Алакөлдің туристік тартымдылығының қарыштап өскенін байқаған Шығыс Қазақстан облысының басшылығы бірнеше жыл бұрын туристік кластерді дамыту бағытында нақты осы аймаққа қатысты маңызды шешімдер қабылдаған болатын. Дер кезінде қолға алынған бұл шешімнің дұрыс болғанын бүгінгі күн дәлелдеп отыр.
Аталмыш аймақтың туристік әлеуетін ұтымды пайдалану мақсатында арнайы тұжырымдама жасалып, бүгінде көл жағасында емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, экологиялық, ауыл туризмін дамыту сынды бағыттарда кешенді жұмыстар жүргізілуде.
– Егер біз ауданда туристік кластердің барлық сегменттерін бірқалыпты дамытуға күш салсақ, бұл өз кезегінде туристер легін арттырып, адамдардың демалысын ұйымдастырумен айналысатын ірі инвесторларды тартуға жағдай жасайтыны белгілі, – дейді Үржар ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.
Инфрақұрылымды дамыту – басты міндет
Ауданда жолаушы тасымалына қатысты мәселелер де өз шешімін табуда. Атап айтсақ, бүгінгі күні Үржарға автомобиль және теміржол көлігімен ғана жетіп қоймай, оған қоса әуе тасымалы да жолға қойылған. Яғни, Өскеменнен аудан орталығына ұшақпен де жетуге болады. Биыл күзде Үржар әуежайының ұшып-қону жолағына қатысты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, Өскемен – Семей – Үржар бағытындағы әуе жолы жолаушыларға қайтадан қызмет көрсете бастады.
Естеріңізге сала кетсек, Алакөлдің Үржар ауданы жағындағы туристік тартымдылығын одан ары арттыру мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы аудандық әуежайға қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Жоба шеңберінде ұшып-қону жолағы мен жолдарды, перронды қайта жаңғырту, жарық сигналды құрылғылар мен қоршаулар орнату сынды жұмыстар қолға алынды. Осылайша әуежайдың қауіпсіздігі мен сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар іске асырылды.
Бұдан бөлек әуежайдың ғимараты жөнделіп, ұшып-қону жолағы 600 метрге ұзартылды, әуежай заманауи ұшақтарды қабылдай алатын болды. Оған қоса перрон аумағы да ұлғайтылды.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үржар әуежайының субсидиялауға жататын рейстеріне мердігер әуе компаниясын анықтау бағытындағы конкурстарды дер уақытында жүргізіп, қажетті қаражат бөлінді.
Сөйтіп, Үржар – Алматы» және «Үржар – Астана» әуе бағыттары бойынша әуе тасымалдаушысы болып «Оңтүстік аспаны» әуе компаниясы белгіленді. Жаз маусымында аптасына он рейстен «Ан-24» ұшағы ұшса, қалған уақытта жолаушы тасымалы аптасына бес реттен жүргізілмек. Ал билет бағасы 14-16 мың теңге төңірегінде болмақ.
Дей тұрғанмен қазіргі уақытта теміржол көлігін таңдаған жолаушылардың көл жағалауына жайлы жетуіне қатысты бірқатар мәселе әлі де болса шешімін табуды қажет етеді. Атап айтсақ, Көктұма ауылындағы теміржол вокзалының ғимараты мен оның маңайын абаттандыру қажет. Бүгінде мұнда пойыз күтетін зал, заманауи теміржол кассасы мен демалыс бөлмесі сияқты жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ететін өзгерістер қажет-ақ.
Жағалау жайлана түсті
2000-шы жылдардың басында демалушылар көл жағасындағы демалысты жай ғана шатыр тігіп, я болмаса қарапайым жер үйде өткізсе, бүгінде мұнда 350-ге жуық туристік нысан салынған. Олардың басым көпшілігі жоғары деңгейде қызмет көрсететін демалыс үйлері мен базалары болып келеді.
– Биыл ғана жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге инвестициялық қаржы құю арқылы 13 жаңа демалыс базасы бой көтерді. Өткен жылы 400 орындық ірі демалыс базасы жұмысын бастаған болатын. Ал келер жылы жайлылығы жоғары тағы екі қонақүй кешенін салу жоспарланып отыр, – дейді Ерзат Болатов.
