалар жинағын ұсынған қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны қашан да ерекше. Осы орайда жазушы жайында нағашы інісі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Асқар Қабанбаевтың естелігін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Редакция.
Анам жеті жасында атажұртын көрсетіпті
Қаратай елінің Шоңмұрын руынан, оның ішінде Жарылғас, Тоқарыс, Тілеп, Байбөбектің кіші баласы Рақыштың кенжесі Ысқақтан тараған кенже бала Қалихан менің нағашым болады. Ысқақ пен бәйбішесі Күләштан Нұрзағила, Қырмызы, Зағи атты үш қыздан соң, ұзақ күткен сүт кенжесі Қалихан 1935 жылы дүниеге келіпті. Кіндігін кескен жері – аталарының мекені Топқайың ауылының маңындағы Маятекшенің астындағы қыстау. Сол кездегі аласүргін атамыз Ысқақты да шарпып, бар мал – мүлкі тәркіленіп, өз еркімен Совет үкіметіне тапсырып, ит жеккеннен аман қалып, «Алла маған осы ұлды бергеніне ризамын» деп отырады екен. Бірақ ол кісінің ғұмыры қысқа болыпты. Небәрі 40 жыл тірлік кешіпті. Анасы Күләш төрт баламен жесірліктің ащы дәмін татып, туған-туыстың көмегімен балаларына жетімдікті білдіртпей өсірген екен. Менің шешем Нұрзағила Ысқаққызы әкем Айтқұлға тұрмысқа шығады. Айтқұл сол кезде мұғалімдік қызметте екен. 1942 жылы соғысқа аттанып, майданда мерт болады. Сөйтіп, менің анамның да өмірі жесірлікпен өтеді.
Екінші апайы Қырмызы сол кезде тұрмысқа шығып, Семейде тұрған екен, күйеуі комсомолдың бірінші хатшысы болыпты. Бірақ көп ұзамай оны да халық жауы деп итжеккенге айдап, ал Қырмызы тәтемізді халық жауының әйелі деп 10 жылға ГУЛАГ-қа жібереді. Зағи апайы Қабатан деген кісіге тұрмысқа шыққан екен, бірақ жолдасы Отан соғысына кетіп, кері оралған жоқ. Ол да жесірлікті көріп, өмірден ерте қайтқан. Тағдырлары осылай болған апайларын көріп Қалаға қиналғандай болған сияқты. Сол анамның естелігінен бір үзік сыр айтсам деймін.
Анасы Күләш жеті жасар ұлын менің шешем Нұрзағилаға ертіп келіп: «Менің көзімнің тірісінде балама әкесінің ата жұртын көрсетіп келсең» деген аманатын айтады. Сол аманатты орындау үшін жас баланы соқыр қара биеге мінгізіп, Шабанбайға, Төржайлауға бардық. Тау-тасты, орманды аралатып \”Тас күрке\”, \”Ары аққан\”, \”Бері аққан\”, \”Қатынсуға\” дейін екеуіміз ғана жүріп, қайтарда балқарағай соғып, оны үгітіп, қаптап, биеге өңгеріп Каминка ауылына жетіп, өзім қайыққа отырып, баланы биеге отырғызып шылбырын арқанға байлап жетегіме алып отырдым, – дейтін анам. – Балаға «Тақымыңды қысып отыр»,- деп үйретіп, бір Аллаға сиынып келе жаттым, Бұқтырма өзенінің ағысы қатты, өзі терең, ортасына келгенде бие малти жөнелді. Бала аяғын суға тигізбейін деген болу керек, тақымын босатып жіберіпті. Мен баланы өзеннен аман өткізу үшін, оны бие алып шықсын деп жанымды қиып қайыққа отырып келе жатқанда, баладан айырылып қала жаздадым. Үрей билегені соншалық, толқыннан әрең құтылып, арғы жағаға жетіп, баланы биенің үстінен жұлып алып, шапалақпен бір тарттым. «Неге тақымыңды босаттың?»- деген болуым керек. «Сол үрей билеген кездегі шапалақ үшін өзімді кешіре алмаймын»,- деп отырушы еді анам.
