Қоғам

Қаланың дамуына оң баға берді

Қаланың дамуына оң баға берді


Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің халық алдындағы есептік жиынына қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов қаланың дамуына оң баға беретіндігін айтты.

Ермак Сәлімов 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылай келе, шағын және орта бизнес саласындағы жетістіктерге тоқталды. Жеке кәсіпкерлердің жұмыс істейтін кәсіпорындар саны арта түскен. Егер облыс бойынша алып қарасақ, Семейде әр төртінші адам кәсіпкер екендігі рас.

Жаңадан 2 189 жұмыс орны ашылса, бұл да кәсіпкерліктің игілігі. Қаланың бюджетіне кіріс беретін де осы сала. 2018 жылы Семейде салық салымы 15,1 млрд. теңгені құраса, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 146 пайызға артып отыр. Кәсіпкерлердің бастамасы мемлекеттік бағдарламаларға де септігін тигізеді. 2018 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша және «Ақ ниет» бағдарламасы бойынша Семейде 98 жоба 1,7 млрд. теңгеге орындалған. Қала басшысының есебінде айтылғандай, Семейде орта және шағын бизнесті негізінен жеке сауда орындары алып тұр, оның ішінде 1 489 сауда нысаны халықты жұмыспен қамтуда. Ең ірі деген 13 базар және 64 сауда орталығы бар. 11 супермаркетте 12 мың адам күн сайын сауда жасайды.

Бағаны тұрақтандыру және халыққа қолжетімді ету үшін қалалық кәсіпкерлік бөлімі 184 сауда орындарымен әлеуметтік азық-түлікке бағаны тұрақты ұстау жөнінде меморандумға қол қойған. 2018-2019 жылдары қаладағы 43 сауда дүкендерінде көкөніс пен картоптың келісі 72 теңге болса, қант 240 теңгеден саудалануда.

-Жақын арада «Ертіс» ӘКК арқылы жергілікті атқару органдары 20 жер телімін жеке сауда дүңгіршегін ашу үшін бөледі, сол жерде тұрақтандыру қорының тауарларын саудаға шығарамыз. Бұл халық үшін аса тиімді,- деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Кездесу барысында баспана ала алмай жүрген, мүгедек ақсақалы бар Күлия әже көмектесуін сұрады. Оның кезегі 162 орыннан бір жыл ішінде 138 орынға жылжыпты. «Бір жылда жүздеген үйлер беріліп жатыр. Менің кезегім қалай жылжымай отыр?», деді ол. Оны қала басшысы жеке қабылдайтын болды.
Сондай-ақ теміржолшыларға арналған Мәдениет үйін салу қажеттігі айтылды. Қабанбай батыр алаңы жөнделгенмен, маңайын толық аббаттандыру қажет. Қала әкімі су басу қаупінің алдын алу шаралары қарастырылғанын атап көрсетті. Қазгидромет, Шүлбі ГЭС-і, әкімдік бірлесіп, әр күн сайын ауа райы мен жағдайды мониторинг жасап отыр.

Жиын барысында облыс әкіміне Ертіс өзенінің су құбыры дюкері қашан жөнделеді деген сұрақ қойылды. Дюкер ұзақ жылдардан бері қарай апатты жағдайда тұр. Облыс әкімі оны жөндеуге 400 млн. теңге бөлінгенін жеткізді. Жиында сұрақ қойып үлгермеген азаматтарды қала әкімі Ермак Сәлімов өзі жеке қабылдап, мәселелерін шешетін болды.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button