Қоғам

Алакөлдегі ғарышкермен кездесу

Шипалы Алакөл жағасындағы Қабанбай (бұрыңғы Жарбұлақ) ауылына демалу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден туристер бұрындары да көптеп келетін.

Солардың ішінде Қабдеш Жұмәділов, Медеу Сәрсеке, Зейнолла Сәнік, Оразақын Асқар, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сында танымал тұлғалар келіп, көбімен ауыл халқы арасында кездесулер өткізіп тұратынбыз.

2007 жылы тамыз айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та Алакөлде демалып қайтқан-ды. Тұңғыш Президент бір сұхбатында «Сіз демалыстарыңызды қай жерлерде өткізесіз?» деген сұраққа «Мен әлемнің талай жерін аралап, талай жерді көрдім. Бірақ өзіміздің Алакөлдің шығыс жағына барған кезде таза, мөлдір, емге шипа көлді бірінші рет көрдім» деп жауап берген болатын.

Осындай қызықты кездесулердің бірі косманавт Павел Поповичпен болды. «Жарбұлақ» қой совхозының директоры Рақымғали Төлеубеков екеуіміз аудандық партия комитетінің жиналысында отырғанбыз. Мен ол кезде совхоздың партия ұйымының хатшысымын. Жиын үстінде аудан басшысының хатшысы кіріп, бірінші хатшыға «Кешіріңіз, сізді обкомның  бірінші хатшысы телефонға шақырады» деді. Жақан Смағұлов сөйлесіп келген бойда «Төлеубеков, Юсбеков, дереу ауылдарына қайтып, Алакөлге келе жатқан космонавт Поповичпен кездесу ұйымдастырыңдар!» деді. Бұл 1978-79 жылдар болатын. Ауылға келе салып, екі-үш сағатта кездесуді бастап кеттік. Поповичті ауыл өнерпаздары нан-тұзбен қарсы алды.

Павел Романович 1930 жылы украин хуторында туып, оқу бітірген соң әскери ұшқыш мамандығын игеріп, сынақшы-ұшқыш болғанын айтты. Космонавт тобына қабылданып, дайындық курсынан өткен. 1962 жылы ғарышқа бірінші рет ұшып, Кеңес Одағының Батыры атағын алады. 1974 жылы екінші мәрте ұшып, тағы да батыр атағымен марапатталады. Ауыл тұрғындары өте көп сұрақ қойып, оған толық әрі қызықты жауаптар алды. Халық қызыға тыңдап, риза болды. Қойылған сұрақтарының ішінде «Радиодан хабарлағанда космонавтардың қал-жағдайы жақсы дейді. Ал сіздер өздеріңізді қалай сезінесіздер?» деген сауал болды. Оған: «Алғашында ауыр сезінеміз, басымыз ауырады, біраз уақыт өткенде қалпымызға келеміз, бізді арнайы аспаптар бақылап, Жерге белгілі нормадан аспағанын жіберіп отырады» деп жауап берді ғарышкер.

Сондай-ақ «қандай тамақ ішесіздер, салмақсыздықты қалай сездіңіз, Жерді көріп, оны қалай бағаладыңыз, космоста басқа денелерді, бейнелерді көрдіңіз бе?» деген секілді сұрақтар болды. Соның ішінде «Генерал атағын қашан берді?» деген сұраққа қызықты жауап қайтарды.

– Осы сұрақты әкем де жиі қоятын. «Осы сен қашан генерал боласың?» дейтін. Өкінішке қарай, маған генералдық шенді жайырақ берді. «Мен Совет Одағының Батырымын. Мұндай атақты әркім ала бермейді. Не көп, генерал көп» десем, «Жоқ, мен үшін генералдың әкесі болу – үлкен мақтаныш, сен генерал болғанда бүкіл хутордың халқына той жасаймын» дейтін. Айтқанындай, мен генерал шенін алғанда бүкіл хуторға той жасап, «Енді бүгін өлсем де арманым жоқ, генералдың әкесі болып өлемін» деп қуанды, – деген еді қонағымыз.

Кездесу соңында қазақтың салт-дәстүрімен иығына шапан жауып, ризалығымызды білдірдік.

 

Сләм Юсбеков,

зейнеткер

Семей.

 

Осы айдарда

Back to top button