Алғаш кітап шығарған Ақыт ақын

Әлем қазақтарының әдеби картасынан ойып орын алатын, ірі тұлғалардың бірі – Ақыт қажы Үлімжіұлы. Гүлімжі-Алтайский Қарымсақов деген есіммен алғашқы жинақтарын 1896-1909 жылдар аралығында Қазан қаласынан бастырған ақынның туғанына биыл 150 жыл.

«Жаңғыру» жер талғамайды
Туған жері – Шығыс Түркістандағы Алтай аймағының Көктоғай ауданы. Шығармашылық ғұмырының біразы Моңғолияның Қобда бетінде өткен. Тағдырының соңғы нүктесі тас бесікте қойылған. Өмірі оқшауда өткенмен, шығармашылық ғұмыры күллі қазаққа ортақ. Бүгінгі таңда жазықсыз жазадан ақталса да, ерен еңбегі ақталмай жатқан сияқты.
Біз биыл ақын ғұмырының биографиясы мен географиясының айналасында шектелмей, атажұрт болып, алты Алаш болып, торқалы тойын тойласақ ұтпасақ, ұтылмаспыз. Ақынның рухын асқақтатып, рухани жаңғырар едік. Қазақ әдебиетінің қоржынын қампайтамыз десек, Ақыт Үлімжіұлы қатарлы қаламгерлер шығармашылығының шыңырауына терең бойлауымыз қажет.
«Ақыттану» ғылымы «Деятель» журналынан бастау алған
Халық тағдырының поэзия әлемінде көрініс табуы әуелден келе жатқан әдеби үрдіс екені бізге мәлім. Осы бір дәстүрлі әдеби үрдісті қазақ әдебиетінің бір бұтағы Моңғолия қазақтарының рухани әлемі, яғни, сөз өнерінде жалғастырған ақын Ақыт Үлімжіұлы еді. Қазіргі Қытай еліне қарасты Шыңжаң өлкесінен сырғи көшіп, Қобда бетіне қоныстанған елдің тіршілік тынысы ағартушы ақын Ақыттың жырларына алғаш рет арқау болғандығына мына бір жыр шумағы дәлел.
«Алтай тау, Қобда, Сауыр, Бәйтік Боғда,
Ерентау, Сантай, Бөкен – тұрмыз сонда.
Алшаңдап азғантай жыл кеңдік көрген,
Байытқан берекелі қайран Қобда», – деген өлеңі арқылы өлкенің шебін сызып, шекарасын белгіледі. Өлеңге арқау болған жер атауларының барлығы да Баян-Өлгий қазақтарына қоныс болған елді мекендер. Ақын айтса айтқандай, алшаңдай басқан құтты қоныс.
Әр дәуірдің әдебиеті болатынын немесе әр әдебиеттің дәуірі болатынын дәлелдеп, ұлт руханиятының бастауы болған Ақыт ақын күллі қазақ әдебиетінің биік тұлғасы. Десе де, әдебиеттану оқулықтарын қолға алсаңыз, «әттеген-ай» дейсіз. Бүгінгі таңда ақыттану ғылымы шекара сыртымен шектеліп тұрғандай. Қазақ әдебиетіндегі кірпіш болып қаланар орны әлі күнге үңірейіп тұр. 1897 жылы орыстың түркі тілдерін зерттеуші ғалымы, профессор Н.Катановтың «Деятель» журналындағы Ақыт шығармашылығы туралы алғашқы мақаласынан бастау алған «ақыттану» ғылымы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Дәулеткерей Кәпұлының зерттеу жұмыстарымен жалғасын табуда. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы 1972 жылы Баян-Өлгиде тұрақты түрде шығатын әдеби журнал «Шұғылада» «Ақыттанудағы алғашқы талпыныстар» атты мақаласын жариялады. Сонымен қатар Талапбек Тынысбекұлының «Ақыт Үлімжіұлы және оның әдеби мұрасы», философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарованың «Қазақ ой-пікіріндегі Ақыт Үлімжіұлының орны» және т.б мақалаларда, Зұфар Сейітжанұлының ғылыми зерттеулерінде Ақыт туралы аз да болса жазылып, жарық көріп келеді. Дегенмен ақыттану ғылымы бірді-екілі мақалалармен мәйектене қоймасы анық. Түбегейлі, түпкілікті зерттеуді қажет ететіні айқын. Бұл ойымызды білім бұлағының бастауы болған, ғылым ордаларының оқытушылары мен жас ғалымдары өз пайымына сала жатар.
