Қоғам

Аласұрған Алакөл жағалауды жұтып жатыр

Аласұрған Алакөл жағалауды жұтып жатыр


Алакөл арнасына сыймай аласұрып, жағалауды жұтып жатыр. Еріген қар суы мен толассыз жаңбырдың салдарынан Алакөлдің жанындағы Жалаңашкөл арнасына сыймай жайылуда.

Алқынған демі іргеден естіле бастады

Әншейінде ақ көбік болып аласұрып жататын Алакөл желсіз күндері байыз тауып, момақан мінез танытып, тынши қалады. Мөлдіреген тұнық астында жүзген балықтары анық көрінетін. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, дәл осындай көл Канадада ғана бар көрінеді. Алакөлдің жағалауларында жыл сайын жүздеген мың адам демалып, жандарына сая табады. Әйтеуір, «Қызыл кітапқа» енген реликт шағаласы, қызыл бірқазаны, қара ләйлегі, сыңсыма аққулары мен балықтың он төрт түрі мекен ететін, Кеңес Одағы кезінде ғарышкерлердің демалатын орны болған Алакөлдің тағдыры қазір жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. Бұрын көлдің ұзындығы – 125 шақырым, ені – 50 шақырым, тереңдігі 40-45 метрдей болатын. Енді соған күмәнмен қарайтын жағдай туды. Көл суы жылдан-жылға көбейіп, ернеуінен аса лықсып, жағалауды жұтып келе жатыр. Бес жылдың ішінде көл Үржар ауданына қарасты Жарбұлақ ауылына қарай 300 метр жылжыған. Құлаған жарқабақ ауыл тұрғындарының қасіретіне айналды.

Енді шамалы уақыттан кейін тағы бірнеше демалыс үйінің су астына кетуі ғажап емес. Ал көл мұндай коттедждердің осы уақытқа дейін нешеуін жұтты десеңізші…

Аласұрған Алакөл жағалауды жұтып жатыр

Жергілікті тұрғындар мен демалысқа келген жұрт алаң көңілдерін жасыра алмай, «мәселенің түйінін кім шешеді?» деген сауалды көлденең қояды.

-Алакөлдің арнасына сыймай, суының молайып келе жатқаны анық көрініп тұр. Осы маңайдағы шағын төбешіктер, аралдар түгел су астында қалды. Демалысқа келген жұрт ұзындығы үш шақырымдай жағажайда дем алады. Көл дәл осылай қарай жылжып келеді. Табиғат-ананың қарсылығы ма, кім білсін, – дейді үржарлық Ұ. Бейсенов деген азамат.

Санкт-Петербургтен келген Сергей Яковлев: «Мен Аягөз ауданында туып, өстім. Белімде құяң бар. Осыдан сегіз жыл бұрын Алакөлде болып қайтқан едім. Ғаламат! Мұндай көлі бар ел бақытты. Менің жанымда демікпе, жүрек-қан тамырларының ақауы бар жандар да болды. Көл барлық сырқатқа ем. Бірақ мынандай қорғансыздық жағдайын көргенде, жүрегім ауырды» десе, үшаралдық Т.Әсенов: «Буын-буыным қақсап ауыратын еді, соны пышақпен сылып алғандай жоқ қылды. Бұл Алланың бізге берген сыйы. Демалыс орындарына төнген қауіптің бетін қайтаратын бір жауапты орындар болуы керек қой», – дейді.

– Мен Сарыағаштан 120 шақырым жерде тұрамын. Буындарым сырқырап қақсайды. Осыдан төрт жыл бұрын Алакөлдің батпағын жағып, сауығып едім. Бұл – қасиетті жер. Бір өкініштісі елдің мазасыз халіне жаным ашып отыр,- дейді шымкенттік Жарқын деген жігіт.

Көнекөздердің айтуына қарағанда, қанқасап шайқастан соң Қабанбай батырдың қолы Алакөлге келіп тыныстайды екен. Өйткені көл суы жараны жазуға таптырмас шипа болған. Ал археологтар Ұлы Жібек жолы осы маңайдан өткенін айтады. Ұзақ жолдан шаршап, қажыған керуеншілер Алакөлдің тұзды суына түсіп ес жиып, денсаулықтарын түзеген. Денелеріндегі түрлі тері, құяң аурулары жазылып кететінін байқаған. Қазіргі медицина ілімі де Алакөл суының қасиетін қуаттайды. Кеңес одағы кезінде ғарышкерлер сияқты Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар да Алакөлдің шипасын көрді. Баяғыда қуаңшылық жылдары жарбұлақтықтар бүгінде Алакөлдің астында қалған Арал төбе, Бала төбе аралдарында мал қыстататын. Осы өңірде \”Құбыланың желі\”, \”Ебінің желі\” деп аталатын жел соғады. Бір қызығы, жел ебіден ессе, жарқабақ 20-25 метрге дейін, ал құбыладан соқса 70-80 метрге дейін құлайды. Осыған биыл Жалаңашкөлдің суы қосылып енді Жарбұлақ ауылы да жүктерін тиеп, үдере көшуге дайын отыр. Алакөлдің алқынған демі тап іргеден естіле бастады…

