Алғашқы металлург Алтайдан шыққан

«Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады».
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.
Мыңдаған ғалымның санасын сарсылтып, аты тарих және жаратылыстану саласындағы ғылыми еңбектер мен көркем әдебиеттерде сан рет қайталанған Атлантида әлемі адамзат баласы әлі күнге дейін ақтық сөзін айта алмай келе жатқан ұлы құпиялардың бірі әрі бірегейі болып отыр. Ол жөнінде жүздеген кітап жазылып, мыңдаған зерттеу еңбегі жарық көрді. Тіпті оның бар-жоғына күмән келтіріп, әлемдік деңгейде үлкен дау-дамай тудырып жүрген ойы орнықты, сөзі салиқалы ғалымдар да бар. Солардың әуелгі басында ежелгі грек философы Платонның «Тимей» және «Критий» атты Диалогтары тұр. Оның айтуына қарағанда, Атлантида, шамамен, біздің жыл санауымызға дейінгі оныншы ғасырда табиғатта болған аралдар шоғыры немесе аралдың өзі екен және жоғары өркениет содан бастау алған көрінеді.
Платон қайтыс болғаннан кейін, оның аталған еңбектері төңірегіндегі бұрынғы дау одан бетер өрши түсті. Солардың ішінде чех геологы, профессор Зденек Кукал да бар. Автор өзінің “Великие загадки Земли” атты көлемді кітабында Платонның кейбір болжамдарына, оның ішінде алғашқы металдар бұдан 11 500 жыл бұрын Атлантис (Атлантика) аралында және грек елінде пайда болған деген пікіріне қарсы өз болжамдарын білдірген.
Біз көзі қарақты оқырман назарына осы кітаптың металдардың пайда болуына қатысты бөлімінен үзінді аудармасын және скиф-сақтардың ежелгі металлургиясы тұрғысындағы өз пайымымызды ұсынуды жөн көрдік.
Платонның диалогтары және тарихи ғылым
Грек тарихы саласындағы білетіндерімізді алға тартып мақтанып, оны Платон дәуіріндегі білімге қарсы қоюдан аулақпыз. Бірақ кейінірек біз оны қолдап, оның еңбектерінен тарихи мәнбілерге сәйкес келетін шындықты шұқшия отыра іздеген екенбіз, демек, енді әділдік үшін оның шындыққа жанаспайтын жақтарын да айтуға тиіспіз.
Жарайды, Платонның айтқандарының барлығы дәлелді, яғни Атлантида, расында да, бұдан 11 500 жыл бұрын болған делік. Бірақ сол аралдағы өркениеттің дамуы туралы жазғандары сол уақыттың әлеуметтік және табиғи жағдайларымен сәйкес келе ме? Мұндай сұраққа жауап біреу-ақ болуы мүмкін. Бұл жерде қайшы жауап пен сәйкессіздік анық бетке ұрып тұрғандықтан, ол үшін ұшан-теңіз дәлел-дәйектің де қажеті шамалы…
Платонға сенсек, атланттар металдардың барлығына жуығын, оның ішінде алтын, күміс, мыс, қалайы, сондай-ақ темірді де біліпті. Бірақ диалогтарда темір жөнінде бір-ақ рет, бір-ақ жерде айтылады. Атап айтқанда, “Критийде“ былай делінген: “…Посейдон ғибадатханасы жанындағы шоқ орманның ішінде бұқалар андыздап жүрді. Міне, он патша елден бөлек қалып, өз құрбаны өздеріне бұйырсын деп құдайға бір сиынып алды да, бұқа аулауға кірісіп кетті. Бірақ олардың қолында темір болған жоқ, олар тек қана таяқ және арқанмен қаруланған еді. Ал ұсталған бұқаны қабір басындағы ескерткіш басына апарып, қаны соның жазуларына ағатындай етіп бауыздады”.