Ол шапалақ бала Қалиханның есінде қалды ма екен десеңші. Сол кездегі туысымен бірге аралаған ата жұрты туралы естелігі жазушы Қалиқанның жүрегінде мәңгі қалғанына, туған ел, туған жерге деген махаббатының сол кезден бүршік атқанына кәміл сенемін. Солай шешесінің аманатын адал орындап, жас баланы аман-есен алып келген менің шешемнің жазушы Қалиханның өмірінде ерекше орны бар екені сөзсіз. Шешемнің бала Қалиханның мектеп табалдырығын аттағанының да куәсі болыпты. Өзінің айтуынша, «сапардан жинап әкелген балқарағайды сатып, мектепке киетін киімді өзі тігіп, керек-жарағын түгендеп, сол кезде Топқайың ауылының мектеп директоры қайнысы Әбілжақыптың үйінде тұрып, мектебінен бастауыш білім алып, жоғарғы сыныпты оқу үшін Жұлдыз ауылына кеткенше өз қолымда болды»,- деп отырушы еді. Сол ауылдың мектеп интернатында тұрып орта білім алады. Орта білімін алып, қолына аттестатын ұстап менің шешеме келеді. Ол кезде әжеміз Өрік, ағайымыз Мержақып отбасымен, ағаларымыз Қамзабек, Амантай, Аманжол, апайымыз Майпа мен шешем Нұрзағиламен Алтай ауылында 12 адам бір үйде тұрды. Қалихан келгенде біздің үйдің іші: «Құда келді, мектеп бітіріп келді, енді жоғарғы оқуға түсуге көмектесейік» деп, Мержақып ағамыз жалғыз қоңыр сиырын жетектеп артынан Қалиханға айдатып, заготскотқа өткізіп, түскен ақшаны Қалиханға беріп, шешем ақшаны шалбарының ышқырына тігіп, Алматыға білім алуға аттандырдым»,- деп отыратын.
Көңге аунап, көңілі бір серпіліп еді
Қалағаны алғаш рет бес-алтыдағы кезімде ол кісі жоғарғы оқуын тәмәмдап, елге келгенде көргенім есімде қалыпты. Ол кезде осы Катонқарағай ауылының төменгі жағын Алтай деп атайтын. Сол ауылда Өрік әжем, Мержақып ағам бауырларымен, шешем Нұрзағила – бәріміз бірге бір үйде тұрушы едік. Осындай үлкен жанұя түс мезгілінде дастарқан басында жиналып отырған кезде, Қалағаңның әжеммен әңгімесінен менің шешемді Алматыға алып кеткісі келетінін жанында отырған мен естіп қалып: «Жібермеймін, онда мен қайда қаламын?»,- деп жылағаным бар. Сол кезде жас жігіт – Қалағаңның туысына қамқор болғысы келгенін бала жүрегім қайдан түсінсін. Сол уақиғадан кейін Мержақып ағамыз қарағайдан қиып үй салып, Амантай ағамыз бен үшеумізді бөлек шығарды. Сол жылы Қалағаң үйленіп, Алматыдан Дәмеш тәтемізді үйге ертіп келді. Дәмеш тәтем Алматыдан оқып келген ерке, нәзік қыз еді. Ауылдың суығынан тоңып, биік ағаш төсектегі мамық көрпеге оранып, түспей отырғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Мержақып аға «құда келін әкелді» деп малын сойып, шешем ашытқан сырасын құйып, тойдың ырымын жасаған болатын. Қалағаң апайының басында үйі, бауырында балалары бар екенін көріп, көңілі жай тапса керек, қайтып Алматыға алып кету жайын қозғамады. Содан соң Қалағаң ауылға көп жылдар келмеді. Келесі жолы толықметражды фильм түсіруге келіп, ауылдың аттарының әбзелдерін жинап кино түсіруге пайдаланды. Шешем әкесі Ысқақтан қалған күміспен әшекейленген ағаш ерді өмілдірігімен, құйысқанымен бірге, сол бағалы ескерткішін әкесінің көзіндей көріп сандығына салып, қадірлеп ұстайтын. Сол жолы оларды ағаш астау, келі-келсаппен бірге Қалағаңа тапсырды. Осы заттарды кино түсіргенінде пайдаланып, кейін музейге тапсырдым деген еді.
