Мәдениет

Қаланың қақ төрінде «Қазақ ауылы» ірге көтерді

Өскеменде өзгеше бір кешен ірге көтерді. Қаланың қақ төрінен, нақтырақ айтсақ, Достық үйінің жанынан ойып тұрып орын тепкен бұл «Қазақ ауылы» атты этнографиялық мейрамхана сәулетті де дәулетті шаһар келбетіне ұлттық нақыш сіңіріп, қазақы мәдениетті дәріптеп тұр.

Мұнда айнала үш қазақ үйі тігілген. Ортадағы орда байдікі, екі қапталда бәйбіше мен жас тоқалдың шаңырақтары. Ошақта от маздап жатыр, қазанға салынған құнан қойдың етінің иісі мұрынды қытықтайды. Қызыл қарағайдың қызуымен бұрқ-сарқ қайнаған сары самаурыннан маза кеткендей.
Қаланың қақ төрінде «Қазақ ауылы» ірге көтерді
– Аты айтып тұрғандай, мейрамхана кешеніндегі заттардың бәрі қазақтың ұлттық дәстүрімен, мәдениетімен тамырласып жатыр. Киіз үйлердің іші-сыртындағы бұйымдардың 95 пайызы берісі еліміздің түкпір-түкпіріндегі, арысы Моңғолия, Қытай секілді көршілес мемлекеттердегі қазақ шеберлерінің қолымен жасалған. Мәселен, үй жиһаздарының ішіндегі сандық, алаша, кілемше, көрпе-жастық, тұскиіз және басқалар сапасы жоғары нағыз қолөнер туындылары, – деп түсіндірген «Қазақ ауылы» мейрамханасының иесі, кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров мұндай ерекше кешенді құрудағы мақсат қарын тойғызып, табыс табу емес, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ата дәстүрімізді үйретіп, ұлттық мәдениетімізді аз да болса насихаттауға, үлес қосу екенін жеткізді.

Мұнда келген қонақтар дастарқанға жайылған ұлттық тағамдардың түр-түрінен: қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, ет-сорпа, құрт-ірімшіктен дәм татады. Ұлттық аспаптарда ойнап, ән салатын өнерпаздар келушілерді көтеріңкі көңіл күйге бөлейді. Жиырмадан астам адамды қабылдауға әлеуетті, жазда салқын, күзде жылы әрбір киіз үйдің ішкі безендірілуі, мазмұны иесінің мәртебесіне сай жасалған. Айталық, бай шаңырағының сәнін ер-тұрман, құрал-жарақтар келтірсе, бәйбішенің отауы сандықпен, ал тоқалдікі жиылған төсек, көрпе-жастықтармен жабдықталған.
Бір қызығы, осы үйлердің жанында қаңтарылған атсыз арба мен жыртық қапшығын арқалаған ертегі кейіпкері Алдар Көсенің бейнесі көзге шалынады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button