Руханият

Қалқаман Абай метебінде болды

Қалқаман Абай метебінде болды


Өскемен қалалық Абай атындағы №33 мектепке мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Сарин келіп, оқушылармен кездесті.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жобамен облыс орталығына келген жерлес ақын аталмыш мектепте екі сағатқа жуық емен-жарқын әңгіме өрбітті.
Жалпы ақынның бұл мектепке ат басын бұруы кездейсоқтық емес. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында бой көтерген ауылдың бұл мектебі облыс орталығындағы іргелі рухани ошақтардың біріне айналып келеді. Алғаш ашылған жылдары Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды ақындармен, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бастаған марқасқалардың табаны тиген киелі ордадан бүгінде талантты оқушылар түлеп ұшып жатыр. Ақын Мұратхан Месейханұлының жетекшілігіндегі ақындар сыныбы Жүрсін Ерманның жүйріктерінің қатарына қосылып үлгірген Саягүл Бірлесбекқызы сынды ақындарға қанат бітірді. Қазір қалалық оқушылар айтысы мен мүшәйралары көп жағдайда осы мектеп оқушыларының қанжығасында кетіп жүр. Өлең дейтін ұлы өнерді өз әлдерінше дамытып келе жатқан оқу ордасына Қалқаманның келуінің бір себебі осында жатса керек.

Ақынды Абай мектебі арнау жырмен қарсы алды. Оқушылар айтысында оза шауып жүрген Ерасыл Ермекұлы үкілі домбырасынан Қалқаманның басқан ізін айшықтайтын әдемі жыр төкті. Мектеп директоры Есімхан Әкітбаев ақжарма тілегін айтты.

– Жуырда Елбасының Жарлығымен биылғы жыл Жастар жылы деп аталды. Осы мерекеге орай облыс орталығында үлкен форум өткелі жатыр. Соған орай қазақ поэзиясындағы орта буынның көрнекті өкілдерінің бірі Қалқаман бауырымыз мектебімізге арнайы келіп отыр. Сіз Өскемендегі Тәуелсіздік жылдары бой көтерген біздің мектептен іссапарыңызды бастап отырғаныңызға өте қуаныштамыз. Балаларды шығармашылық шыңға жетелейтін мұндай қарым-қатынасымыз бұдан кейін де жалғасады деген үміттеміз, – деді мектеп басшысы.

Абай ауданы, Арқат ауылында дүниеге келген ақын бұған дейін бірнеше жыр жинағын шығарып, поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгіргені белгілі. Әсіре танымал әншілердің репертуарынан түспейтін сыршыл ән мәтіндері есті тыңдарманның есінде болар. Кездесу кешінде мектеп ұжымындағы өнерлі мұғалімдер мен талантты оқушылар сол әндерді орындады. Айталық, Шығыс Қазақстан туралы үздік әндердің байқауында топ жарған туынды «Шығыс шырайы», жұбайлардың сүйікті әніне айналған «Аяла мені» сынды әндердің сөзін осы Қалқаман жазғанын біреу білсе, біреу білмес.
Бұдан кейін ақын шығармашылығына қызығатын оқушылар сұрақты қарша боратты. Ақынның өзі қаршадай оқушыларды осынша дүниенің толғандырып жүргеніне таңғалысын жасырмады. Тіпті, жауап беру сәтінде «егер осы сұрақты өзіңіз ойланып-толғанып қойып отырсаңыз болашағыңыздан зор үміт күтуге болады, әрине, мұғалімдеріңіз дайындап бермесе» деуі сол ойымыздан дерек бермей ме?! Сұрақ қоюшы бала, эстрада әндерінің сөзі қазіргі таңда өте жеңілденіп кеткенін, тіпті, көркемдіктен жұрдай екенін тілге тиек еткен болаты. Тағы бір оқушы, жастардың жастық деңгейін Елбасы 44 жасқа дейін өсіргенін меңзей келіп, шартты түрде жастар қатарына кірген кеш қонағынан Жастар жылына қандай жоба-жоспарының бар екенін сұраған. Бұған «бұйырса жаңа кітабымды шығарып, кеш беруді жоспарлап» отырмын деді.

Бұдан кейін ақындар сыныбының өнерлі оқушылары шығып, ақынға деген адал пейілдерін ақ қағазға түсірді. Мектеп ұжымы құрметті қонаққа шапан жауып, ыстық ілтипаттарын танытты.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button