Кейіннен мектеп бітіріп Алматыға барып, сол үйге түсіп, дайындалып, оқуға түскенше тұрғаным бар. Ол кезде Жамбыл көшесіндегі үш бөлмелі пәтерде тұратын. Үйдің бір бөлмесі ол кісінің жұмыс бөлмесі еді. Әрі қонақ бөлмесі де сол болатын. Мен сол бөлмеде жатамын, Қалағаң түні бойы жұмыс істейтін. Жазған қағаздарының бір бетінде бір сөз, не бір әріп сызылып, қайта жазғанын көрмейсің, әбден терең ойланып алып барып, бірақ қағаз бетіне түсіретін. Бертін компьютерге көшті. «Мынау не деген рахат, қандай жеңілдік, ертерек болғанда талай шаруа жасалар еді»,- деп отыратын. Таңертең біз оянғанда жазуын тоқтатып, бір-екі сағат демалып, қызметке кететін. Ол кезде Жазушылар одағында жауапты хатшы еді. Шығармашылық жұмыспен бірге мемлекеттік қызметті бірдей атқарған ағамыз жұмысына жауапты кісі еді. Бұрынғы Ленин көшесінің бойындағы шығармашылық үйіне барар жолда достарымен бірге бильярд ойнаушы еді. Ойнағанда да нағыз зиялы ақсүйектерше ойнайтын. Шарларды жақсы соғып, дәл көздейтін. Мен сексенінші жылдардың басында жұмыс бабымен бес жылдай Алматыда тұрдым. Сол кезде Қалағаңмен жиі араластым. Ол кезде Қалағаңның елуге жаңа келген кезі. Жаңа үлгімен сақал қойып, шапқылап жүрген шағы. Құлжа тас жолында, Талғар қаласынан төмен саяжайы бар, сонда біраз жұмыс жасап, соңынан достарын өзі күтіп, қонақжайлық көрсететін. Тағамды да керемет дәмді әзірлейтін. Саяжайының бар күтімін өзі жасап, неше түрлі жеміс-жидектерді баптап өсіретін. Осындай естеліктерден Қалағаңның асқан еңбексүйгіштігін көруге болады. Кейін ауылға қайтып, марал совхозының директоры болған кезімде Қалағаң талай әріптестерімен келіп, шешеме амандасып келгендегі туыстардың арасындағы ерекше сыйластықтың куәсі болып, сан түрлі әңгімелерді естіп, құлақ құрышым қанатын. Ол кезде шешемнің де тың кезі, ет жақынына ғана арналған сыр әңгімелер шертіліп, шежіренің қабының аузы сөгілуші еді.
Бір жылы әріптес достары Әкім Тарази, інісі Дидахмет Әшімхан және тағы басқалармен келгенінде Шабанбай жайлауын, «Көк бастау», «Сары ат өлген», «Қапсым», «Алтын зауыт» деген жерлерді араладық. «Ақсу – жер жаннаты» деген шығармасы осы сапардың жемісі болар дедім. Содан кейінгі сапарында Дәмеш тәтеммен келіп, ел-жұрты жақсы қарсы алып, алпысқа толған мерейтойын атап өтті. Ат жарысы, конференция, концерт, мерекелік шаралар өтті. Әкесі Ысқақтың жұртына апарып, көңге аунату рәсімі жасалды. Сол жерден Қалағаңа он бес гектар жер берілді. Осыдан кейін де келесі мерейтойлары үнемі Қаратай елінің арасында, туған жерінде зор құрметпен үлкен той болып өткерілді. Жасында жетімдіктің ащы дәмін татқанымен, Қалағамыз еңбегінің, елінің арқасында мол құрметті де көзінің тірісінде көріп кетті деп ойлаймын.
