Руханият

Қаламгердің мерейтойы Катонқарағайда өтеді

  Қаламгердің мерейтойы Катонқарағайда өтеді

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада көрнекті жазушы, драматург, жерлесіміз Қалихан Ысқақтың шығармашылығына қатысты онлайн-кездесу өтті.
Алматыдағы ұлттық кітапхана мен Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен өткен шарада Алматыдан белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, Өскеменнен Мүсілім Құмарбекұлы, Әлібек Қаңтарбаев, Тоқтарбек Мағзұмов, Бақытжан Райысова секілді ақын-жазушылар сөз алып, қаламгер шығармашылығы мен жазушы есімін ұлықтауға қатысты ойларын ортаға салды.
Бірінші болып сөз алған жазушы, Алматыдағы ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров қара сөздің қайталанбас шебері Қалихан Ысқақтың 80 жылдық мерейтойы туған жері Катонқарағай ауданында 18-20 қыркүйекте аталып өтетінін, жазушының кіндік кескен ауылы Топқайыңдағы мектеп алдына қаламгердің бюсті қойылатынын айтты. Жазушы туралы естеліктер жинағының баспаға жіберілгенін де атап өтті.
Жазушының замандасы Мүсілім Құмарбеков Қалихан Ысқаққа көзі тірісінде лайықты құрмет көрсетілмегенін айтып өтіп, туған жері – Шығыс Қазақстанда мектептер мен көшелерге есімі берілсе деген тілегін жеткізді. Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов қаламгердің қазақ өнері мен мәдениетіне, кино мен театр саласына өлшеусіз еңбек сіңіргеніне тоқталып, жазушыға қандай құрмет көрсетілсе де лайық деген пікірін білдірді. Жазушы Әлібек Қаңтарбаев Қалихан Ысқақ шығармаларының тілі жөнінде Семейдегі Шәкерім университетінің оқытушысы кандидатық диссертация қорғағанын, бұл еңбектің жазушы турасындағы алғашқы зерттеу жұмысы екендігін, ал жазушы Тоқтарбек Мағзұмов Өскемендегі мектептердің біріне Қалихан Ысқақ есімін беру қажет деген ұсынысын айтты.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button