Қоғам

Алғашқы домбырасын әскерде жүргенде жасапты

Алғашқы домбырасын әскерде жүргенде жасапты


«Қайыңның қатқан безіндей,
Ұстаның темір тезіндей,
Тастүйін бидің сөзіндей,

Дәуіттің тірі көзіндей
Кімді көрдің жігіттер
Жолаушының өзіндей.
Ағаштан түйін түйгендей,
Мүйізден садақ игендей,
Домбырасы – көз құрты,
Оюлы шапан кигендей,
Кім сүйеді өнерді
Дәл Жолаушы сүйгендей»

Бұл – шеберге Дидахмет Әшімханұлының берген бағасы. Ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер, суретші, еліміздің Мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Жолаушы Тұрдығұлов туралы айтып отырмыз. Жерлесіміз жақында туған топырағына келіп, жұртшылықпен жүздесіп қайтқан еді. Өскемендегі О.Бөкей кітапханасы алыстан ат арытып келген қадірменді меймандар түсетін «қоналқы үйге» айналғалы қашан. Шебер Жолаушының кеші де осы жерде өтті.

Сөз басында:

– Барлығымыз да жалғанды басып жүрген жолаушымыз. Ерте ме кеш пе сапарымыз соңына жетеді. Бірақ бұл жолаушының жөні бөлек. Бұл – өмірде өз жолын таба білген жолаушы, бұл – ұлтының маңдайна біткен Жолаушы Тұрдығұлов, – деп сөйлеген Қабдолла ақсақал кештің мәнін одан сайын тереңдете түсті.

– Әскер қатарындамыз. Бастапқыда екі-үш қазақ жігіті болдық. Біртіндеп қатарымыз толыса бастады. Бір күні жанымдағы жолдасым «Шіркін, домбыра болса ғой..» деп қалды. Шынымен де қазақтың ән-күйіне сусап жүрген кезіміз. «Неге жасамасқа…» дедім мен. Бала күнімде қолыма түскен ағашты ойып, мұжып, ұсақ-түйек бұйым жасайтыным бар еді. Қолда бар ағаштан домбыра жасауға кірістім. Бір ай көлемінде нобайы шыққандай болды. Ақыры жасап шықтым. Содан бастап, күнде ән салатын болдық. Жалғыз домбыраны бірімізден соң біріміз шертіп, жырғап қалдық. Сол домбыра – менің өнерімнің бастауы болды, – дейді Жолаушы Әбілғазыұлы.

Үлкен өнерге жол-жөнекей келмеген Жолаушының бұдан кейінгі еңбек жолы да тағылым мен танымға толы. Халықаралық байқауларда қазақ домбырасын әлем жұртшылығына танытты. Қазақ қолөнерінің құпия-сырына жаһанды ынтық етті. Құпия демекші… Жолаушы Әбілғазыұлының шәкірттері баршылық. Әлемге әйгілі өнер иелерінің, әсіресе суретшілердің шәкірт тәрбиелеуге келгенде «сараңдық» танытып жататыны белгілі. Олар өнерді құпия ұстағанда ғана туынды құнды болады деп есептесе керек. Жолаушы – бұл жерде де жөні бөлек Жолаушы. Өзінің айтуы бойынша, шәкірттерге өнердің құпиясын бүге-шігесіне дейін ашып ұқтырады.

Бұл біздің – сұйылып бара жатқан өнеріміз. Оның барынша кеңінен таралып, насихатталғаны маңызды. Ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс. Себебі бұл біздің ата мұрамыз, – дейді шебердің өзі. – Шәкірттерімнің өзімнен асып кеткен тұстарын жиі көремін. Бірақ ол үшін қызғанбаймын да, арланбаймын да. Керісінше, қуанамын, керек кезде олардан ақыл сұраймын.

Қу ағашты тірілтіп, тарих қылып сөйлетіп жүрген шебер бір сөзінде:

– Домбыраны жасайтын шеберлер міндетті түрде ол аспапты жақсы шерте де білуі керек. Әйтпесе, домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды. Сондықтан мен шәкірттеріме бірден домбыра үйрен деп талап қоямын. Қазір менен сабақ алып жүрген жастардың барлығы да қара домбыраның құлағында ойнайды. Соған қарамастан, апта сайын кәсіби домбырашылардан қосымша сабақ алуын талап етемін. Бүгінгі таңда домбыра шертуді үйренушілер былай тұрсын, жасау шеберлігін меңгеруге құлшынатын жастардың қарасы күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл – ұлттық құндылығымызға деген сүйіспеншіліктің тереңдеп келе жатқандығының белгісі –деді.

Өскемен жұртшылығы бұл сөзге өзгеше қуанды. Домбыра жасайтын шебер Шығыста та жоқ емес, әрине. Бірақ киелі аспаптың жан-дүниесін ақтарып айта білу, бұл өнердің негізгі қыры ма деген ойға қалдық. «Тастүйін бидің сөзіндей» дегенде Дидағаң осыны меңзеді, сірә.

– Алтайдың ең биік шыңында көкпен таласқан қызыл қарағай өседі екен. Сол қарағайдың тектілігі – құз-жартасты жарып өседі, тамыры тым тереңге тартқан. Алтай тауында дүниеге келіп, ұлттық аспап жасаудың хас шеберіне айналған Жолаушы аға да осы қарағайдай текті. Жиренше бабамыздан қалған даналық сөз бар ғой: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген, Менің ойымша да, Жолаушы ағаның аты ешқашан өшпейді, – дейді осы іс-шараның басы-қасында жүрген, ұлтжанды азамат Асхат Қожағопанұлы.

Аңызға сүйенсек, Қорқытты қобызы тоқтаған сәтте, ажал алып кеткен екен. Ал ұлттық аспаптардың үні – ұлтымыздың үні емес пе?! Ендеше домбыраның күмбірі, қобыздың сарыны, сыбызғының сазы ғасырлармен үндесе берсін деген тілек әр қазақтың жүрек шұғасы. Жолаушы Тұрдығұлов – сол тілекке жеткізушілердің бірегейі.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button