Алакөлдегі демалыс базаларының саны 200-ден асты
Былтыр мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі ең үздік 10 туристік орынды жариялаған-ды. Осы тізімге шипалы Алакөл де енген.
Алакөл – теңіз деңгейінен 347 метр биікте орналасқан тұзды көл. Ұзындығы – 104, ені – 52 шақырым. Суы минералдарға бай. Құрамы жағынан Канаданың Атабаска көліне жақын.
Суының жаздық орташа температурасы – 26 градус. Судағы минералдар тыныс алу, сүйек-бұлшық ет, жүйке жүйесі, тері, радикулит, өкпе, обыр ауруларына оң ықпал етеді.
Алакөлдің шығыс жағасында демалушыларға қызмет көрсететін 375 кәсіпкерлік нысан орналасқан, атап айтқанда 207 демалыс базасы, 41 дүкен, 83 дүңгіршек, 40 тамақтану орны, үш дәріхана, автобекет бар. Былтыр 19 база жаңадан қосылды.
Былтыр жағалауда кәсіпкерлік нысандарынан аудан экономикасына 3278,2 миллион теңге инвестиция құйылды. Сонымен қатар 3700 орынға арналған Alazone arena мәдени ойын-сауық орталығы, 250 орынға арналған Alakol love туристік кешені іске қосылды. Tourist info ақпараттық орталығы бір терезе қағидаты аясында демалушыларға тегін қызмет көрсетіп келеді.
Жағалауда кәріз жүйесін жаңарту, 60 гектар жер телімін құрғату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар 2021-22 жылдарға межеленген. 2022-23 жылдарға құны 750 миллион теңгеге тоғыз демалыс үйін салу, бес демалыс үйін кеңейту жұмыстары жоспарланған. Былтыр Мақаншы – Көктал электр желісінің құрылысы аяқталды. Бұл жағалау инфражүйесін дамытып, демалыс үйлері жұмысын жақсартады.
Үржар әуежайын жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. Алдағы айларда пайдалануға берілмек. Ұшу-қону жолағы 1500 метрден 2100 метрге ұзарып, ені 35 метрге дейін кеңейтілді. Екі әуе кемесі тұрақтайтын перрон, бақылау мұнарасы салынды. Сондай-ақ ұшу-қону алаңына жарық-сигналды жабдықтар орнатылады. Осы арқылы ұшақтардың түнде қонуына мүмкіндік туады.
Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.