Қоғам

Қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетілді

Қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетілді


Қалам ұстаған қауымның жылына бір келетін төл мерекесін шығысқазақстандық БАҚ өкілдері де ерекше атап өтті. Сол жағалаудағы Этноауылдағы орталық киіз үйде өткен журналистердің облыстық форумына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, қоғамның алға басуына қаламымен үлес қосып жүрген журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Бұл жолғы төл мерекесін шығысқазақстандық журналистер қасиетті Қадір түнінің қарсаңында тойлады. Тәуелсіз еліміздің әрбір жетістігін жалпақ жұртқа паш етіп, қуанышын сүйіншілеп, абыройын асқақтатып келе жатқан қалам иелері өздерінің қоғамдағы орнының қандай салмақты екенін тағы бір мәрте сезінді. Журналист – қадірлі мамандық. Журналистің қаруы – құдіретті қаламы. Сол қаламның ұшынан тәтті сөз де, ащы у да төгіледі. Сол қаламнан хан да, қара да қаймығады. Ендеше жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген құдіретті қалам иелері қандай құрметке болсын лайық!

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған облыстық журналистер форумына жиналған қауымды Жақсылық Омар құттықтап, жылы лебізін білдірді.

-Құрметті әріптестер, құрметті журналистер! Бүгін ерекше күн. Себебі, журналистиканың қоғамдағы алатын орны ерекше. Әсіресе, бүгінгідей ақпараттың ағыны жүйрік, түрлі жаңалықтар құйылып жатқан кезеңде журналистер күні ерекше маңызды деп айтуымыз қажет.

Жалпы бүгінгі әлемдік журналистика түрлі өзгерістерге толы деп айтуымызға болады. Қазіргі журналистиканы осыдан жиырма жыл бұрынғы журналистикамен салыстыруға мүлдем келмейді. Қазір жыл сайын, ай сайын, күн сайын, сәт сайын жаңалықтардың жылдамдығы артып жатқан уақыт. Хабардың алыстан жылдам келетін уақыты. Бұрын бір газет, бірнеше телеканал ғана болса, қазір бірнеше телеканал, жүздеген газет, мыңдаған сайт, миллиондаған әлеуметтік желі бар. Сондықтан да осындай уақытта, осындай кезеңде жұмыс істеудің өзі бір ғанибет! Өзіндік қиыншылығымен қатар әрі өзіндік қызығы да бар. Сондықтан да осыдан жиырма, отыз жыл бұрынғы журналистерге қарағанда бүгінгі журналистердің мойнына артылатын жүк өте ауыр. Осы сұранысқа, осы талапқа жауап беру үшін бүгінгі журналистің ең әуелі өзіндік ұстанымы болуы керек. Өзінің азаматтық борышын түсінетін, білімі мен білігі мол журналистер ғана осы үдеден шыға алмақ. Осы орайда мен Шығыстың барлық журналистері осы міндеттен толық шығып отыр деп айта аламын. Әрине, журналистерге айтылатын сын да, әңгіме де көп. Сөздің шыны керек, кейде ананы неге жазасың, мынаны неге айтасың деп журналистерге ренжиміз де. Бірақ айналып келген кезде БАҚ пен билік өкілдерінің істейтіні бір жұмыс – осы елдің дамуы, көркеюі, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы. Сондықтан да қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып жүрген журналистерді кәсіби мерекесімен тағы бір мәрте құттықтаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Бұдан кейін сөз кезегін Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі министрліктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов алып, облыс журналистерінің мемлекеттің дамуына қосқан үлесінің зор екенін ерекше атап айтып, журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Бұл күні ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналистердің ешқайсысы да марапатсыз қалмады. Облыс әкімінің сыйлығына ие болғандардың арасында өзіміздің қос бірдей әріптесіміз де бар. Газетіміздің экономика бөлімінің тілшісі Есімжан Нақтыбайұлы «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» номинациясы бойынша, ал газетіміздің Зайсан ауданындағы меншікті тілшісі «Президент Жолдауын іске асырудағы ақпараттық үлесі үшін» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, облыстық басқармалар да үздік журналистерді марапаттап, сый-сияпаттарын ұсынды. Облыстық «Дидар» газетінің руханият бөлімінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлы мен газеттің фототілшісі Есімхан Орынбаев облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының сыйлығына ие болса, ал Хабар бөлімінің меңгерушісі Серік Әбілхан дін басқармасының, Есімжан Нақтыбайұлы ауыл шаруашылығы басқармасы атынан тағайындалған арнайы сыйлықпен марапатталды. Ал газеттің руханият бөлімінің меңгерушісі Мейрамтай Иманғали тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button