Сонымен мәтінде тайға басқан таңбадай түсінікті етіп жазылған – демек, атланттар темірді білген, оны өңдей де білген, өйткені сонымен қаруланғанға ұқсайды. Егер солай болса, олар темір дәуірінде өмір сүргендіктен, олардың тұрмыстық құралдары да темірден болуға тиіс еді ғой. Соған сәйкес ежелгі афиналықтар да сондай қару-жарақпен қарулануға тиіс болатын, себебі қоламен қаруланған әскерлер темірмен қаруланғандарға қарсы тұра алмас еді. Сонда темір дәуірі расында да бұдан 11 500 жыл бұрын басталған ба? Әрине, бұл дәуірдің Атлантидада қашан басталғанын біз дөп басып айта алмаймыз, бірақ темірден жасалған қарудың грек елінде тек біздің дәуірімізге дейінгі ХІ ғасырда ғана пайда болғаны бізге нақты белгілі. Десек те олардың қайдан және қалай пайда болғанын айту қиын. Кейбір ғалымдар (В.Замаровский, 1972) темір бұйымдарды солтүстіктен дорийлықтардың әкелгендігін дәлелдемек болады. Басқа зерттеушілердің (Дж. Бюри, Р.Мейгс, 1975) пікіріне қарағанда, темір грек елі аумағына Шығыстан келген. Қалай болған жағдайда да, темір онда “Тимей” және “Критий” диалогтарында айтылғандай 11 500 жыл бұрын емес, бар-жоғы үш-ақ мың жыл бұрын пайда болған. Осылайша, Платонның жазғандары ғылыми деректерге өте-мөте қайшы келеді, ал оны дәлелдеу тым қиын. Бірқатар авторлар оны дәлелдеуге тырысты. Мәселен, Н. Ф. Жиров (1964) мәтіннің бұл жері “бұқаларды темірсіз қуды” деп аударылуға тиіс болатын дейді. Оның пікірінше, мұнда темір қару туралы айтылмаған. Ол сондай-ақ «атланттықтар, шынына келгенде, темірден жасалған қаруды білмеген, соған орай Атлантидада темір дәуірі деген болмаған. Жоғарыда айтылған темір табынатын діни зат немесе метеорит темірдің жарқыншағы болуы мүмкін» дегенге саятын пікір білдіреді.
Осының бәрі, әрине, қызықты. Бірақ айтылған дәлелдер, біздің білуімізше, ойдан ала салынған және тым қарабайырлау. Тіпті ақырсоңында, егер расында “бұқаларды темірсіз қуған” болса, мұндай жағдайда да ол өз мәнін жоғалтып алады. Өйткені егер оларды “темірмен қуды” десе, шындыққа сол жанасымды болған болар еді. Себебі мұндай жағдайда темірдің кесегі адамдар табынатын діни зат ретінде қарастырылған болар еді.
Платонның диалогтарында металл өндіру және оларды Атлантиданың бас қаласының құрылыстарын безендіруге пайдаланғандығы жөнінде бірнеше мәрте айтылады. Осыған байланысты ежелгі металлургияның даму тарихына қысқаша шолу жасап көрелік. Қазіргі уақытта оның негізгі кезеңдері белгілі. Таза металдар мен қорытпалар құрамындағы әртүрлі элементтерді анықтау арқылы біз олардың қай уақытта өндірілгенін айқындай аламыз. А.Баттс (1954, 1966) және басқа да авторлар көне әдебиеттегі қорытпалар атауларында бірліктің болмағандығына назар аудартады. Ондай бірлік латын және грек тілдерінде де болмаған. Соның салдарынан грек тілінен латын, одан кейін басқа да қазіргі заман тілдеріне аударған кезде үлкен былықпа пайда болды. Мәселен, Тауратта айтылатын латунь мен ежелгі гректердің, яғни атланттардың латуні қола болуға тиіс еді. Ал А.Баттстың пікіріне қарағанда, нағыз латунь, яғни, мыс пен мырыштың қорытпасын мыс кесектерін мырыштың кез келген кенімен араластырып, ағаш көмірімен күйдіру арқылы тек Ежелгі Римде ғана өндіре бастаған.
