Қоғам

Алғаш рет ел чемпионаты ауылда өтті

 Алғаш рет ел чемпионаты ауылда өтті

Аягөз ауданы, Мамырсу ауылында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында ауыларалық Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Отан қорғаушылар күніне орайластырылған чемпионат Ауған соғысының қаһарманы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қайрат Оспановты еске алуға арналды.

Біріншілікке Ақмола, Алматы, Атырау, Қостанай, Жамбыл мен Қызылорда облыстарынан 2001-2003 жылдары туған балуандар қатысты. Жалпы командалық есеп бойынша Шығыс Қазақстан облысы бірінші орынды иеленсе, Алматы облысы екінші, Қызылорда облысы үшінші орынға тұрақтады.

Екі күн бойы боз кілем үстінде атой салған балғын балуандар жанкүйерлерге тартысты белдесулер сыйлады. 32 келі салмақта облыстық спорт мектебінің балуаны Қуат Армия, 38 келі салмақта Аягөз ауданының балуаны Елдос Кемелов, 50 келі салмақта облыстық спорт мектебінің балуаны Әмір Темірғали, 46, 54 және 76 келі салмақтарда Мамырсу ауылының балуандары Исхар Құрбаев, Сымбат Бейсенбеков пен Қайнар Мырзағазиндер жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал 100 келі ауыр салмақта Мамырсу ауылының балуаны Ернұр Оразбаев топ жарды.

 Алғаш рет ел чемпионаты ауылда өтті

Елімізге Еңбек сіңірген жаттықтырушы Мейірхан Рахметов пен Астана қаласынан келген Мамырсу ауылының мақтанышы, халықаралық дәрежедегі Бас төреші Айдын Сәрсекеев тоғыз жыл қатарынан өтіп келе жатқан бұл турнирдің республикалық дәрежеге көтерілгендігін ерекше атап өтті.

– Бұл турнир ауылды жерде алғаш республикалық дәрежеде өтіп отыр. Ауған соғысының батыры Қайрат Оспанов атындағы турнирді өткізуіміздің бір себебі – саламатты жас ұрпақты ерлікке баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Өйткені, чемпиондар ауылдан шығады, – дейді Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов. – Әлем және Азия чемпиондарына бай қазақ жерінде күреске деген балалардың талпынысы аз емес. Бұл турнирді өткізу үшін Мәдениет және спорт министрлігіне келесі жылға Сыр елі тапсырыс беріп отыр.

Биылғы турнирді өткізуде қазақ елінің мақтанышы Дәулет Тұрлыханов та қолдау көрсетіп, федерация атынан арнайы Алғыс хатын жіберіпті. Жарыс соңында жеңімпаздар тиісті марапаттардан бөлек спорт шеберлігіне үміткер деген атаққа қол жеткізді.

– Ауылды жерлерде осындай спорт кешендері көптеп ашылса екен, – дейді ауыл әкімі Архат Ибрайшин. – Кезінде қаңырап бос қалған нысанды өткен жылы аудан әкімдігінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізген болатын. Бүгін міне, сол істің игілігін балаларымыз көріп отыр.

Турнирдің өтуіне ең бірінші Ауған соғысының батыры Қайрат Оспановтың ағасы мен інісі Ғалым мен Қанат Оспановтар дәнекер болды. Аудан әкімшілігі мен Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы қолдау көрсетіп, Нарын ауылының «Рысбек», Мамырсу ауылының «Қос», «Ардагер» шаруа қожалықтары, сондай-ақ Қазығұл емдеу мекемесі демеушілік жасады.

Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button