Қалағаңды елжіреткен қара сандық
1999 жылы Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, сайлау науқанына түстім. Елге келген Қалағаны жаныма ертіп алып, бір ай бойы Катонқарағай, Большенарым, Күршім-Марқакөл, Зайсан, Ақжар-Ақсуат, Көкпекті-Самар аудандарын араладық. Барлығы 520 елді мекенді аралап, кездесулер ұйымдастырдық. Жүріп өткен елдің тарихын, шежіресін таратып, ел азаматтарымен әңгіме-дүкен құрып, талай түндерді ұйқысыз өткергенін, содан жанының рахаттанғанын көріп таңғалдым. Науқан біткен кезде ағамның: «Қаншама адамдармен кездестім, қаншама керемет жерлерді көрдім, еліміз қандай керемет» деп айтқаны бар. Сол кісінің және көптеген басқа да азаматтардың қолдауының арқасында бұл шаруаны абыроймен атқарып, сайлауда жеңіп, Парламент Мәжілісінің депутаты болдым. Депутаттық жұмысымда Қалағаң үлкен аманат артты. Катонқарағай Ұлттық қорығын жасау жөнінде бір топ қоғам қайраткерлерінің хатын жіберді. Сол хатты негіз етіп, жұмыстарыма басшылыққа алып, ол аманатты да абыройлы атқарып орындап шықтым. Бұл мәселенің Қалағаң үшін де ерекше маңызы бар еді. Кез келген азаматтың туған жеріне деген өтелмейтін бір парызы іспетті болатын. Жерінің байлығын келешек ұрпаққа шашау шығармай жеткізу дейтін ізгі арман тұрған еді.
Қалағаң өзінің әңгімесінде туған елінің шежіресін ертеден бастаушы еді. «Түрік қағанаты» кіндігі осы жерден, Алтайдан бастау алған» деп мәнді, дәлелді әңгімесін бастайтын еді. Алтайдың қызыл қарағайы ерекше касиетті, мықтылығы болаттай, кескен кезде ұшқын шығып, тартқан араның жүзін мұқалтқан. Сол байлығымыздың қызығын өзімізден гөрі шет жұрттықтар көбірек көріпті. Сонау патша заманында Бұқтырма өзенімен сал айдатып, Ертіс арқылы Обьқа жеткізіп, Петроградта Петр патша мықты кемелерін жасатқан, қызыл қарағайды тиеп, мұхит арқылы Италияға сатқан екен. Олай болса, Венеция үстінде тұрған, түп қазық болып беріктілігімен дүниені таңғалдырған осы біздің Алтайдың қызыл қарағайы екеніне күмән келтірмейтін. Бертін келе: «Отан соғысы жылдары жуан қарағайды жығып, шөркелеп жарып, терең шұңқырларға үйіп, жағып ағаш көмір жасап, темір балқытқанда соған ағаш көмірін қосады екен. Кейін Отан қорғау деген желеумен қарағайларымыз аяусыз кесіліп, бұрынғы ну орманымыз солай құрып кеткен»,- деп ренішпен айтып отыратын. «Енді сол қызыл қарағай жетілгенше мыңдаған жылдар керек, оны қорғау ұрпаққа аманат», -дейтін тағы да.
Қалаға аса діндар тақуа болмаса да, бір Алланың құдіретіне шексіз сенетін. Сол үшін мұсылманның бес парызының бірін өтеп, 1995 жылы Мекке-Мединеге қажылыққа сапарлап келгені де бар. Сол сапардан маған көк тасы бар күміс жүзік сыйлады. Қалағаңның әңгімесінің әсері болар, Алланың жазуымен 2003 жылы мен де қажылық жасап келдім.
Қалағаң туыс арасында зор құрметке ие болған адам. Жанұясында адал жар, үлгілі әке, қамқор ата болып өмірден озды. Дәмеш тәтем (төмендегі суретте оң жақтан екінші)бар үй шаруасын өз мойнына алып, шығармашылық жұмысына толық жағдай жасады. Қалағаң өте қарапайым, дүние жинамаған адам. Менің байлығым – бала- шағаларым және жазып қалдырған еңбектерім деп отыратын. Бұл жөнінде Дәмеш тәтем қалжыңдап: «Қалихан елдің шығармаларын жөндеп, әуелі кейбіреуін толығымен қайта өзі жазып берген кездері де көп болған»,- деп отыратын. Сөйтіп өзінің жазайын деген жұмысы қалып қалатын кездері де болды дейтін.
Қалаға екеуі тату-тәтті жарты ғасыр өмір сүріп, арасы екі ай салып Қалағаңның соңынан Дәмеш тәтеміз де дүниеден өтті.