Алғашқы кездері тек таза металдардың ғана пайдаланылғандығы бесенеден белгілі. Тек үшінші мыңжылдықтың басында ғана кейбір тастар, мысалы, жасыл малахит пен көгілдір лазуриттің күйдірген кезде таза мыс беретіндігі белгілі болды. Біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың ортасында мысты сульфитті кендерден, оның ішінде алғашында жел қаққан халькоприттен ала бастады. Келе-келе адамдар мысты жел қақпаған халькоприттен де алуға болатындығын түсінді. Бірақ алынған мыс онша таза болмады. Көне заманның өзінде қола туралы ешқандай түсінік болмаса да, оны қателесіп “қола” деп атаған. Бұл оның ашылуының тек алғашқы баспалдағы ғана болатын. Сөйтсе де таза мысқа қарағанда қаттырақ болғандықтан, оның өзіндік артықшылықтары да болды. Ал оның қатты болуының себебі «құрамындағы қоспаларға байланысты» деген ой біреудің басына кездейсоқ оралуы да мүмкін ғой. Яғни сол сәттен бастап мыс құрамына қоспаларды арнайы қосып отырған. Мыс дәуірінен қола дәуіріне өту кезеңі де сол уақытқа, яғни, біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың соңына дөп келеді. Құрамында бірнеше пайыз күшәні (мышьягы), висмуты, темірі және қалайысы бар мыс қорытпалары сол дәуірде пайда болды. Мұндай қорытпалар таза мыстан қаттырақ болғанымен, едәуір морт келеді. Одан кейінгі қадам қалайыны пайдаланудың пайдасын білу болды. Әуелде оны мыстың құрамына 5% мөлшерінде қосты, бірақ келе-келе 10-12%-ға тең келетіндей қолайлы көлем белгілеп алды. Себебі тек осы көлем жағдайында ғана нағыз қола алынды.
Платонның пікірінше, атланттар сондай-ақ қалайыны да пайдаланған. Алайда оны таза күйінде пайдалану төңірегіндегі пікірлер де өте күңгірт. Ол ертеректе белгілі болғанымен, көне дәуірде негізінен қола өндіру кезінде мыс құрамына қосылатын қоспа ролін атқарған.
Металдарға байланысты осы уақытқа дейін түйіні шешілмей келе жатқан тағы бір мәселе бар. “Критий” диалогынан алынған мына дәйексөзді оқып көріңізші: “…өмірде тұтынуға қажеттілердің, ең әуелі қатты және қорытылатын металдардың басым бөлігін, оның ішінде қазір аттары ғана белгілілерін, ал бұрын іс барысында қолданылған, аралдың әр тұсындағы жер қойнауынан шығарылған кесек орихалкты аралдың бір өзі беріп тұрды.” Бірнеше беттен кейін былай делінеді: “… төбесі алтын, күміс және орихалкпен алабажақ шимайланған піл сүйегінен жасалған, ал қабырғалар, бағаналар және едендер тегіс орихалкпен қаланған”. Демек, Платон заманында белгілі болған металдың аты – орихалк. Бұл сөздің жеке тұрғанда ешқандай мағынасы жоқ, ал аударылғанда “таудан алынған металл” дегенді білдіреді. Платон өз заманында орихалктың тек “аты ғана белгілі” болғанын дәлелдесе де, біз белгілі себептермен өткен заманда бүгінгі біз үшін белгісіз бір металдың болғанына күмәнданамыз. Сондай-ақ орихалктың табиғатта өте сирек кездесетін аурихальцит екені де тым күмәнді. Орихалктың құрамы жөніндегі пікірлер әдебиетте жетерлік. Олардың бірі көңілге қонымды болса, екіншілері қиялдан туған. Егер көне металлургияның даму деңгейін ой сарабына салар болсақ, біздің пайымдауымызша, Платонның орихалкы – мыс пен басқа бір металдың қорытпасынан басқа ештеңе де емес.
Назардан тыс қалып келе жатқан тағы бір жайт бар: одан да ертерек дәуірде римдіктер (оның ішінде Плинийдің Үлкені) қоланың негізгі құрамын (яғни мырыштың) orjcһalcum немесе aurjһаlcum деп атаған. Бұл атауды римдіктер гректерден алуы мүмкін. Мұндай жағдайда Платон мыс пен мырыштың қорытпасын орихалк деп күлкі үшін атаған-ау деген ой келеді…
* * *
Автордан:
Әрине, темірдің тегін металл емес екенін тіпті ежелгі Мысыр перғауындары да білген. Ал чех геологы, профессор Зденек Кукал болса әлемге әйгілі Платонның жазғандарына осындай уәж айтады. Қарсы пікір білдіреді. Біз оның дұрыс-бұрыстығын таразы басына тартып, төрелік етуден аулақпыз. Бірақ осы даулы пікір, оның ішінде Дж. Бюри, Р.Мейгс сынды зерттеушілердің «темір грек елі аумағына Шығыстан келген» деген пайымы көңілімізге қонып, елең еткізген. Мынандай ой салған: “Ал өзіміздің ежелгі ата-бабаларымыз металл атаулыны қай уақыттан игере бастаған? Мүмкін, алғашқы металлург ғұннан, я болмаса сақ-скифтен шыққан шығар?..” («Олар киім киісі мен тұрмыс салты жағынан скифтерге ұқсас», – дейді Геродот).
