Қоғам

Қаламды қаруға айырбастадық

Қаламды қаруға айырбастадық

Шығыстың бір топ журналистері Ұлттық ұлан сапында сап түзеп, қала сыртындағы оқу-жаттығу алаңында болып қайттық. Бір күн ішінде әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, түрлі қарудан оқ аттық.

Таңертең белгіленген уақытта 5518 әскери бөліміне жиналып, үстімізге су жаңа форма кидік. Жарқыраған берцының бауын қысып тұрып байладық. Әскери киім әркімге жарасып-ақ кетті. Бұдан кейін полковник Ниязтай Алкешевтің бұйрығымен сапқа тұрып, қауіпсіздік ережелерімен таныстық. Қалай дегенмен де, отты қарудан оқ атуға кетіп барамыз. Тәртіпке бағынбасқа болмайды.

– Отан қорғаушылар күні қарсаңында сіздерді оқу-жаттығу алаңына апарып, әскерилердің күнделікті тірлігімен таныстырсақ дейміз. Бұл – біздің дәстүрлі кездесуіміз. Бұл жолғы кездесудің бір ерекшелігі – әр журналист сайысқа түседі. Бірі мергендігін танытса, енді бірі күш-жігерін байқатады, – деді Ұлттық ұлан \”Шығыс\” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Ниязтай Болатұлы.

Қаламды қаруға айырбастадық

Қаламды қаруға айырбастаған тілшілер бара сала таулы жерде жүгіріп, бой қыздырды. Жеңіл-желпі жаттығудан кейін 9 миллиметрлі \”Макаров\” тапаншасынан нысанаға оқ атып, мергендігімізді байқап көрдік. Әркімге берілген алты оқтың үшеуін мергендіктерін байқап көру үшін жұмсаса, қалған үш оқты сайысқа түсу үшін қалдырды. Қаз-қатар тұрып, нысананы көздедік. Бірі дөп тигізіп жатса, енді бірінің оғы далаға кетті. Нұсқаушының айтуынша, дәлдеп атуды қыздар қауымы тез меңгеріп алатын көрінеді. Өйткені, олар командирдің айтқанын бұлжытпай орындауға тырысады екен.

Бұдан кейін \”Калашников\” автоматын бұзып, қайта құрадық. Уақытқа. Автоматты бірінші рет ұстағандардың өздері норманы орындамаса да, жақындады. Ереже бойынша 12 секундта бұзып, 15 секундта құрау керек. Ал нұсқаушымыз аға лейтенант Ринат Құрманбеков 8 секундта «АК-74» автоматын шашып тастап, құрауға берді.

Тапаншадан оқ атып, автомат құрастыру былай тұрсын, БТР-дің пулеметінен оқ жаудырдық. Ойлы-қырлы жерде жүйіткіген БТР-ге мініп, ат шаптырым жердегі нысанаға пулеметін бағыттадық. Бәрі командирдің бұйрығымен. Сөйтіп, таудың етегіне қойылған нысанның күлі көкке ұшып, орнында будақтаған көк түтін ғана қалды. Бұл жерде «Хабар» арнасының тілшісі Вячеслав Витлугин мен «Қазақстан Өскемен» телеарнасының операторы Евгений Щетников жақсы көрсеткіш көрсетті.

Мергендігімізді байқадық. Ендігі кезек улы газдан қорғанатын ОЗК плащ, противогаз киіп нормативті орындау еді. Мұны киюдің өзі көп-көрім әуре екен. Жалма-жан жанталасып, жылдам киюге тырыстық. Жалпы нәтижесі жаман емес. Облыстық ақпарат орталығының қызметкері Елжан Қайырханов уақытынан бұрын киіп, үздік көрсеткіш көрсетті.

Шаршап-шалдықпасақ та, әскери өмірдің шет жағасын көрдік. Күн жүріп үйренгеніміз осы болса, бір жыл әскерде болсақ, нағыз маман болып шығарымыз күмәнсіз екен. Ұлттық ұлан \”Шығыс\” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің ұйымдастыруымен өткен «Әскердегі бір күн» шарасынан кейін журналистер қауымы көрсеткен көрсеткіштеріне қарай салтанатты түрде марапатталды.

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button