Қоғам

Алғашқы қадам Шығыстан басталды

Алғашқы қадам Шығыстан басталды
Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жұлдызай» республикалық спартакиадасының өңірлік кезеңі өтті. «Әлем балалар көзімен» атты ұранмен өткен спартакиадаға арнайы білім беру ұйымдарының 10-15 жас аралығындағы оқушылары спорттың асық ату, үстел теннисі, жеңіл атлетика және шағын футбол секілді түрлері бойынша қатысты.
Туғаннан-ақ мүгедек, кемтар атанып, тағдырдың қатал талқысына ұшыраған бүлдіршіндер қоғамның қату қабағын көрмеуі, сезінбеуі тиіс. Өйткені, жазылмас дертті, басына түскен ауыртпалықты олардың ешқайсысы да құдайдан сұрап алған жоқ қой. Тәні ауырғанымен, олардың жаны сау. Мүмкіндігі шектеулі қаншама баланы мынау жарық жалғанға іңкәр етіп, алға жетелеп келе жатқан да сол жан саулығы болса керек. Оны кейде өмірге құштарлық деп те айтып жатамыз. Ендеше еліміздегі осындай бүлдіршіндер үшін биылғы көктем тағы да бір жақсы жаңалықпен басталды. Енді жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалар арасында республикалық деңгейде «Жұлдызай» спартакиадасы өткізілетін болады.
Күннің шығыстан шығатыны секілді, осынау үлкен шараның алғашқы қадамы Шығыстан басталды. Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында алғаш рет өткен «Жұлдызай» республикалық спартакиадасының өңірлік кезеңі ерекше бір сән-салтанатпен ашылды. Өзінің құттықтау сөзінде облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай керемет мүмкіндік сыйлағаны үшін «BI Жұлдызай» корпоративтік қорына үлкен алғысын жеткізді.
-Біз ерекше балалардың шығармашылығына арналған «Жұлдызай» фестивалін жыл сайын асыға күтеміз. Биыл бұл фестивальдың қатары спартакиадамен толығып жатыр. Бұл – намысты қайрайтын, жігерді жанитын үлкен шара. Бұл мерекеге қатысудың өзі үлкен жетістік, – деген облыстық білім басқармасының басшысы спартакиадаға қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.
Ал спартакиаданың ашылу рәсімінде сөз алған доданың бас төрешісі, «Олимпионик» қоғамдық қорының президенті Ақан Зейнолла болашақ паралимпиада чемпиондарының бүгінгі осынау бүлдіршіндердің арасынан шығатынын ерекше атап айтты. Сондай-ақ, ол республикалық деңгейдегі спартакиаданың өңірлік кезеңін өткізуге қолдау көрсетіп, елімізде теңдесі жоқ осындай үлкен ғимаратты ұсынған облыс әкімшілігі мен білім басқармасына үлкен ризашылығын білдірді.
Иә, осы арада мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің болашағы үшін жарқын істерді қолға алып отырған «BI-Жұлдызай» корпаративтік қайырымдылық қорының еңбегін ерекше атап айтқан жөн болар. 2004 жылы құрылған қор содан бергі уақытта қаншама бүлдіршіндердің болашаққа деген сенімін нықтап, жұлдызын жақты десеңізші. Міне, осы қордың ұйытқы болуымен ерекше балалардың шығармашылығын дамытуға арналған «Жұлдызай» республикалық фестивалі биыл он екінші рет өткізілуде.
– Жалпы біз осы уақытқа дейін «Жұлдызай» фестивалі арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын дамытуға ғана көңіл бөліп келдік. Ал спортқа бейімі бар балалар бір жақта қалып қоятын. Бала емес пе, олар да өзгелер секілді үлкен сахнаға шығып, өнер көрсетуді армандайтын болар. Енді ол олқылықтың орнын толтырып, биылдан бастап «Жұлдызай» спартакиадасын өткізуді қолға алып отырмыз, – дейді қайырымдылық қорының өкілі Азамат Оспанов.
Өздерінің айтуынша, мұндай тоқтамға келмес бұрын мамандар бәрін мұқият зерттеп, зерделеген көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында облыстық, аудандық деңгейде шағын спорттық шаралар өткізілгенімен, мұндай республикалық деңгейде өтетін спартакиадалар жоқтың қасы екен. Сөйтіп, осынау үлкен жобаны қолға алу үшін дайындықты өткен жылы-ақ бастап кетіпті. Ең алдымен, өткен жылдың күзінде интеллектуалды дамуы тежелген балалардың арасында спорттың шағын-футбол және үстел теннисі секілді түрінен спартакиада ұйымдастырыпты. Оған еліміздің Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан 12-16 жас аралығындағы 150 бала қатысыпты. Нәтижесінде осынау жобаны республикалық деңгейде өткізуге шешім қабылданған. Енді, міне, Шығыстан бастау алған спартакиада республиканың барлық аймақтарында жалғасын таппақ.
– Спартакиадаға біздің мектептен 14 бала қатысуда. Дайындығымыз жақсы. Өйткені, біздің мектепте спорт үйірмелері жақсы жұмыс істейді, – дейді Зырян қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың денешынықтыру пәні мұғалімі Ержан Темірғалиев.
Сондай-ақ, Риддер қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың оқушылары да осынау сайысқа тас-түйін, ерекше дайындықпен келіпті.
Аталған мектеп спартакиадаға шағын-футболдан екі бірдей командасын жасақтап алып келген. Ал қазақтың ұлттық ойыны болып табылатын асық атудан өткен додаға қатысқан екі баланың екеуі де орыс ұлтынан. Мектеп-интернат директоры Гүлнар Қыдырғалиева оқушыларының «Special Olympics» шеңберінде өтетін барлық жарыстарға қатысатынын, таяуда ғана шаңғымен жарысу бойынша Көкшетауда өткен сайыста мектеп тәрбиеленушілері бес алтын, үш күміс, бір қола медаль алып келгенін қуана жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық «Жұлдызай» спартакиадасының өңірлік іріктеу кезеңіне қатысуға облыс бойынша барлығы тоғыз арнаулы мектеп өтініш беріпті. Ал алдағы жылы олардың қатарының арта түсетіні онсыз да белгілі.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button