Қоғам

Алқаптар айырықша қорғалып, ауыл шаруашылығының әлеуеті артады

Алқаптар айырықша қорғалып, ауыл шаруашылығының әлеуеті артады

2016 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылған Жер кодексі қолданысқа енгізіледі. Озық шетелдік тәжірибелерге негізделе отырып, агросекторды дамытудың қазіргі заманғы әдіс -тәсілдеріне сәйкестендіріле жасалған бұл жаңа жер реформасының қазақстандықтар үшін әлеуметтік, экономикалық тиімділігі көп.
Жер кодексінде көзделген басты мақсат – ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға түсіру, байтақ жердің құнарлылығын арттырып, қадірін бағалау, осы арқылы оны тиімді пайдаланудың шараларын жетілдіру, шаруашылық жүргізушінің жерге деген тұтынушылық көзқарасын өзгертіп, алқаптарды жұтатпауға, телімдерді тоздырмауға, қазынаны толтыруға игі ықпал ету. Жер кодексінде нақты көрсетілгендей енді жерді пайдалануға алу және оны аукцион арқылы сату, конкурс арқылы беру аталған заң баптарымен, ережелерімен, қосымша заңнамалық актілермен, құжаттармен айқындалып, реттеліп отырмақ.
Облыста 2015 жылы жалпы сомасы 691,8 млн. теңгеге ауданы 429,7 га 1933 ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер үлескілері сатылған. Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша осы мақсаттағы жерлер Өскемен, Семей, Риддер қалаларында, Үржар, Ұлан аудандарында көп сатылған. Өткен жылы сондай -ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауданы 6,4 мың га, сомасы 61,4 млн. теңге болатын 175 жер үлескісі жеке меншікке сатылыпты.
Былтыр аймақта 142 жер телімі аукцион арқылы сатылып, одан мемлекет қазынасына 230 млн. теңге түскен. Конкурс арқылы облыстың қалалары мен аудандарында 940 жер үлескісі пайдалануға беріліп, одан түскен түсім 92 млн. теңгені құраған.
– Алдағы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасы Жер кодексіне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған Заңында көрсетілгендей қазір облыстың аудандарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жаңа түзетулер бойынша сатуға шығару үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы еліміздегі жергілікті атқарушы органдар жеке меншікке сауда -саттық арқылы бүкіл республика бойынша 1,7 млн. га ауыл шаруашылығы жерін сатуға шығаруды жоспарлап отыр. – дейді Жер кодексіндегі толықтырулар мен өзгертулердің мәні мен маңызын түсіндірген облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Бексұлтанов.
– Ернар Асқабылұлы, қазіргі күні елді «жерді бай-бағландар сатып алып, жалға алып отырған қазіргі жерімізден айырылып қаламыз ба, шетелдіктерге жер неге ұзақ уақытқа, 25 жылға дейін беріліп отыр?» деген сауалдар да алаңдатулы.
– Егер ауыл шаруашылық телімдерін жалға алып отырғандар өз жерін сатып алғысы келсе , онда олар бұл жерді сатып алуға ең бірінші кезекте құқылы болады. Мұндайда жерді сату аукционсыз, жеңілдікпен, (50 пайызға ) және оның құнын 10 жылға бөліп төлеумен жүргізіледі. Жер реформасын іске асыру барысында, жерді сатуда, жердің құнын белгілеуде ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің амалдары қарастырылған заң актілері қолданылмақ, заңнамаларды атқарудағы жауапкершілік те қатаңдатылған. Мемлекет сауда -саттық тетігінің ашықтығын қамтамасыз етеді, оның ішінде арзанқол бағаға беруге жол берілмейді. Шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі 25 жылға дейінгі уақыт аралығы деп белгіленген себебі, ауыл шаруашылығы табиғи факторларға тәуелді, көп салымды қажет ететін өндіріс болып табылады және оның өндірісі маусымдық сипатқа ие. Өнеркәсіптік өндірістен айырмашылығы жермен жұмыс істеу оған салынған қаржы салымдарының орнын аз толтырады және алғашқы 15 жыл негізінен оған жұмсалған шығындарды ақтауға ғана кетеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін жалға беру мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленген.
Шығыс Қазақстан жерінің аумағы жағынан республикада үшінші орын алады. Бабадан қалған осы ең басты байлығымыз – байтақ жерімізді жұтатпай, құнарлылығын арттыруды көздейтін, егіс алқаптарының өнімділігін молайтып, жермен жұмыс істеуге жаңа техника, тың технология тарта отырып ауылдың, ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеруге жетуді міндеттейтін Жер кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қолдану тиімділігін арттыру шаралары күшейтілді. Ауыл шаруашылығы жерлерін қолдану тиімділігі Ұлттық экономика министрлігі бұйрығымен (2015 жылғы 27 наурыздағы, №268) бекітілген «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану Ережелерімен» реттеледі. Жергілікті атқарушы органдардың жерлерді пайдалану мен қорғауды бақылау бойынша басқармалары жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтаған жағдайда оларға әкімшілік әрекет ету шараларын қолданып, жерді тәркілеуге дейін бара алады.
2012-2014 жылдары облыста аумағы 10 млн. га ауыл шаруашылығы айналымына тартылған жерге түгендеу жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан 984,3 мың га жер телімі анықталды. Соның 526 ,6 мың га мемлекет меншігіне қайтарылып, 420 гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген, 3,9 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды анықтап, мемлекетке қайтару және оларды жер пайдаланушыларға беру бағытындағы жұмыстар бүгінде нәтижесін беруде. Былтыр Үржар ауданында мемлекеттік меншікке Үржар құс фабрикасының құрылысы үшін 4,6 мың га суармалы жер қайтарылып алынған. Тарбағатай, Зайсан, Бесқарағай аудандарынан қайтарылып алынған бірнеше мың гектар суармалы жерлер де инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға беріліп жатыр.
Жер кодексіне енгізілген түзетулер қоғамда пікірталастар туғызып, жерді шетелдіктер иемденіп кетеді деген наразылықтар білдірілген болатын. Жер кодексінің 24 бабының 1-тармағына сәйкес шетелдіктер, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады. Қазақстан Президенті осы түсінбеушілікке қатысты елімізде азаматтарға өз құқығын, соның ішінде Жер кодексін дұрыс түсіндірудің маңыздылығын атап айтып: « Ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырып төңірегіндегі алып-қашпа әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат-жердің меншік иесі болып, оны дұрыс пайдалану үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру. Жер қурай басып, иесіз жатпай, түсініксіз мақсаттарға пайдаланылмай, халықтың игілігіне айналуы тиіс» деді.

Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button