Қоғам

Қаланы абаттандыру жұмысы жалғасын табады

Қаланы абаттандыру жұмысы жалғасын табады

Облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ жұмыс сапарының барысында біраз мәселелердің де түйіні тарқатылды.

Осыдан біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде қала билігін сынаған мақалалар жарық көрген болатын. Олардың айтуынша, қаланың ортасын қақ жарып өтетін Ертістің оң жағалауының өңі кетіп, Амфитеатрдың сәні болмай тұрған көрінеді. Сондай-ақ, Стрелка ықшамауданындағы мемориалды кешеннің де кетеуі кеткен тұстары көп. Мысалы, батырларымызға арналған тақталарды ретсіз өскен ағаш бұтақтары басып, көлегейлеп қалыпты. Облыс әкімі мақалалар жарық көрген бойда қала басшылығына айтылған сынды түзету туралы арнайы тапсырма да берген болатын. Ал өткен сенбі күні аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қала әкімімен бірге БАҚ назарына іліккен сол жерлерді арнайы барып, өз көзімен көрді.

Ең алдымен Амфитеатрға келген облыс басшысына қала әкімі Темірбек Қасымжанов алдағы жоспарларды баяндап берді. Жақын арада бұл жерде кіреберіс арка пайда болмақ. Амфитеатр мен Ертіс көпірі аралығындағы маңайда көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Жағалаудағы тозығы жеткен қоршаулар да ауыстырылатын болады.

Ал Стрелкадағы мемориалды кешеннің жағдайы жалпы алғанда жаман емес, қалыпты. Дегенмен, Мәңгілік алау маңына төселген кейбір бетон плиталарының мүжіле бастағаны байқалады. Облыс басшысы қала әкімі Темірбек Қасымжановқа осы плиталарды ауыстыру туралы арнайы тапсырма берді. Сондай-ақ, бұл арадағы жан-жағына жайыла өскен тал-шіліктерді де ретке келтіру қажет. Әсіресе, Кеңес Одағы Батырларына орнатылған тақталардың бетін жауып қалған бұтақтарды қырқып, ретке келтірген жөн.

– Бұл көп болса, бір-ақ күннің шаруасы, – деді облыс басшысы.

Қала әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинованың айтуынша, бұл жер қала тұрғындарының сүйікті орны. Әсіресе, таңертең Ертістің оң жағалауынан велосипед тебушілерді, өзен жағалай серуендеген тұрғындарды жиі көруге болады.

– Бұқаралық ақпарат құралдарының әрбір сынын билік бейжай қалдырмайды. Қоғамдық пікірді билік қашан да біліп, өзінің жұмысында ескеріп отырады. Айтылған кемшілік қашан да түзетілуі тиіс, қаланы абаттандыру жұмысы жалғастырыла береді, – деді облыс басшысы.

«Восток котлы» ЖШС кәсіпорнында болған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ болаттан жасалатын құбырларды дайындау технологиясымен танысты. Кәсіпорын директоры Серік Ақбергеновтың айтуынша, мұндағы станоктарда диаметрі 25-тен 108 миллиметр аралығындағы сегіз түрлі құбырларды шығаруға болатын көрінеді.

Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істесе, бір ауысымда 16 шақырымдық құбырды шығаруға қабілетті. Полиэтиленмен, сондай-ақ, мырышпен қапталған құбырларды жасаудың технологиясы жақсы жолға қойылған.

Қазіргі күні кәсіпорынның алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – отандық өнімдердің үлесін арттыру. Ол үшін аяғынан енді ғана нық тұрып келе жатқан кәсіпорынға қосымша заманауи құрал-жабдықтар сатып алу қажет. Несие де рәсімдеу керек. Осы орайда кәсіпорынның директоры Серік Ақбергенов жергілікті биліктің қолдауына да мұқтаж екенін жасырмады.

Мысалы, аталған кәсіпорын құбыр шығаруға қажетті шикізатты Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Темиртау» кәсіпорнынан сатып алатын көрінеді. Әзірге делдал арқылы әрекет ететін болғандықтан, өнімнің өзіндік құны жоғары болып тұр. Кәсіпорынға қажетті осы шикізатты төрт облыстың аймақтық ықпалдастығы аясында белгілі бір жеңілдікпен алуға болмас па екен деген тілегін білдірді. Жалпы, мұндай құбырларды сырттан тасығанша, өзімізде өндірген әлдеқайда тиімді екенін облыс басшысы да өз сөзінде атап көрсетті. Кәсіпорын қазіргі күні мамандарды дайындау мәселесіне үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл мәселеде мемлекеттік бағдарламалардың да әсері зор.

Осы орайда облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жаңа өндіріс орнына жан-жақты қолдау көрсету туралы жауапты адамдарға тапсырмалар берді.

Облыс басшысының тағы бір ат басын тіреген нысанның бірі – «Полиус» ЖШС. Үстіміздегі жылы бұл кәсіпорынның «Иілгіш орайтын заттарды шығаруды ұлғайту бойынша өндірісті қайта жаңғырту» жобасы аймақтық Индустрияландыру картасына енген болатын. Флексография деп аталатын жаңа технология да енгізілген-ді.

– 600 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, құны 300 миллион теңге тұратын басу машинасы еуропалық флексография жасауға әзір тұр. Сондай-ақ, фотополимерлі қалыптарды дайындау үшін лазерлі құрылымдар да орнатылды. Мұның бәрі шығарылатын өнімнің сапасын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға негіздел-ген, – деді кәсіпорын директоры Михаил Рыльский.

Былтыр кәсіпорында жұмыс істейтіндердің саны 142 болса, бүгінгі күні олардың саны 167 адамға жеткен көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бес арнайы жұмыс орны ашылған. 340-тан астам қазақстандық және ресейлік кәсіпорындармен әріптестік орнаған.

Михаил Рыльский аймақ басшысына кәсіпорындағы әлі түйіні тарқатылмаған мәселелер туралы да ашып айтты. Мысалы, кәсіпорын әлі күнге қалалық кәріз (канализация) жүйесіне қосылмаған екен. Мұның өзі өндірістің әрі қарай дамуын тежеп отыр деп айтуға да болады. Өрт сөндіру қызметі мен кәсіпорын басшылары әлі күнге белгілі бір тоқтамға келе алмай отырған көрінеді. Әлемдік өндірушілердің көлеңкесінде қалып қоймау үшін қазірден бастап өндірісті жетілдіріп, жаңарту жобаларымен айналысу қажет. Бұл мәселеде кәсіпорын жергілікті биліктің қолдауына зәру.

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласының әкімі мен оның орынбасарларына бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайтынын ескертті.
– Біз жаңа жобалар қажеттігі, олардың жетіспейтіндігі туралы жиі айтамыз. Көріп, куә болғандарыңыздай, кәсіпорында жаңа жобалар жоқ емес, бар. Ендеше кәсіпорынның жаңа идеяларын іс жүзіне асыруға көмек беру қажет, – деді облыс басшысы.

Қаланың шетіндегі «Қазақстан Solar Silicon» ЖШС-де жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұндағы тірлікті облыс басшысына зауыт директоры Василий Ли баяндап берді.

Бүгінгі күні кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етуде. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өндіріс өрісін кеңейте беруді тапсырды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button