Қоғам

Алапат апатты ауыздықтағандармен кездесті

Алапат апатты ауыздықтағандармен кездесті

Осыдан отыз жыл бұрын Украинаның Припять қаласындағы Чернобыль атом электр стансасында жойқын жарылыс орын алып, елді бір дүрліктірген еді. Содан жер-жерлерден қарапайым ер-азаматтар, әскерилер апат болған жерді радиациядан тазартуға аттанған-ды.
Чернобыль АЭС-тағы апат орнында жұмыс істеген 600 мың адамның 30 мыңы біздің отандастарымыз екен. Ал олардың 2 мыңы – шығысқазақстандықтар. Жуықта Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан ардагерлер Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің студенттерімен кездесіп, Чернобыль АЭС-та атқарған жұмыстары туралы айтып берді. Әңгіме барысында апат орын алған аймақтың сол кезде түсірілген суреттері үлкен экраннан көрсетіліп тұрды. Ал әңгіме арасында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алып жатты.
Чернобыль жарылысы сәуірдің жиырма бесінен жиырма алтысына қараған түні сағат екіде орын алған екен. Чернобыль ардагерлерінің айтқандарына сүйенсек, дүмпу екі рет болған. Оның себеп-салдары да әртүрлі. Бірі жылу жүйесінен десе, енді бірі адами фактор деседі. Ол туралы дөп басып айтылған нақты деректер әзірше белгісіз көрінеді.
Чернобыль АЭС-тағы апаттың зардабын жою кезінде взвод командирі болған Асхат Садықовтың айтуынша, ең қорқыныштысы ауада көзге көрінбейтін радиацияның таралуы еді.
– Автобуспен Припять қаласына кіріп келеміз. Кішігірім қала. Жым-жырт. Халықтың бәрін бірден көшіріп жіберген қауіпсіз жерге. Көзге бірінші жол жиектеріндегі қаңғыбас иттер түсті. Анадайда қаңырап қалған бос үйлерді көргенімізде, тіпті, үрейіміз ұшты. Кейбіреудің балконында жайылған кірі де жиып алынбаған. Ұшып жүрген бірде-бір құс, тірі жәндік көрінбейді. Бірақ ауадағы улы радиацияның бары сезілмейтін. Алайда, радиация 50 мың шаршы шақырымға жайылған екен. Қаланың кейбір тұстарынан әскери техникалар көрінді. Дәл сол кезде апат орын алған жерде жанталасқан күрес жүріп жатқан, – дейді Чернобыль ардагері Асхат Сыдықов.
Ол жақ алапат апатқа дейін жасыл желекке оранған жасыл қала болған екен. Маңайындағы орман-тоғайларында жеміс-жидектің түр-түрі өскен көрінеді. Припять өзенінде балық деген тайша тулапты. Көпшілік келіп демалуға арналған таптырмас қалалардың бірі болған деседі көргендер.
Асхат Садықовтың взводы апат орын алған жердегі қауіптің бетін қайтару жұмыстарына сол күні-ақ шығады. Қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарынан кейін арнайы киімдерін киіп Чернобыль АЭС-тағы радиациялық жарылыс болған жердің қақ ортасына кіріп залалсыздандыру жұмыстарына кіріседі. Ол жерде екі адам қаптың ауызын ұстап тұрады, ал біреуі күрекпен улы заттарды салады. Содан кейін келесілері кіріп, жұмысты жалғастыра берген. Ал шыққан кезде үш рет киімдерін ауыстырып, жуынып-шайынып отырған. Соның өзінде кеуделеріне таққан дозиметрлері рентген сәулелерін мөлшерден көп көрсеткен екен. Чернобыльшылар сол кезде бойларын қорқыныш билегенін жасырмайды.
Апат орын алғаннан кейін радиация қалдықтарынан тазарту жұмыстары 1989 жылдарға дейін жүргізілген. Чернобыльге кейіннен әскери борышын өтеуге барған Талғат Әшімов залал келген 30 шақырымдық аумақты күзеткен. Ал күзет жұмыстарына барғандар у сіңген заттарды қауіпсіз аймаққа шығып кетпеуін қадағалаған. Қалай болғанда да, Чернобыль аумағында қызмет еткен азаматтардың әр қадамы ерлікке пара-пар.

Мерей Қайнаров

Осы айдарда

Back to top button