Қоғам

Алғашқы имплант үлгілері таныстырылды

Алғашқы имплант үлгілері таныстырылды


Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары мен «ҮМЗ» қолға алған жоба аясында адам сүйегін алмастыратын импланттардың алғашқы үлгісі алынды. Университеттің бақылау кеңесінің мәжілісіне қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов инновациялық өніммен танысып, жаңадан алыған қондырғыларды тексерді.

Бір жыл бұрын аталмыш университет базасында өңірдегі ірі кәсіпорындардың технологиялық бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған жеті жоба қолға алынған болатын. Бұл жобалар 2019 жылдың аяғына дейін жүзеге асады. Оларды Білім және ғылым министрлігі грант негізінде қаржыландырып отыр. Алғашқы траншпен бөлінген 900 млн теңгеге қажет қондырғылар алынып, зертхана қалыптасты, университет мамандары шетелде тағылымдамадан өтті.

– «Қазцинк» және «ТМК» зауыттары өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасын біздің ғалымдармен бірге қолға алған болатын. Жуықта «Қазцинк» кәсіпорны қалдықтардан алғашқы мырыш өнімін алды. Ал бүгін облыс әкімі Даниал Ахметовке прототиптеу және материлдарды өңдеу орталығының жұмысын таныстырдық. Мұнда соңғы үлгідегі 3D сканер мен 3D принтер, герман-жапон бірлескен кәсіпорны жасаған автоматты фрезерлік және жонғыш станоктар бар. Әсіресе, 3D принтердің мүмкіндігі жоғары. Бүгінде кең тараған принтерлер көбінесе пластик сияқты қарапайым материалмен жұмыс істейді. Ал біздегі принтер металл ұнтақтарынан дайын бұйым құйып шығарады, – дейді университет өкілі Дастан Оқасов.

Аймақ басшысына титан, тантал және ниобий металдарынан алынған импланттар мен магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымның алғашқы үлгілері таныстырылды.

– Технология дайын, сызбасы бекітілді. Алғашқы үлгісі де көңілден шығып отыр. Енді осы дүниенің бәрін құжатта бекітіп, сертификаттау қажет, – дейді университет ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Ғалымдар тантал мен титанды мұнай өндірісіне де пайдалануға болатынын айтып отыр. Бұл жобаны Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты қолға алмақшы.

– Мұнай құбырының ысырмалары ең жиі ауыстырылатын бөлшектердің біріне жатады. Жоғары температура мен қысымға ең берік металдардың өзі желінеді. Бұл мәселені шешу үшін ысырмаларды сыртынан титанмен қаптасақ деген ой келді. Әлем бойынша мұндай технология жоқ. Ал бізде титан мен танталдың қоры мол екенін ескерсек, оны істеуге мүмкіндік бар. Іс алға басып, қажетті сертификаттарды кедергісіз алып жатсақ, мұнай өндірісінде кішігірім серпіліс жасаған болар едік, – деді зауыттың техникалық директоры Рустам Ахмадиев.

Аймақ басшысы қымбат бағаға алынған қондырғылардың мүмкіндігін барынша пайдалану қажеттігін атады.

– Мұндай қондырғыларды алған кезде таңдау неғұрлым әмбебап нұсқаларына түсу керек. Өйткені бұл қондырғылар арқылы біз болашақ мамандарды сан түрлі өндірістік үрдістерге дайындауымыз қажет. Бір ғана өніммен шектелетін құрылғылар болмауы тиіс. Осы жағын ескеріңіздер, – деді ол.
Жиынтық бағасы 400 млн. теңгеден асатын фрезерлік және жону станоктарын Бағдат Азаматов есімді маман тізгіндепті.

-Құрылғымен жұмыс істеу үшін сызу мен металлургиядан хабарың болу керек. Басқару панеліне әуелі қажет бұйымның сызбасын түсіреміз. Оның қаншалықты дұрыс шыққанын арнайы бағдарлама өзі тексереді. Станоктың жону детальдарын өңдейтін металдың түріне қарай алмастырып отырамыз. Қалғанын бәрін станок өзі қадағалайды. Қос станоктың ең негізгі артықшылығы асқан дәлдікпен жұмыс істейтінінде, – дейді станок шебері.

Әзірге бұл қондырғыларда магистранттар мен докторанттар тәжірибе жинақтауда. Университет мамандарының айтуынша прототиптеу оралығындағы 3D сканер мен 3D принтердің Қазақстан бойынша баламасы жоқ көрінеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button