Құрылыс қарқынының артуы өз кезегінде көл жағасына тартылатын туристер санының көбеюіне де мүмкіндік жасады. Мысалы, 2009 жылдың жазында Алакөлде демалған туристер саны 60 мың адам болса, биыл демалушылар саны 1,2 млн адамға жеткен. Ал коронавирус пандемиясына дейін максималды көрсеткіш 1,7 млн демалушыға дейін жеткен кезі болған.
Туристік кластердің жақсы дамуы аудан экономикасының да бірқатар дәрежеде алға жылжуына жол ашты. Мысалға айтар болсақ, осыған дейін тек мал шаруашылығымен айналысып келген Көктұма ауылының тұрғындары соңғы жылдары келімді-кетімді туристерге қонақүй қызметін ұсыну сияқты туризм саласына да бет бұра бастады. Демалушыларға қызмет көрсету ауылдықтардың қосымша табыс көзіне айналды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етпек
Дегенмен құрылыс қарқынының артуы көл жағалауындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар проблеманы туындатып отыр. Бір-біріне жақын орналасқан демалыс үйлері мұндай жағдайда көптеген адамдарды тығырыққа тірейтіні белгілі. Биыл жазда осындай оқыс оқиға болып, әп-сәтте төрт демалыс базасы күлге айналды.
Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бүгінде Үржар ауданының көл жағалауына жақын елді мекендерінің бірінде өрт сөндіру депосын ашудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал құрылыс жұмыстарын 2023-2024 жылдары жүргізу жоспарланған. Айта кетсек, Алакөлге арналған арнайы техника қазірдің өзінде дайын. Өйткені еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі жаңадан құрылған Абай облысының өрт сөндіру бөлімшелерін материалдық-техникалық жағынан қамсыздандырып қойған. Арнайы автокөліктердің бір бөлігі Үржар ауданына жіберілетін болады.
Тағы бір мәселе – көл жағасын бекіту жұмыстары. Мамандардың айтуынша, жыл сайын 10 метрге жуық көл жағалауы су астына кететін көрінеді. Егер жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізбесе, аумақты абаттандыруды ары қарай жалғастырудың еш мәні жоқ көрінеді.
Жергілікті тұрғындар бұған дейін Көктұма ауылының бірнеше көшесінің су түбіне кеткенін айтады. Жағадағы жарқабақпен бірге тұрғын үйлер, шаруашылық ғимараттар мен демалыс базалары да құлап жатады. Аудан әкімдігі осындай шығынға ұшыраған тұрғындарға жер учаскелерін бөліп отырады.
Екі жыл бұрын облыста Алакөл жағалауын беріктендіруге байланысты жалпы сомасы 17,5 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалған болатын. Бірақ жобаланған жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. Оның бір себебі – жағалауды беріктендіру жұмыстарын қаржыландырудың республикалық бюджет есебінен жүргізілуінде. Олай болмағанда өңір басшылығы бұл істі бірнеше жыл бұрын біржақты етер еді.
Көл жағалауының тазалығы да қазіргі уақытта бас ауыртып, балтыр сыздататын мәселелердің бірі. Суға түсу маусымы кезінде демалушылар тұрмыстық қатты қалдықтарды тастап кететіні рас. Осының кесірінен қоқыс үйінділері пайда болып, оларды шығаратын жер қалмай қалады. Ал жүргізілген космомониторинг Көктұма, Ақши және Қабанбай ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін полигондары аумақтарының қазірдің өзінде бір шаршы шақырымнан асып кеткенін анықтаған. Нәтижесінде желі жиі соғатын бұл аймақтарда қоқыс полигондарындағы пакеттер мен пластик құтылар полигоннан тыс аумақтарды ластап жатқан көрінеді. Ал бұл мәселені шешу үшін заманауи қоқыс сұрыптайтын кешені бар жаңа полигондар салу қажет.
Өңір басшылығы инженерлік инфрақұрылым мен экологиялық жобаларды жергілікті атқарушы органдардың кезең-кезеңімен қаржыландыруға әзір екенін атап өтті. Тек мұндай жағдай бизнесмендер салықты уақтылы және ашық түрде төлеген жағдайда ғана іске аспақ. Өйткені облыс бюджетіне түскен салықты сол кезде Алакөл жағасын абаттандырып, инфрақұрылымын дамытуға жұмсауға мүмкіндік тумақ.
Екатерина Гуляева
Үржар ауданы.