«Орнында бар, оңалар» демекші, Қалағаңның артында қызы, ұлдары, немере, шөберелері бар. Абылай, Әлихан атты ұлдары, Самал атты қызы, Самалдан – Жұлдыз, Естай, Айбике, Нұрбике, Абылайдан – Бекарыс, Альмира атты немерелері бар.
Ол кісінің сезімталдығын сипаттайтын бір үзік сырды да айта кетейін. Мен зейнетке шығып, Өскемен қаласына көшіп келген жылдары Қалағаң мен Дәмеш тәтемді ұшақтан қарсы алып, үйіме шақырып қонақ еттім. Сонда үйге кіріп келіп, маған қатысты бір нәрсенің бар екенін сезіп тұрмын деп бөлмелерді аралап, апайының – менің шешемнің қара сандығын көріп, үстіне отыра қалып көңілі босап, естелігін айтқан-ды. Балалық шағымен сырласқандай болып үнсіз егіліп, қандай қиын шақты бастан кешсем де, одан бақытты кез жоқ екен–ау деген-ді. Бұл сандықтың үстінде біздің әулеттің талай баласы жатып еді, соның бірі мен едім деген-ді. Сол сандықтың үстінде отырып ескерткіш болсын деп суретке де түстік.
Қалағаң беделді, төрде орны бар ақсақалдың бірі болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, талай орден, медальдармен марапатталды. Жыл сайын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткізетін дөңгелек үстел басында, оң жағында Қалағам отырып жайлап пікірін айтып отырушы еді. Соңғы он жылдан астам уақытта Топқайың ауылында ағаштан үй салғызып, жаз бойы Дәмеш тәтем екеуі күзге дейін тұратын. Есік алдына шығып, Бүркіт шыңына қарап, темекісін шегіп, терең ойға батушы еді.
Ауылға келгенде ешнәрсе жазбайтын, неге жазбайсыз десем, Алматыға барғанда елді сағынып отырып жазғаным да жетер дейтін. Тағы бір ерекше адам екеніне дәлел, жылда Наурыз мерекесінде туған-туысын, дос- жарандарын үйіне қонақ қылатыны бар-ды. Ол дәстүрге айналып кеткен. Шешесін ертіп Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази, Әлібек, Дидахметтер болатын. Сөйтсем мұның сыры бар екен, ағамыздың туған күні 14 наурыз екен. Бірақ оны білдірмей наурыз мерекесіне қосып жібереді екен. Бұл сырын Қалағаның өзі дүниеден өткенде бірақ білгеніміз бар.
Біз Өскеменнен Алматыдағы Қалағаға телефон шалып тұрушы едік, телефонды бірінші Дәмеш тәтеміз алып, «Қалихан» деп дауыстап, ағамызды шақыратын. Қалаға бірінші өзіміздің, содан кейін балалардың амандығын сұрайтын, сонда өзінің жағдайы қиындап кеткенін, не бірдеме қажет екенін айтпайды. Ауылға келеді ғой деп біз тағатсыздана күтіп жүретінбіз. Сөйтіп келеді деп тосып жүргенде жаман хабар келді.
Маған әлі күнге дейін жұмбақ болып келген жайт – ағамның дені сау, көзі тірісінде «Мен олай-бұлай болып кетсем, Коңқайда жатсам» деген сөзі еді. Сол кезде осы сөзге ешкім де мән бермеді, мағынасын сұрамадық та. Қазақ зиялыларының көпшілігі Алматының атақты «Кеңсай» зиратында жатыр, ағамызға да сол жерден 2 метр жер табылар еді. Бірақ ол кісі өзі туған, кіндік қаны тамған, әке-шешесінің жатқан жеріне жатқысы келді. Бұл ол кісінің қарапайымдылығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі, бізге көрсеткен данышпандығы болса керек. Өзі сияқты қарапайым елдің жанында болсам деп ойлаған болуы керек. Тілегі орындалып, туған жерінің топырағы бұйырды. Сол өзі сүйсіне көз тігетін Бүркіт шыңының үстінде, рухы бұлт болып еліне Аллаһтан шапағат пен амандық жаңбыр тілеп тұр деп ойлаймын.
Осы орайда Өскеменде жаңадан бой көтерген драма театрына Қалихан Ысқақтың есімін берсе де, артық болмас еді-ау!
Асқар қажы Қабанбаев
Өскемен.