Алашорданың тарихын баяндайтын көрме
Кеше Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Алаш қозғалысына – 100 жыл» атты кітап көрмесінің тұсауы кесілді. Ұлттың ұлы перзенттері ардақталған бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, өңірдің зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Көрменің шымылдығы алашордашылардың жанайқайын жеткізген Міржақып Дулатовтың «Алашқа» атты жалынды жырмен түрілді.
Кітап көрмесі өткен ғасырдың басында атқа мінген Алаш қозғалысы мүшелерінің азаттық жолындағы азапты да тар жол, тайғақ кешуін баяндайды. Көрмеге мұрағаттар арқылы жеткен сот істері, тергеу, құпия хабар, қамауға алу ордерлері, үкім шығару материалдарының фотокөшірмелері, ғалымдардың ғылыми монографиялары мен мақалалары қойылған. Сондай-ақ, деректі басылымдар, алашордалықтардың еңбектері ұсынылған. Бұл материалдар сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен Алаш идеясын таразылауға, олардың ауқымды мақсаттары мен әрекеттерін ұғынуға мүмкіндік береді.
Көрермен назарын өзіне бұрған тағы бір кітап шоғыры бар. Ол – 10 томдық «Алаш көсемсөзі» басылымы. Мұнда Алаштың барлық құжаттары, сол тұстағы газет беттеріндегі жарияланымдары, көркем шығармалары, экономикалық және саяси көзқарастары, мақалалары жарияланған. Сонымен қатар, онда Алаш қозғалысын зерттеген Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Диханбек Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбай, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды тарихшылар мен жазушылардың кітаптары берілген.
Одан бөлек, көрмеде Алаш көшбасшылары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Райымжан Мәрсеков сынды қайраткерлердің еңбектері орын алған. Оларды Алаш қайраткерлерінің ерекше маңызды жазбалары мен сұхбаттары, деректі кинохроникалар, өмірбаяндық телеэсселердің бейнежазбалары толықтырады. Бұл құжаттар қиын-қыстау жылдарды, қазақ зиялыларының үміт пен арманға толы идеяларын, қазақ халқының болашағы жолында басын бәйгеге тіккен азаматтар тағдырын тың қырынан баяндайды.
Қорыта айтқанда, бұл көрмеде Алаш қайраткерлерінің арман-мұраты мен азапты арпалыстарын айғақтайтын құнды дүниелер мол. Қазақты бір ғасыр бұрын тәуелсіз ел етіп құрғысы келген ұлт зиялыларының өнегелі өмірімен танысқысы келген кез-келген ұлтжанды азамат көрмеден өз керегін табары даусыз.
Мұратхан Кенжеханұлы