Руханият

Қаламгер Қабанбайды неге ұмыт қалдырдық?

Қаламгер Қабанбайды неге ұмыт қалдырдық?

Қазақтың аса көрнекті жазушысы Марат Қабанбаймен бір мектепте оқығанымды қашан да мақтаныш тұтамын, ғұлама ғалым, әрі ақын Асқар Егеубай екеуін аузымнан тастамауға тырысып жүремін. Көзінің тірісінде Марат марқұм әдебиет пәнін менің анам Роза Салықбаевадан оқығанын мақтаныш ететін еді.
-Менің кітаптарымдағы ең ұнамды кейіпкерім – Роза апай, сенің анаң. Сүйікті ұстазымның атын әдейі өзгертпей алдым. Менің жазушы болып шыққаным бала кезімнен бағыт берген сол кісінің арқасы,- дейтін еді Мәкең екеуара сырласа қалғанда. Анамыз сол Марат Қабанбайды бастауыш сыныптан-ақ маған үлгі қыла бастаған. Үйге балалар шығарған қолжазба журналды әкеліп көрсетіп:
-Мына шығармаларды оқып шық және осыларға ұқсап өлең, әңгіме жазуға тырыс, – дейтін еді маған. Сосын: «Осылардың ішінде Марат Қабанбайдан үлкен жазушы шығады» деп үстеп, қайталап қоятын еді анам марқұм. Таланты тас жарып тұрған жүйрікті әуелгі аяқ алысынан-ақ тап басып таныған әулие екен дерсің…

Қаламгер Қабанбайды неге ұмыт қалдырдық?

Сол Мараттың «Сөну» деген тырнақалды әңгімесі 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарқ ете қалғанда, ол жоғарғы сыныпта оқитын. Әлі есімде, 5-шіде оқитын мен үйге келген журналдың жаңа санын парақтап отырып, күтпеген жерден «Марат Қабанбаев» деген аты-жөнді кездестіріп қалғанда, алғашында өз көзіме өзім сенбей, артынан есім шыға қуанғаным сондай, жалма-жан алып-ұшып, ас үйдегі шешеме апарып көрсеттім. Ол да ерекше мәз болып:
-Айттым ғой, біздің Мараттан білдей жазушы шығады!- деп. Міне, көрдің бе, жазушы болған деген осы! Сен мұны Маратқа өз қолыңнан апарып бер. Ырымға жақсы. Саған да жұғысты болсын!- дегені есімде қалып қойыпты.
Сол кезден бастап жазғандары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда үздіксіз жариялана бастаған Марат Қабанбаев ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскенімде 5-курста оқып жүр екен. Ол талантының арқасында топ жарып көзге шалынып, студент кезінде-ақ сол кездегі аса беделді газеттің бірі «Лениншіл жасқа» жұмысқа қабылданды.
Сол тұста Мараттың «Бақ-бақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» атты әйгілі повестері республикалық «Жалын» журналының жабық бәйгесінен жыл суытпай бас жүлдені жеңіп алып, атағы аспандап жүре берді. Кітаптан кітабы шыға бастады. «Жиһангез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала», «Сурет салғым келмейді», «Қазақ, қайда барасың?» атты кітаптары бірінен соң бірі оқырманға жол тартып, ыстық ықыласқа бөленді. «Арыстан, я и виоленчель», «Вот, он я – бывалый», «Горький вкус», «Эхо», «Долгий млечный путь» атты кітаптары Мәскеудің, Алматының баспаларынан орыс тіліне аударылып жарық көрді. Оның өзінің ауыр балалық шағын, жетімдік тағдырын суреттеген «Кермек дәм» романы бойынша көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаев «Қазақфильм» студиясында көркем фильм түсірді. Шығармалары неміс, украин, молдаван, латыш, өзбек тілдеріне аударылып басылып, шетелдік зерттеушілердің назарына ілікті. Соның арқасында таланты бағаланған жазушы Марат Қабанбаев сексенінші жылдардың ортасында Мартин Андерсен-Нексе атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл аса беделді дүниежүзілік сыйлық бұрын бүкіл Кеңес Одағы бойынша тек Михаил Алексеев деген орыс жазушысына ғана берілген болатын. Демек, бұл марапат бойынша Совет Одағының тарихында Марат Қабанбаев – екінші лауреат. Орыстар Алексеевті сол Андерсен сыйлығын алғаннан кейін бірден көкке көтеріп, Социалистік Еңбек Ері атағын бергені белгілі. Ал біздің басшылар ол кезде өз жазушымыз Марат Қабанбаевты кішкентай медальға да ұсынуды білмепті…
Әлемдік деңгейде танылған аса көрнекті жазушы Марат Қабанбаевты тосын ажал «Кентаврлар» атты күрделі романын аяқтатпай, 2000 жылы күтпеген жерден арамыздан мезгілсіз алып кетті.
Содан бері жылдар жылжып, 15 жылға жуық уақыт өтіпті. Бұл күнде Марат Қабанбайдың аяулы есімі ескерусіз қалып отыр. Аса дарынды қаламгердің атында туған жері, өскен елі, еңбек жолын бастаған өлкесі Шығыс Қазақстан облысында да, облыс орталығы Өскемен, Зайсан қалалары мен ауданында да, бүкіл шығармашылық ғұмыры өткен Алматы шаһарында да, тіпті, тұрған үйінің қабырғасында да еш белгі жоқ. Кеңсайдағы қабірі басындағы құлпытастан басқа жазушының атын ардақтап, еңбегін елейтіндей ешбір көшенің немесе мәдени нысанның болмауы көңілге кірбің ұялатады.
Өмірден небәрі 52 жасында өткен мұндай аса дарынды жазушымыздың рухын қастерлеп, аруағын сыйлап, лайықты құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы емес пе? Тиісті орындар осы мәселеге қашан жете көңіл бөліп, елеп-ескеріп, лайықты шешім қабылдар екен деген үмітіміз әлі өшер емес…
«Ештен – кеш жақсы» деген мәтелді малданудан жазған жеріміз жоқ десек те, азаматтың есімі ардақталар уақыты әлдеқашан жеткені айдан анық.

Ұлықбек Есдәулет,
ақын,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы

(Суреттер Азаттық радиосының сайтынан алынды)

Осы айдарда

Back to top button