Қаламы қарымды журналистерге құрмет көрсетілді
Облыс орталығындағы Резиденция аралында облыс журналистерінің форумы өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, жыл сайынғы «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыйлығына жарияланған байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.
Халық арасында «төртінші билік» атанып кеткен саланың өкілдерімен кездесуді облыс басшысы қызықты дерекпен бастады.
-Таяуда облысқа Швеция Парламентінің спикері келген болатын. Мәртебелі қонақпен Курчатов қаласында болдық. Ол жердегі сынақ аймағының бір ғана Елбасының шешімімен жабылғанын естіп, шетелдік мейман таңғалды. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды оқиға еді. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің саны да, көшелерде ағылған көліктер де өңірдің экономикасының қарыштап дамып, тұрғындардың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының көрінісі екенін түсінген шетелдік досымыз «Сіздердің керемет Президенттеріңіз бар», – деді. Міне, Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз қарыштап дамып келеді. Ал қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерді, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа жеткізетін сіздер, журналистерсіздер. Мен барлықтарыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін жиналғандар үшін ең қуанышты сәт келіп жетті. Даниал Ахметов өңірдің тыныс-тіршілігін насихаттап жүрген қаламы қарымды журналистерге арнайы дипломдар және Алғыс хаттар, қомақты қаржылай сыйлықтар тапсырды. Бірден айта кетейік, біздің «Шығыс Ақпарат» ЖШС-нің бірнеше өкілі аймақтың журналистика саласын өркендетуге қосқан үлесі үшін атап өтілді. Облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Айнагүл Бәкімбаева «Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жарияланған үздік сараптамалық материал» номинациясы бойынша 1-дәрежелі дипломмен, жас әріптесіміз Ажар Сағатбекова «Журналистикадағы дебют» аталымында 1-дәрежелі дипломмен, газетіміздің корректоры, жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Гүлнәр Орамалова облыс әкімінің Алғыс хатымен, Семей өңіріндегі тілшіміз Раушан Нұғманбекова «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асырылуы туралы үздік материал» номинациясы бойынша 3-дәрежелі дипломмен, бұрынғы әріптесіміз, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым осы номинацияда 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Облыстық «Рудный Алтай» газеті «Аймақтың үздік баспа басылымы» атанса, «Altaynews.kz» үздік желілік басылым деп танылды. «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Оксана Сосновская «Шығыс Қазақстан – Менің Отаным» тақырыбындағы үздік патриоттық материал\” номинациясында 2-дәрежелі дипломмен аталып өтті.
«Семей таңы», «Устинка+» сияқты басылымдар, Көкпекті аудандық «Жұлдыз – Новая жизнь» газеті мен «Атамекен», «Қазақстан-Өскемен» , ТВК-6 телеарналары, «16news.kz», «YK-news.kz» желілік басылымдары өкілдерінің еңбектері де елеусіз қалған жоқ. Журналистика саласының ардагері Оңдасын Елубай ағамызға да құрмет көрсетілді. Журналистика саласында қызмет еткен елу жылда ол кісі аймақтың аса өзекті мәселелерін көтеріп, 18 кітаптың авторы атанған.
Лауреаттарды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жұмаділ Әділбаев, «Шығыс Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ирина Якунина және тағы басқалар құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Кеш барысында жиналғандарға 2004 жылы өткен журналистердің алғашқы форумынан түсірілген бейнетаспа көрсетіліп, облыстың шығармашылық ұжымдары концерт қойды.
Айна Ескенқызы