Иә, сақтардың ежелгі темір ғасыры (біздің жыл санауымызға дейінгі 1 мың ж.) тайпалары екені тарихтан белгілі. Олар жайындағы әуелгі деректер Парсының сына жазулары мен грек-рим ғалымдары еңбектерінде де баршылық. Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының ортасы бүкіл түркі тектес халықтар тарихындағы ерекше кезең ретінде тарихта қалды. Өйткені олардың тайпалық құрылымы мен ұлттық (этникалық) құрамындағы үлкен өзгеріс те сол кезеңнен басталады. Этникалық басымдық енді түркі тайпаларына өтіп, олардың орталығы Алтай болды. Сәл беріден түсіп айтар болсақ, шамамен, біздің жыл санауымызға дейінгі V ғасырда сол түп атадан тараған Алтай түркілерінің жаңа дәуірі басталды. Оның металлургиямен байланысты өмір салтын, «темірлі» өткенін ресейлік профессор Сергей Иванович Руденкодан жітірек зерттеген, жеткізе дәлелдеген ғалым жоқ шығар, сірә. Осы ғалымның жазуына қарағанда, Алтай түркілері кенді бұрынғысынша күйдіріп қана емес, металлургиялық ошақтарда балқытып, одан шойын мен болат алуды игерген (Айтпақшы, «шойын» да, «болат» та – түркі сөздері). Ол кезде темір алтыннан да жоғары бағаланған. Осы бір бағалы металды қарапайым отошақтарда балқытуды енді-енді игере бастағанда (біздің жыл санауымыздан бес ғасыр бұрын), Алтайда темір мерекесі өтіп тұрған. Мерекені Ұлы ханның өзі келіп ашқан. Ол ұстаның темір соғатын төсіне таяп келіп, қып-қызыл боп балқып тұрған темірді балғамен еселей ұрған. Әрбір соққы халық жүрегіндегі мақтаныш сезімін буырқандырып, намысына от берген, жігерін ұштаған. Ат үстіндегі асқан шеберлік ойындары мен ән-би мерекесі содан кейін ғана басталған…
Жаңа дәуірге дейінгі ІІ мыңжылдықтың соңында І мыңжылдықтың басында Алтайда мыс пен қалайы өндіру қарқын алғандығы тарихтан белгілі. Кейінірек ол кәсіпті темір өндірісі ығыстырды. Археологтар Алтайдан табылған шойыннан жасалған түрен тісінің бұдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын қолдан соғылғандығын дәлелдеді. Демек, түркілер көптеген тарихшы ғалымдар жазып жүргендей, үнемі үдере көше бермегенге ұқсайды… Бұл түрен – алтайлық түркілердің жер игеруде де өзге халықтардың алдында болғандығының және кейбір тарихшылардың «ежелгі түркілердің тұрмыс салты көшпенділік болған» деген біржақты һәм үстірт болжамының шындыққа сәйкеспейтіндігінің айғағы болды!
Рас, олар ғұмыр кешкен жаугершілік заманның өзі ежелгі түркілерді металды игеруге итермеледі. Осыны түсінген зерделі халық қола мен қалайыны және темірді де қорытып, кәдесіне жарата алыпты! Әсіресе темірдің мықтылығын, қайраса тым өткір болатынын және найза мен садақ ұшында оңайшылықпен майырылмайтынын білген сақтар енді оның кенін тауып, тот басып, қопсыған қоқыстан ажыратып алып, тіпті керек десеңіз, балқыта да білген!
