Қоғам

Қалаішілік көліктердің жартысынан астамы ескірген

Қалаішілік көліктердің жартысынан астамы ескірген

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кеңейтілген аппараттық кеңесте қалалар мен аудандар басшыларының, ведомство жетекшілерінің алдына өңірдегі ішкі сұранысты арттыруды міндет етіп қойды. Өйткені, өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 101,4 пайызға орындалғанмен, өнеркәсіп өнімін шығару жоспары тек 90 пайызға ғана жүзеге асқан. Осыған байланысты жылдың алғашқы айынан бастап ішкі сұраныс мөлшері сынды бағыттарды барынша ширақ әрі қарқынды дамыту қажет.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуда «Азия Авто Қазақстан» автокөлік зауыты, Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты, Үржар құс фабрикасы сияқты ауқымды жобалар айрықша маңызға ие.
Сонымен бірге, аймақ басшысы атап өткендей, облыс жұртшылығын алаңдатып отырған ағымдағы мәселелер де өз шешімін табуы тиіс. Сондай түйткілдердің бірі – Өскемен мен Семейдегі қоғамдық көліктердің экологиялық және техникалық стандарттарға сәйкестігі. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекенов атап көрсеткендей, облыс орталығында тексерілген 246 қалалық автобустың 43-інде шығарынды газдағы зиянды заттар мөлшерінің нормадан асуы анықталған. Семейде зиянды заттар мөлшерінің нормалары жылына екі рет техникалық бақылаудан өту кезінде тексеріледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда көлік пайдаланылуға жіберілмейді.
Жиында белгілі болғандай, Өскемендегі жолаушылар тасымалдайтын 738 көлік құралының тек 17 пайызының ғана қолданылу мерзімі жеті жылға дейін екен. Автобустардың 45 пайызы жеті жылдан 12 жылға дейінгі, 37 пайызы – 12 жылдан артық қолдану мерзіміне ие. Семейдегі жолаушылар көлігінің 52 пайызы – жеті жылға дейін, 22 пайызы – жеті жылдан 12 жылға дейін, 24 пайызы – 12 жылдан артық пайдаланылып келеді. Бұл талдау қалалық қоғамдық көліктердің жартысынан астамы ескіргенін көрсетеді.
Алайда, 2013 жылдан бері Өскемендегі тасымалдаушылар тек 35 көлікті жаңартыпты. Семейде 12 көлік сатылып алынған. 2015 жылы әкімдіктер мен тасымалдаушылар арасында көліктерді жаңғыртуды қарастыратын меморандумдарға қол қойылды. Баяндамашы барлық дерлік кәсіпорынның көліктері жылдамдықтың, қозғалыс бағыты мен кестесінің сақталуы туралы мәліметтерді тікелей үздіксіз таратып отыру (GPS) құрылғыларымен жабдықталмағанын атап көрсетті, бұл өз кезегінде желідегі автобустардың жұмысын үйлестіруді қиындатады. Қалалық автобустардың 50 пайыздан астамында аялдамаларды хабарлау құралдары жұмыс істемейді. Осыған қатысты типтік шарттарға қалалардағы қоғамдық көліктер жұмысын бақылауды күшейту бойынша бірқатар тармақ енгізу керек. Сондай-ақ, ведомство қалалық бағыттарға мүгедектерді, тұрғындардың аз мобильді топтарын тасымалдау үшін жарақталған көлік құралдарын енгізуді ұсынып отыр. Зейнет жасындағы азаматтарға 50 пайыздық жеңілдік ұсынылғанын да атап өткен жөн.
Облыс әкімі ақпанның алғашқы онкүндігінде өңірдегі қоғамдық көліктерді дамытуға және әсіресе оларды жаңартуға арналған арнайы кеңес өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Алматыда іске асырылып жатқандай жаңа технологияларды енгізу қажет.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің 83 пайызы әбден ескіргенін айтып, жағдайды дереу өзгерту керектігін міндеттеді. Даниал АХМЕТОВ автокөліктерді жаңарту кестелерін жылдар бойынша емес, тоқсандар бойынша жасауды талап етті.
Бұдан соң кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова 2003-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» және 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламалары аясындағы нысандардың салыну барысы туралы ақпаратты жариялады. «Ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 11,5 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде 282 мыңнан астам адам сапалы ауызсуға қол жеткізді, 600 шақырымнан астам құбыр салынып, қалпына келтірілді, өңірдің орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылу деңгейі 2010 жылы 79 пайызға дейін ұлғайды. Дей тұрғанмен, облыста осы бағдарламаның екі проблемалық нысаны қалып отыр. Олар – Өскемендегі Аблакетка кентінің су іріккіш құрылғысы және Үржар ауданы, Сағат ауылының су құбыры. Оларды іске қосу осы және келер жылға жоспарлануда.
2011 жылдан бастап аймақта 2020 жылға дейінгі «Ақбұлақ» бағдарламасы іске асып келеді. Соңғы бес жылда игерілген қаржының жалпы көлемі 30 миллиардқа жуық теңгені құрады. Нәтижесінде 35,7 мың адам тұратын 39 ауылда су құбыры салынды, 971 шақырымнан астам су желісі қалпына келтірілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған су жүйесімен тұрғындардың 85 пайызы қамтылған.
Сонымен қатар, жеті нысанның құрылысы осы жылға көшіп отыр. Олар – Өскемен және Курчатов қалаларының кәріз суын тазартқыш имараттары, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының, Глубокое ауданы, Белоусовка кентінің су желілері, Зырян мен Риддер қалаларының жекелеген коммуникациялары, Шемонайха ауданы, Первомайка кентінің су тоғаны.
Облыс әкімі 2006-2007 жылдары басталған жобалардағы олқылықтар түзетілмегенін қатаң сынға алды. Ол әрбір проблемалық нысанмен түбегейлі айналысуды, жағдайды оңалту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Алдағы жылдың жеңіл болмайтыны анық. Атқарылар шаруа жетерлік. Десек те, жылдың барлық мәселесі қысқа мерзімде шешімін табуы тиіс. Кеңесте сонымен қатар, өзге де маңызды мәселелер талқыға салынды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button