Қоғам

Қалалықтар қысты көңілді өткізіп жатыр

Қалалықтар қысты көңілді өткізіп жатыр

Беттері домбығып масайраған балалар, шана сүйреген ата-ана. Қолдары қалт еткен қалалықтар мұз қалашықтарын бетке алып, жаңажылдық шыршаның айналасында сырғанақ теуіп, бос уақыттарын тиімді өткізуде.
Өскемен қалалық спорт бөлімінің мұрындық болуымен шаһар тұрғындары және қонақтары үшін қаланың бірнеше жерінде қысқы салауатты демалыстың түр-түрі ұйымдастырылған. Соның бірі – Комсомол аралы. Мұнда келушілердің бірі аяқтарына коньки байлап, мұз айдынында сырғанақ тепсе, енді бірі қолдан жасалған төбешіктен төмен қарай құлдилай сырғанайды. Сонымен қатар, жалға берілетін аттармен серуендеп келуге де болады. Тоңып қалған ойын балалары, ата-аналар «Шайханада» сатылатын ыстық шайдан ішіп бойларын жылытады. Бұл жерде ыстық шай ғана емес, таңдаған ыстық тамақтан алып, жүрек те жалғап алуға мүмкіндік бар. Ал коньки теуіп айызы қанғандардың кейбіреуі шаңғы жолына шығып зырлай жөнелді. Мұнда шаңғы жолы салынған бір жарым шақырымдық үлкен шеңбер және сегіз жүз метрлік кіші шеңбер бар. Түнгі уақыттарда кіші шаңғы жолы жарықтандырылып қойған. Комсомол аралында жалға берілетін 40 жұп шаңғы, 200 жұп коньки бар. Шаңғы мен конькиді жалға алу құны – 500 теңге (бір сағатқа). Ұйымдастырушылардың айтуынша, демалушылар үшін бір сағат артығымен жеткілікті көрінеді. Мұнда шаңғы жолы қаладағы Комендантка өзенінің және Протазанов көшесінің бойында да бар Алдағы уақытта тағы да уш шаңғы жолы салынбақ. Ал Семей қаласында бес шаңғы базасы күнделікті жұмыс істеп тұр. Хоккей ойнаушылар үшін жалпы білім беру мекемелері мен интернаттарында 35 мұз қорабы құйылған. Бұдан бөлек коньки тебушілерге арналған төрт мұз айдыны жұмыс істеп тұр.

Қалалықтар қысты көңілді өткізіп жатыр

– Салауатты өмір салтын ұстанып, Комсомол аралына демалуға келіп жатқандар өте көп. Бір сағаттай коньки теуіп, бойларын жылытып алғаннан кейін шаңғы жолына да шығуға болады. Спорттық құралдарды жалға беру бағасы қалалықтардың қалтасы үшін тиімді, – дейді Өскемен қаласы әкімдігінің «Істер басқармасы» КМҚК жетекшісі Самалбек Саматов.
Комсомол аралындағы қысқы демалыс орны дүйсенбіден басқа күні түскі сағат екіден түнгі он бірге дейін жұмыс істесе, сенбі мен жексенбіде таңғы сағат оннан түнгі он бірлерге дейін қалалықтар мен қала қонақтары үшін есігі ашық. Дүйсенбі санитарлық күн деп жарияланған. Қалалықтардың ішінде коньки тебуді әдетке айналдырып, күнделікті келіп тұратындар да бар екен.
– Қыстың әр күнін қызықты өткізуге болады. Күнделікті үйде компьютердің алдында отырғаннан гөрі кешкілік достарыммен бірге коньки теуіп қайтамын. Демалушылар үшін Комсомол аралы таптырмас орын. Өзі қаланың ішінде, алысқа барудың қажеті жоқ. Автобустың аялдамасы да жақын, – дейді 7-сынып оқушысы Санжар Тілеухан.
Айта кетерлігі, мұз алаңқайларында аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін қызмет көрсетіледі.

Қалалықтар қысты көңілді өткізіп жатыр

Кейбір демалушылар шаңғы теуіп, терлеп-тепшіп келгеннен кейін киім ауыстыратын орын салқындау дегенді алға тартады. Бірақ күнделікті Комсомол аралына ағылып жатқан адамдарда есеп жоқ. Аралдың кіреберісінде көлік кептелісі мен ішкі тәртіпті қадағалап жүретін жол-патрульдік полиция қызметкерлері де жұмылдырылған. Қала ішінде Комсомол аралынан басқа «Алтай» стадионында да коньки тебуге арналған мұз айдыны бар. Ол жерде кішкентай балалар үшін шағын мұз айдыны құйылып, сырғанақ тебуге арналған төмпешік жасалып жатыр. Тамаша демалыс орындары бар өскемендіктер үшін қыс мезгілі көңілді өтері сөзсіз.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button