Руханият

Қаламгерлердің қатары көбейді

Шығыс өңірі орақ тілді ақын, ойы орамды жазушыға кенде емес. Сұлу жыр, сүбелі сөз қалдырған қаламгерлердің қатары жыл сайын қосылып келеді. Биыл да қос бірдей қаламгерімізді Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Сонымен қатар жетпістің желкенін қолға алған екі қаламгерге Жазушылар одағының құттықтау хаты тапсырылды.

Жазушылар одағына мүше болу мүмкіндігі барлық қаламгерлерге беріле бермейді. Ұлт руханиятына үздіксіз үлес қосып, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің қолына Жазушылар одағының куәлігі табысталады. Осы қағидаға сай облысымыздағы қаламгерлерге куәлік тапсыру сәті А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана төрінде өтті.

– Карантин жағдайларына байланысты біраз шаруа кешеуілдеп қалды. Биыл бірнеше қаламгеріміз мерейлі жасқа толса, бірнеше қаламгеріміз Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Одақтың берген куәліктері мен жіберген құттықтау хаттарын табыстаудың реті бүгін келіп тұр, – деді жиынды бастаған Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Жазушылар одағы жіберген қос куәліктің бірі алты алашқа аты мәлім айтыскер ақын, әріптесіміз Серік Құсанбаевқа табысталса, екіншісін жауһар жырымен поэзияға келген ақын, драматург Әскерхан Ақтайға тапсырылды.

– Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов ағамыздың тапсырмасымен шығысқа келіп қалдық. Биыл екі бірдей қаламгеріміз мерейлі жасқа толса, қос қаламгеріміз Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Карантин жағдайларына байланысты құттықтау хаттар мен куәлікті кешірек тапсырып жатырмыз. Десе де игіліктің ерте кеші жоқ, сөз зергерлерін құттықтаймын, – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.

Жиын барысында жазушы әрі журналист, қарт қаламгерлер Айтмұхамбет Қасымов пен Оңдасын Елубайға одақтың арнайы құттықтау хатын тапсырды.

– Аты алты алашқа мәлім одаққа мүше боламын деп ойламаппын. Мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымызға ғана лайықты орын деп жүрдік. Кейін келе елге танылдық, руханиятқа аздап үлес қостық. Екі кітабым жарық көрді. Жазушылар одағы облыстық филиалының ұсынысымен одаққа мүше болдым. Еңбегімді ескеріп жатқанына ризамын, – дейді су жаңа мүше Серік Құсанбаев.

Санитарлық талапты сақтаған кездесуге санаулы ғана қаламгерлер қауымы жиналып, сөз зергерлерін құттықтады. Сонымен қатар қаламгерлер алдағы уақытта жастарды да Жазушылар одағына мүшелікке қабылдау керектігін айтты.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button