Қоғам

Алаштың алашасын алты құрлыққа танытып жүр

  Алаштың алашасын алты құрлыққа танытып жүр

Қазақтың эстетикалық әлемін танытатын бірден-бір дүние – ұлттық қолөнер. Ұлы дала перзенттерінің бәз біреулер айтып жүргендей, мал соңынан босқа салпақтамағанын, көшпенділер шаруашылығының мейлінше өркениеттік деңгейде әртарапты болғанын көрсететін де осы төл мұрамыз. Ұлттық қолөнер арқылы қазақтың төл өркениетін өзгелерге танытып қана қоймай, әуестігін табыс көзіне айналдырған жандар да бар. Соның бірі – Еңбек ауылының тұрғыны, киіз басушы Гүлнәр Қожамжарова.

Қолөнерді қолғанаттықтан бастаған

Кейіпкерімізді аулада шөп шауып жүрген жерінен кездестірдік. Бізді көрген соң қолындағы шалғыны елеусіз сүйей беріп, қарсы жүрді. Күйбең шаруаны жынысқа қарай бөлмеуді катонқарағайлықтарға тәкаппар табиғат әлдеқашан үйреткен.
-Ол кезде мынау Еңбек ауылындағы әжейдің кез келгені киіз басып, жүн иіретін, – деп бастады әңгімесін ісмер.
«Елу жылда – ел жаңа», – деп бекер айтпаса керек, бүгінде сол әжелердің көзіндей болып бүкіл Еңбек ауылында жалғыз Гүлнәр Қожамжарова қалған. Ауылды былай қойғанда облыс бойынша киіз басып, терме теретін нәзік жандар саусақпен санарлық. Жуықта ғана Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі атанған шебер осынау ұлы өнердің арқасында әлемнің ірі-ірі қалаларын көзімен көріп жүр. Ресейдің Архангельск, Үндістанның Чинай, Францияның Париж және Ренн қалаларында қазақтың оюмен әдіптелген сырмағы мен алашасын, басқұры мен тұскиізін, мәсісі мен бөйтігін дәріптеп қайтқан.
Бала кезінде Балапан есімді көрші әжейдің «Жүнді көп түтсеңдер, мұрындарыңнан асыл маржан түседі» деген сөзіне сеніп, елгезек қолғанат болған ол өсе келе, қолөнерді кіріс көзіне айналдырыпты. Ол үшін қаршадайынан санасына сіңген өнерді заманауи біліммен ұштастыру мақсатында Ресейден кәдесый өндірісі бойынша, Алматы қаласында қолөнер маркетингі бойынша дәріс алып, біліктілігін арттырған. Осының арқасында қоғамның рухани дамуына орай өзінің бұйымдарын да түрлендіріп, сұранысқа сай етіп жасай білуде. Бір ғана автокөліктің өзіне арнап киіз бен жүннен түрлі бұйымдар әзірлеуі – соның дәлелі. Бүгінде үйлену тойында мінілетін көліктерге тағатын таспалар мен шашақтарға, бөстек жабдықтарына, маңдай терезеге тағылатын шашақты үшбұрыштарға сұраныс артқан. Аталған бұйымның бәрі боялған жіп пен көркем киізден жасалады.