Темір басқа металдарға қарағанда оңайшылықпен балқи қоймайды. Ол үшін кемінде 1500 градустан артық температура керек. «Ежелгі халықтың жер ошағында ондай температура қайдан болсын?» дейсіз бе? Ертедегі “металлург” сақтар оның да тәсілін тапқан. Әуелі тастан қалап, пеш жасаған. Содан соң оның ішіне ағаш көмірі мен темір кенін қабаттастыра толтырған. Пешті саңылау қалдырмай батпақпен сылап, көмірді астыңғы жағынан бастап тұтандырып, көріктің көмегімен (кәдімгі ұстаның көрігімен) пеш ішіне ыстық ауа үрлеген. Пеш ішіндегі температура шамамен 1200 градусқа дейін көтерілген. Темір толық балқып кетпегенімен, құрамындағы қақ-соғынан және оттегінен тазарып шыққан. Пеш суығаннан кейін, оны бұзып, ішінен кеуекті темір өнімін алған да, қажетінше кәдесіне жарата берген! Ондай темір бұйымдардың сапасы төмендеу болғанымен, ол бүкіл темір дәуірі бойы, дәлірек айтқанда, біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырға дейін адамдардың қажеттілігін өтеп келді. Олар уақыт өте келе металдан балта, пышақ, қанжар, әшекей заттар жасауды меңгерген. Басқасын былай қойғанда, өз өңіріміздегі Шілікті мен Берел қорымдарынан табылған алтыннан құйылған зергерлік бұйымдар мен ат әбзелдеріне тағылған әшекейлердің өзі неге тұрады! Түп атамыз осы бағалы металды қорыту технологиясын қалай меңгерген десеңізші!

Ең бастысы, ол тұстағы бірде-бір халықта дәл түркілердегідей темір байлығы болмаған! Алтайлықтар өздерінің шоқошақтарын жат көзден жасыра да білген. Аса бағалы саналған темір металы содан бастап түркі мәдениетіне дендей енді, сол халықтың даңқын асырған айрықша артықшылығы болып қалды. Тарихтан белгілі, Ұлы көш кезінде де Еуропаға солармен бірге ауды. Сол көштің жолында, нақтырақ айтқанда, Ресейдің Белгород облысында шамамен V-VІ ғасырларда қыпшақ ұсталары тұрғызған, жүздеген ошақтан тұратын кішігірім «завод» табылды.
Белгілі тарихшы-географ әрі жазушы Мурад Аджи өзінің «Полынь Половецкого поля» атты кітабында былай депті: «Венгрияда археологтар «алтай» суретінің нәзік өрнегімен безендірілген металл тілімше тауып алды. Тілімше екі қабат екен: үстіңгі қабаты (күміс немесе алтын) астыңғы қабатқа (мыс немесе қола) жапсырылған…». Демек, Ұлы Даланы мекен еткен халық Еуропаға келгеннен кейін де өзінің ежелгі дәстүрін жоғалтпаған, мәдениетін жоймаған! Сол дәстүрі мен мәдениетін өздерімен бірге Дешті-Қыпшақ даласына да (мемлекетіне) ала келіп, дүниенің жартысына таратқан!
Ал кез келген әфсананың ақиқаттан іргесін тым алыс сала қоймайтынын ескерсек, сақ патшасы – Тұмар ханымның әмірімен халықтың санын түгендеу үшін жиналған садақ ұштықтарын балқытып, алып қазан құйдыртуының және сол кездегі (б.з.д. VІ-V ғасыр) ата-бабаларымыздың ұлыстың Ұлы күні сол қазаннан дәм татуының негізінде бір шындықтың жатпасына кім кепіл?..
Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азияның ұшы-қиырсыз кеңістігінде ертедегі темір металлургиясын алғаш игерген халық – скиф-сақтар – алтайлық түркілер болды!
Шетсіз де шексіз Еуразия құрлығындағы алғашқы металлург өзіміздің алтын бесік Алтайдан шыққан! Бұл – Ресей мен Еуропаның және өз еліміздің әлемге әйгілі ғалымдары бәленбай мәрте дәлелдеген және ғылыми тұжырымдалған бұлтартпас шындық!
Жұмағазы ИГІСІН,
журналист
Өскемен.