Апатты үнсіз күтіп, мойынсұнғаны қашан…

Жалпы, көлге он бес өзен құяды. Оның негізгілері -Үржар, Қатынсу, Еміл, Шағантоғай, Ырғайты, Жаманты, Жаманөткел және Тасты өзендері. Бұл Алакөлдің табиғи көлемін сақтап қана қоймай, көктем айларында тіпті молайтып жібереді. Сасықкөл, Ұялы, Жалаңашкөл және басқа да ондаған ұсақ көлшіктің басын қосатын Алакөл жүйесінің аумағы 2696 шаршы шақырымды құрайды. Қатты толқынның әсерінен көл жағалауында сансыз мол түбектер пайда болып, ұсақ аралдар көбейді. Осылайша жергілікті тұрғындар мен көл жағалауындағы көптеген демалыс үйлері табиғат апатын үнсіз күтіп, еріксіз мойынсұнуда…

Аласұрған Алакөл жағалауды жұтып жатыр

Көл суының адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Мамандардың пікірінше, бір литр көл суында 1,2-11,6 грамм аралығында минералды заттар бар көрінеді. Судың құрамында натрий хлориді мен сульфаты натрий хлориді, бром және фтор кездеседі. Сондықтан да мұны табыс көзіне айналдырған демалыс үйлерінің есігі әрқашан ашық. Мәселен, былтыр мұнда 150 мыңдай адам демалды. Алакөлдің инфраструктурасын жақсартып, әлемдік дәрежеге жеткізу үшін былтырдан бері мол қаражат бөлінуде. Биыл да демалыс үйлері 170-200 мың адам қабылдаймыз деп болжам жасап отыр. Рас, бұған ел эканомикасының өсуі, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсаруы өз әсерін тигізуде.

Бірақ жағалауын мүжіп, жеп келе жатқан көл проблемасы үнемі алдан шыға берсе, жағдайдың ушығып кетуі ғажап емес. Сол себепті ауқымы кең мәселеге республикалық деңгейде назар аударылуы керек.

Расында, Алакөлдің жағасын бекіту қыруар қаржы талап етеді. Мұны аудан мен облыс бюджеті көтермейді. Сондықтан ел Үкіметінің Алакөлде туристік бағыттар ашылып, кең көлемді шаралар жасауы қажет-ақ. Сонда сөз болып отырған тауқыметке де нүкте қойылар еді.

Алакөлдің ерекше құбылысы мамандарды таңғалдырып отыр. Апаттың алдын алу мақсатында жағалауға тас төгілген еді. Алайда көл оны жұмырына жұқ қылмай жұтып алды. Бір кездері облыстағы \”Алтайзолото\” кәсіпорны күшімен салынған тас жолды да су шаюда. Кертіліп құлап түсіп жатқан асфальт жол табиғаттың құдіретті арынын басу оңай болмайтынын көрсетеді.

Шығыс Қазақстанның Мұзтау, Марқакөл, Зайсан сияқты інжу-маржандарының қатарында тұрған Алакөл XII-XIX ғасыр аралығында Түрген Нор, Алатеңіз, Алақта деп те аталған екен. Түрген Нор мәселен, моңғол тілінде \”көпір көл\” дегенді білдіреді. Тұңғиығы мен жағалауында 58 түрлі өсімдік, 80 түрлі жәндік пен хайуанаты бар Алакөлдің 20 мың гектардай жері қорық. 1998 жылы Алакөл мемлекеттік қорығы құрылған. Бұл үлкен игілікті іс. Бірақ көлдің Үржар ауданына қарасты курортты аумағы жаз болса жабайы туристерге толып кетеді. Бұл да экологияға зиянын тигізбей қоймайтын жағдай. Ал \”Барлық Арасан\” мен өзге демалыс үйлерінің, Жарбұлақ ауылының күйі мынадай.

Алакөлдің іргесінде ұзақ жыл тұрған, әйгілі «Кіндігімнің жас қаны, тамған жерім ауылым», деп басталатыны «Ауылым» әнінің сөзін жазған Жабайыл Бейсен Алакөлді жырлап келе жатқан ақын (Ол кісінің жасы 80-нен асқан. Қазір аудан орталығы Үржарда өмір сүріп жатыр). Сол кісінің бір өлеңінде мынадай жолдар бар:

…Аман еді күн жаңа өзге сұқтан,
Сүйел болды-ау мына бұлт көзге шыққан.
Жыртығынан құйылып түскен сәуле,
Алтын сырық секілді көлге шыққан.

Келе жатқан жылқыдай жиып-айдап,
Көлдің беті көп толқын – киік-ойнақ.
Шағалалар қылыштай қанатымен,
Жарқылдайды ауаны қиып, ойнап.

Иә, ақын айтқандай қазір көлдің беті көп толқын киік- ойнақ болып, маңайын жайпап, жағалауын жұтып жатыр. Бұл әсіресе биыл Жалаңашкөл арнасына сыймай толқығалы, тіпті ушығып кетті.

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button