Экономика

Алғашқы бесжылдықта сегіз мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Алғашқы бесжылдықта сегіз мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында 2015 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылғалы отырған инвестициялық жобалар қаралып, пысықталды.
2014 жылдың 1-қаңтарындағы көрсеткіштер Индустрияландыру картасы бойынша төрт жыл ішінде облыста сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бағдарламаға қатысушы кәсіпорындар 397,5 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Тек өткен жылдың өзінде аймақтағы осы кәсіпорындарда 150 млрд. теңгенің өнімі шығарылған.
Үйлестіру кеңесінде үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығының нәтижелерін баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, биыл облыста индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 28,6 млрд. теңгенің 12 жобасын жүзеге асыру көзделініп отыр.
Олардың ішінде ешқандай тосқауылсыз жүзеге асырылып жатқандарымен бірге мерзімінде іске қосылуы неғайбыл болып тұрған болашағы бұлыңғыр жобалар да бар. Тарбағатай ауданындағы «Бентонит и К» ЖШС, Семей қаласындағы «Семей Сплав» ЖШС, Күршім ауданындағы «ГРК МЛД», Абай ауданындағы «ГРК Бөрілі» ЖШС жобаларының аяғына дейін жету-жетпеуі әлі белгісіз.
Мысалы, 97 жұмыс орнын ашуды жоспарлаған «ГРК Бөрілі» ЖШС Абай ауданындағы Мақсұт қазба орнында өздерінің минералды шикізат өндіру цехын салу үшін жақын маңдағы Қасқабұлақ ауылынан кен орнына дейін электр желісін тартуға қажетті қаржының жоқтығынан жұмысын тоқтатып тұр.
Қазір сөндірілмеген әк кесектері 100 пайыз көлемде елімізге Өзбекстаннан импортталып жатыр. Курчатовта биыл іске қосылғалы отырған «Казхимтехснаб» ЖШС-нің бірінші сұрыпты сөндірілмеген әк кесектері өндірісі ашылатын болса, өңіріміз, еліміз шетелдік өнімге деген тәуелділіктен арылып қана қоймай, бұл жаңа кәсіпорыннан сол қаладағы 157 адам тұрақты жұмыс орнын табады.
Кеңесте жоба иесі өздерінің екінші деңгейдегі банктен несие ала алмай отырғанын, ал банктің қаржыны бермеуіне серіктестіктің жер қойнауын пайдалану құқығының жоқтығы себеп болып отырғанын жеткізді. Серіктестік банктен 14 пайыздық өсіммен алған несие қайтарымының жеті пайызын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін субсидия есебінен жабуды ойластыруда.
– Мен алдағы таяу күндері Семейге, Абай ауданына баратын сапарларымда сіздердің нысандарыңыздың да мән-жайына қанығатын боламын. Облыста қыруар қаражатқа ашылған жаңа мектептер, Семейде миллиардтан астам қаржыға салынған аурухана жартылай бос тұр. Ағылып жатқан қаржы жоқ енді кешегідей, мемлекеттік қолдау қолында қаржысы бар, жобалық-сметалық құжаттары, дәйекті негіздемелері, нәтижелі бастамалары бар жобаларға ғана беріледі. Ресурс, қаржы, нақтылы жұмыс болса, оңды шешім де болады. Екі жақты түсіністік, екіжақты әрекет болуы керек. Құр жоба үшін мемлекеттен қараптан-қарап қолдау көрсетілмейді. Осыны ұғып, алдымен істі қолға алу қажет, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ басқарма, аудан басшылары мен жоба ұсынушыларға кеңесте қаралған бірнеше инвестициялық жобалардың әлі үш қайнауы ішінде екенін ерекше ескертіп.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының баяндағанындай, биыл аймақтың Индустрияландыру картасынан болашағы жоқ деп табылған алты бірдей жобаны алып тастау ұйғарылған.
Алайда, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өзінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне, басқарма басшысына «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ-ның Өскемендегі жылу сорғылары қондырғылары өндірісін картадан шығармауды, керісінше жобаның тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуді тапсырды.
– Облыста 687 мектеп, қаншама медициналық, әлеуметтік мекемелер бар. Осы нысандарға жылу сорғыларын қоюдың, пайдаланудың экономикалық тиімділігін түбегейлі зерделеп, шешімін шығарыңыздар, – деді облыс басшысы.
Биыл Индустрияландыру картасы аясында (жоғарыда аталған күмәнді деген төрт инвестициялық жобалармен бірге) Көкпекті ауданында «Елдар» ШҚ қымыз цехы, облыс орталығында «Өскемен технологиялық құрал-жабдықтар зауыты» ЖШС өндірісінің екінші кезеңі, Катонқарағай ауданында «Қасенов Д.М» ШҚ құйылған бал мен бал өнімдері өндірісі, Бородулиха ауданында «Е.Зәйтенов» ШҚ мал азығы мен сүт сауу кешені, Семейде «Семей ағаш өңдеу зауыты» ЖШС ламинатталған фанер, ағаш плиталары өндірісі, Ұлан ауданында «Бестер» гибриді тұқымдас бекіре балықтарын өндіру мен олардың өнімдері өндірісі, Өскеменде «Мелисса» ЖШС ағаш плиталары, Көкпекті ауданында «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ Сатпаев кен орнында ильменитті концентраттар өңдеуді көбейту және «Кузмич» ЖШС бекіре, қызыл балық түрлерін көбейтіп, биогумус өндіру, Курчатовта «КазХимТехснаб» ЖШС кесек әк өндірісі, Зырян ауданында «Фаворит» ЖШС әрлеу фанерлері өндірісі мен «Средигорненский» ЖШС мал шаруашылығы кешенін қайта жарақтандыру жобалары жүзеге асырылып, бірінші және екінші жартыжылдықтарда пайдалануға берілетін, осы нысандарда бірнеше жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Биыл сондай-ақ, Зырян ауданында «Тұрғұсын-1» ЖШС 2017 жылы іске қосылатын СЭС салу жобасын жалғастырылмақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button