«Абайдың алғаш кітап шығаруына дейін 9 кітабын 17 рет бастырған»…
Ақыт Үлімжіұлының шығармашылығы қазақ әдебиетіндегі баспа тарихының бастапқы жылдарынан енші алған. Қазақта Ақыт ақыннан бұрын баспадан кітабы шыққан екі ақын болған. Олар: Дулат Бабатайұлы «Өсиетнама» (1880 жыл), Шортанбай Қанайұлының «Шортанбайдың бала зары» (1890 жыл). Міне осы екі басылымнан соң, 1896 жылы Қазан қаласында басылған Сейфілмәліктің үшінші Ақыт нұсқасы -«Хисса и-Сейфульмалик» дастаны.
Ғалым, әдебиет зерттеушісі Тұрсынбек Кәкішев былай дейді: «Ақыт қажыны қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміздің үлкен көрнекті өкілі ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихына кіргізуіміз керек. Ол Абайдың алғаш кітап шығаруына дейін өзінің 9 кітабын 17 рет жариялаған болатын. Мұны ескермеуге болмайды. Қазан төңкерісіне дейін осындай кітап шығарған дарын иесі қазақта өте сирек. Сондықтан Ақытты Абай деңгейлес дарындар қатарында көргеннің ешбір әбестігі жоқ. Ақытты әдебиетіміздің ірі қайраткері ретінде тануымыз керек».
Тани алмай келеміз. Бәлкім, таныта алмай жүрміз. Ақыт Үлімжіұлы 1939 жылы желтоқсанның 24 күні Шыңсысай үкіметі жіберген жендеттердің қолына түскеннен кейін барлық қолжазбалалары мен кітаптарын екі түйе, бір атқа артып, алып кеткен деген дерек айтылады. Ақын шығармаларының басылған жылдарына қарап отырып, географиясы және хронологиялық кеңістігі кеңге қанат жайғандығын байқаймыз.
Ақынның білім-ғылымға деген ерекше құштарлығын бір ғана «Қажыбаян» сапарнамалық дастанынан аңғаруға болады. Аттылы-жаяулы Қобда шәрінен қозғалып, Семей, Орынборды басып Меккеге, Меккеден Мәдинеге жетіп, Мәдинеден керуен түйемен Сирия мемлекетінің орталығы Шам шаһарына сапарлайды. Қайтар жолда Қара теңізден өтіп, Ыстамбул, Измир, Одесса қалаларын басып өтеді. Орал тауынан асып, Петропавл, Семей арқылы Алтайына оралады… «Жүргенге жөргем» деп емес, көріп көңілге түйіп, оқып ой қорытып, отанына білім олжасын қанжығалап қайтады.
Торқалы тойы қарсаңында ақын шығармашылығы әлі де зерттеліп, зерделенсе игі еді. Қазіргі уақытта қалалық кітапханалардан ақынның кітаптарын табу қиын. Жоқ деуге де болады. Қазақ әдбеиеті оқулықтарынан ақын шығармашылығына орын беріліп, оқытылса деген базына айтылғалы да біраз жыл болды. Ақын мұрасына әдебиеттану ғылымынан орын берсек, оқырман жүрегінен өзі-ақ орын табары ақиқат. Рухани жаңғыру жылында ұлттық құндылығымызды ұлықтап, әдебиетіміздің жыртығын Ақыт жырымен бүтіндеп, тойын тойласақ жаңғырарымыз анық.
Қызырбек Дүргінбайұлы