Тапсырыстың көбі шетелдіктерден түседі

Бір қызығы дайынға ет үйреткен бүгінгі заманда қазақтың қолөнер бұйымдарына өзімізден гөрі шетелдіктердің аңсары көп ауып тұр. Францияға барған сапарынан Гүлнәр ісмер жалпы құны 200 мың теңгеге шығатын екі бірдей тапсырыс ала келіпті. Қазақ үшін қаңсық санала бастаған алашаға қол жеткізу үшін әлгі француз бір жыл күтуге де келісіпті.
-Негізгі клиенттерім – шетелдіктер. Олардың бір жақсысы көрмеде көзі түскен затты атаған бағаңа әкете береді. Біз сияқты саудаласу деген жоқ. Тапсырыстан бос кезде Өскемендегі этнографиялық мұражайға бұйымдар әзірлеймін. Штаттағы маманы болмасам да, зейнетақы есепшотыма тұрақты жарна сол мекеменің есебінен бөлініп келеді. Сондықтан мұражайдың тапсырмасын бұлжытпай орындаймын. Өнер академиясы, Достық үйлері де ақшасын төлеп шеберлік сыныптарын өткізуімді өтініп жатады. Ал қарапайым халық көбінесе сол үйлену тойына қажет әрлеу бұйымдары үшін келеді, – дейді ісмер.
Қазақстанның атынан Үндістанда өткен дүниежүзілік қолөнершілер съезіне қатысқан шебер қаржылай қолдауға зәру болған кездерінде Алматы облысының атынан бірнеше халықаралық шараларға қатысқанын айтады. «Дидар» газетінде шеберге облыс тарапынан қолдау болмай отырғаны жөнінде жарық көрген мақала оның жағдайын біршама өзгертсе керек. Осыдан кейін мәдениет басқармасы шеберді қолтығының астына алып, пайдалы треннингтерге қатыстырып, көрмелерден қалдырмайтын болған.
Ісмер терме мен киіз басу өнері ескінің қалдығындай болып бара жатқанын қымбатшылықпен түсіндіреді.
-Мысалы, бір алаша тоқу үшін төрт орама жіп кетеді. Оны жалғыз адам бір ай бойы иіреді. Иірген жіпті ширатып, бояу қажет. Тапсырыс көп болғандықтан ауылдағы келіншектерден иірілген жіптің бір орамасын бес мың теңгеге сатып аламын. Ал жіп ширатылған болса, бағасы 10 мың теңгеге түседі. Сонда бір алашаның жібіне ғана 40 мың теңге қажет. Оған бояуын қосыңыз. Егер дүкеннен боялған дайын жіпті алсаңыз, шығын екі-үш есе артады. Осының бәрі қолөнерден хабары бар замандастарымның талабын тежеп отырғанын көріп жүрмін, – дейді Гүлнәр.
Бояудың бәрін өсімдіктен алып жүр
Бұйымы таза табиғи болуы үшін кейіпкеріміз көркем киіз бен алашаға қажет материалдың бәрін қолдан дайындайды. Шетелдіктер де қолдан жасалған дүниені жоғары бағалайтын көрінеді. Сондықтан ол терменің жібі пен ою-өрнекке қажет бояудың бәрін жемістің шырынынан, ағаштың қабығынан, шөптің нілінен алады.
Ол сондай-ақ, жіпті бояудың өзіне апталап уақыт кететінін айтады.
– Әуелі бірнеше қайтара жуамыз. Одан кейін тәулік бойы ашудасқа саламыз. Осындай кейін барып қызыл түс керек болса, қарағайдың, жасыл не сары түс керек болса, мойылдың, түсті шау үшін қайыңның қабығын ұнтақтап себеміз. Катонқарағайдан өзге өңірлерде сирек кездесетін көкбояу жемісінің шырыны да бірнеше түс алуға жарамды. Түстерді түрлендіру үшін құмырсқа қышқылын илеуден аламын, – деп құпиясымен бөлісті.
Шеберханаға лайықталған шағын бөлмедегі кемпірқосақ түстес терме алаша мен шахмат тәріздес тақта алаша, оюлы сырмақшалар мен шашақты басқұр, талдырма киізден жасалған бөкебайлар мен мәсілер көздің жауын алады. Шебердің соңынан төрт бірдей шәкірт еріпті. Оның екеуі өз қыздары болса, қалған екеуі – Руния Габитова, Мәдина Болатханқызы есімді ауылдастары. Шәкірттерінің алды өзге кәсіптің ізіне түссе де, қолдары қалт еткенде сүйікті істеріне ден қоюмен келеді. Мәселен, үлкен қызы Мереке Астанадағы ұлттық қолөнер академиясында келісімшарт бойынша алаша теруден дәріс өткізуге өтініш алған. Сол үшін әкесі терменің саймандарын дайындауға кірісіп кетіпті. Бізге Бөленхан Қожамжаров қайыңнан шабылған алашаның қылышын қалай майдалап жатқанын көрсетті. Шебердің кіші қызы Ақнұр да жүн түтіп, жіп ширатып, шамасынша анасына көмегін тигізуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл өзі атағы жалғыз отанасына болғанымен, еңбегі үй ішіне түгелдей ортақ кәсіп. Сондықтан Гүлнәрдің Еңбек ауылынан киіз басу цехын ашсам деген арманы бар. Ол үшін ауылдық әкімдіктен жер алған екен. Енді соны қоршау үшін жергілікті орман шаруашылығынан ағаш сұрап отыр.
Жуырда ғана кейіпкерімізге хабарласқанымызда Біріккен Араб Әмірліктеріне дайындалып жатқанын айтты. «ТЭК» экологиялық-туристік орталығы» ұйымы Гүлнәр Қожамжароваға бір айдан астам араб жерінде өз бұйымдарын саудалап, парсы кілемін тоқудың технологиясын меңгеруге мүмкіндік сыйлаған екен. Осындай шеберлерімізге жан-жақты қолдау көрсете білсек, біздің киіз басу өнерімізге де әлем халқы парсы кілемінің технологиясына үңілгендей қызығушылық танытар еді. Әрине, бұл арман бүгін-ертең орындала қоймас. Өйткені, Гүлнәрдай өз ісіне өмірін арнаған кәнігі ісмерлер саусақпен санарлық.

Есімжан Нақтыбайұлы

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button