Руханият

Алаш арыстары ұрпағының жадында мәңгі сақталады

Алаш арыстары ұрпағының жадында мәңгі сақталады

Тарихта қанмен жазылған қаралы парақтар жетерлік. Кеше күллі қазақ елі зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған ұл-қыздарын тағы да еске алып, рухына тағзым етті. Осы орайда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған бөлімшесіндегі репрессия құрбандарының ұрпақтарымен өткен кездесу әсерлі болды. Оған мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Ең алдымен кездесуге келген қонақтар осыдан небәрі үш жыл бұрын ғана ашылған мұражайдағы жәдігерлермен танысып шықты. Мұражай меңгерушісі Фарида Бегімханованың айтуынша, қазіргі күні мұнда 60-қа жуық архивтік құжаттар мен фотосуреттер, түрлі жәдігерлер бар көрінеді. Жалпы, 1921-1954 жылдары бұрынғы Кеңес Одағы бойынша барлығы 3 миллион 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 642 мыңы атылып кетсе, Қазақстанда осы жылдар ішінде 100 мың адам қуғындалып, 25 мыңы өлім жазасына кесілген. Тіпті, «халық жауларымен» күрес жоспарлы түрде жүргізіліп отырған көрінеді. Тек 1937 жылы 7500 адам қуғындалса, оның 2500 «халық жауы» ретінде атылған. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың меңгерушісі Фарида Кенжебайқызы біздің облыс бойынша да деректерді келтірді. Облыс бойынша 1350 адам қуғынға ұшыраса, оның 300-і өлім жазасына кесілген. Олардың ішінде өндіріс басшылары да бар. Атап айтқанда, Риддер кенішінің басқарушылары Р.Дрейман, А.Кельмансон, «Ульбастрой» тресінің басқарушысы А.Спекторов, Құлынжұн кен басқармасының директоры А.Белялов саяси қуғын құрығына іліксе, Зырян кен басқармасының бастығы Ж.Тәттібаев ату жазасын арқалаған көрінеді.
Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан бойынша жиырмаға жуық Карлаг, Степлаг, Песчанлаг, Жезказганлаг секілді сталиндік лагерьлер жұмыс істеген.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинова сөз алып, өзінің өткен тарихын құрметтеген елдің ғана тарих төріне озатынын ерекше атап айтты. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1997 жылы 31 мамыр күнін – аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жас ұрпаққа берер тағылымы мол бұл шараның өтуіне қалалық әкімдікпен қатар қалалық ішкі саясат бөлімі, сонымен қатар жастар орталығы ұйтқы болды.
Кездесуде Ескендір Құранбаев, Руслан Махмудов сынды репрессия құрбандарының ұрпақтары өз естеліктерін айтты. Ал зайсандық Нұрсағат Әбесов мұражайға өзінің үлкен атасы Кәрім Құндақбаев туралы құнды жәдігерлерді тапсырды.
– Менің атам Кәрім Құндақбаев Зайсан ауданының тумасы. Оқыған, білімді, көзі ашық, небәрі отыз жасында аудан басқарған адам болған. Большенарым аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Көкпекті ауданында бірінші хатшы қызметтерін атқарған. Сол кісі 1937 жылы халқым деп жүргенде «халық жауы» деп ұсталып, 1938 жылдың 11 наурызында атылып кетіпті, – дейді ол.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шаралардың легі бұдан кейін облыстық драма театрында жалғасын тауып, көрермендер семейлік «Дариға-ай» жастар театрының «Алаш арыстары» атты қойылымын тамашалады. Жалпы, Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы сан қырынан таразылайтын тың тақырып. Сол бір нәубет жылдары танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық қуғынға ұшырады. Солардың бірі көрнекті ғалым, жазушы Қайым Мұхамедханов болатын. Оның Абайдың әдеби мектебі турасындағы еңбегі саяси қауіпті құжат ретінде өртеліп, өзге де әдебиеттану ғылымына қатысты еңбектері тәркіленіп жойылады. Өзі халық жауы ретінде 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Карлагқа айдалады. Қойылым талай көрерменнің жанарына жас үйіріп, үлкен әсерге бөледі.
Иә, кеңестік солақай саясат талай жазықсыз жанды қынадай қырғанымен, олардың рухын өлтіре алмады. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандаған асыл азаматтар қашан да ұрпақтың жадында сақталады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button