Аламанның көрігін ардагерлер қыздырады
Салауатты өмір салтын ұстанған аға буын өкілдері Өскеменге жиналды. Еліміздің әр қиырынан. Шығыс жерінде спорт ардагерлерінің республикалық IV спартакиадасы басталды. Төрт жылда бір өткізілетін байрақты бәсеке биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында шымылдық түрген жарыстың ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті басшысының орынбасары Әбіл Дөңбай мен осы комитеттің бұқаралық спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Олег Чугунков сияқты бірсыпыра құрметті қонақтар қатысты. Спартакиаданың ашылу салтанатына дейін аталған тұлғалар журналистерге баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, сұрақтарға жауап берді.
– Бұл жарысқа қатысушылардың саны жылдан-жылға көбейіп, деңгейі арта түсуде. Мәселен, биыл 1600-ден астам ардагер сынға түседі. Алғашқы кезде аудан, облыстық дәрежедегі спортшылар қатысқан болса, енді қазір халықаралық, әлемдік бәсекелерде, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен ардагер саңлақтарымыз да бақтарын сынауда. Олардың қатарында Руслан Сейілханов пен Сағдат Садықов сынды шығысқазақстандық жанкүйерлерге есімі етене таныс азаматтарды атап өтуге болады, – дейді спартакиаданың бас төрешісі Әбіл Дөңбай.
Иә, биылғы жарыс сонысымен қызық. Кезінде Атланта мен Сидней Олимпиадаларында ел намысын қорғаған Ұлан ауданының тумасы Руслан Сейілханов, Сидней мен Афины Олимпиадаларында ұлттық құраманың сапында күрескен тағы бір жерлесіміз Сағдат Садықов және басқалары спартакиаданың көрігін қыздыра түспек.
Айтпақшы, дүбірлі додаға қатысушылардың ішіндегі жасы ең үлкені 72 жаста екен. Ол гір көтеру спортынан бақ сынайды.
Мамандардың айтуынша, спорттың 13 түрінен өткізілетін бұл жарыста 148 комплекті медаль сарапқа салынады. Оның ішінде атап айтсақ, жеңіл атлетика, волейбол, шағын футбол, стритбол, президенттік көпсайыс, қазақ күресі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, үстел теннисі, суда жүзу, гіртасын көтеруден мықтылар анықталады.
Ережеге сәйкес сайысқа 40 жастан жоғары ерлер және 35 жастан асқан әйелдер әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша қатысады. Командалық ойындар үш, күрес түрлері төрт жас ерекшелігі бойынша бөлінген. Бұл спартакиада Рио Олимпиадасына қатысатын отандастарымызды қолдау мақсатында қолға алынып отырғандықтан жарыс бастан-аяқ Олимпиада ойындарының кезеңдерімен өтеді.
– Жарыс қожайындары біз болғандықтан жақсылап дайындалдық. Жалпыкомандалық есепте жүлделі үш орынның бірін иеленуге мүмкіндігіміз бар. Әлеуетіміз жетеді. Тек спортшылардың баптары мен бақтары келіссін деп тілейік. Сенім артқан өкілдеріміз өз жерінде жанкүйерлерін жерге қаратпауы керек, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Олег Чугунков.
Жекелей сында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ, үздік командалар арнайы кубоктармен, медальдармен марапатталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең бастысы жүлде емес, ел тұрғындары арасында салауатты өмірді насихаттау, бұқаралық спорттың дамуына ықпал ету.
– Президенттің бұқаралық спортпен айналысатын халықтың үлесін 30 пайызға жеткізу жөнінде берген тапсырмасы бар. Қазір бұл меже 25 пайызға жетті. Осы орайда ардагерлер спартакиадасы бұқаралық спорттың жаңа белеске шығуына серпін береді деп ойлаймыз. Өйткені бұл жарыс елімізде осы мақсатта атқарылған төрт жылдық жұмыстың нәтижесі, – дейді спорт және денешынықтыру істері комитеті бұқаралық спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.
Сонымен спартакиада басталды. Төрт күнге созылатын доданың өту барысы мен қорытындысын газетіміздің келесі санынан оқисыздар.
Серік Әбілхан