Алакөлде Орта Азиядағы ең үлкен сахна салынып жатыр

Шомылу маусымының ашылуына санаулы күндер қалды. Кейінгі күндері сынап бағанасы +30С-тан төмен түспей тұр. Аптап ыстықта, кім-кімнің болмасын жағажайды аңсайтыны анық. Қуанарлығы, Шығыс жұртшылығы үшін демалатын орындар жетерлік. Солардың бірі – Алакөл шипажайы.
Шипажайға баратын демалушылар жыл сайын жаңа демалыс базаларымен танысады, өйткені көлге ағылатындар саны өсіп келеді. Осыған орай Алакөлде биыл ерекше нысанның ашылуы болмақ. Ол қандай нысан?
Екі жүзден аса демалыс базасы бар Алакөлде кейінгі жылдары туризмді дамыту мақсатында талай жоба қолға алынды. Жағажайда түрлі аттракциондар, мейрамханалар, көздің жауын алатын қонақүйлер және Арбат салынды. Енді, міне, дәмді ас пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ірі нысан ашылмақ. Нысанның аты – Alazone арена.
Егер осыдан бір жыл бұрын шипажайда болсаңыз, ауқымды жоба жайлы естіп, құрылысын да көрген боларсыз. Былтыр іргесі қаланып жатқан арена биыл тіптен жаңа кейіпке енген. Инвестициялық жобаны «SignTech company» директоры Жалын Жайнарбай мен «Semey korkem» компаниясының директоры Арман Ахметқанов жүзеге асырып жатыр.
Юрмала қалашығының үлгісінде салынып жатқан аренаның сыйымдылығы – 4000 адам. Ал сахнасы Орта Азиядағы сахналардың ішіндегі ең ірісі болмақ. Сахнаның төменгі қабатында өнерпаздарға арналған әрлеу бөлмесі бар. Ол ол ма, жұлдызды қонақтар сахнаның астынан шығады. Әдетте, теледидардан ғана көріп жүрген шоуларды енді шынайы өмірде тамашалай аламыз. Ашық аспан астындағы нысанда сахнадан бөлек би алаңы, намазхана, қонақүй, балалар алаңқайы, көгал, караоке және мейрамхана бар. Мейрамхана 700 адамға қызмет көрсете алады. Инвесторлардың айтуынша, тамақтануға келгендердің алаңсыз концерт тамашалауға мүмкіндігі бар, себебі дастархан сахнаға ыңғайлы орналасқан.
– Жобамыздың аяқталуына да көп қалған жоқ. Бірақ биыл әзірше сахнаны және би алаңын ашамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Келушілер үшін арнайы концерттік бағдарламалар әзірлейміз. Мейрамханаға келер болсақ, әзірше Еуропа және шығыс асханасы болады деп жоспарлап отырмыз. Идея өзіміздікі. Демалушылар үшін барлығы қолайлы, – дейді инвестор Жалын Жайнарбай.
Аренаға тікұшақ қонады
Жоба авторлары салынған инвестицияның ақталарына сенімді, себебі шипажайда күні бойы суға шомылған демалушылар кешке қарай барынша серпілгісі келеді. Ойыңызға бірден «аренаға кіру ақылы ма, 4000 адамға арналған аренаның автотұрағы қандай?» деген сұрақтар келген болар. Ендеше, бұл сұраққа инвесторлар жауап берсін.
– Кіру, әрине, ақылы. Аренаның кіреберісінде касса болады. Демалыс базасынан шықпай-ақ, онлайн билет алуға мүмкіндік жасаймыз. Әзірше билет құнын айта алмаймыз, себебі белгілі бір баға қойылған жоқ. Ол – кеңес кезінде шешілетін мәселе. Аса бір қымбат баға қоямыз деп айта алмаймын. Жұрт үшін қолайлы баға болады. Ал автотұрақ мәселесіне келер болсақ, көлікжайдың ауданы 7000 шаршы метр. Оған шамамен 500 көлік сыяды, – дейді Жалын Жайнарбай.
Инвестициялық жоба облыс әкімінің бастамасымен 2020 жылдың сәуір айында басталған. Жоба құны – 560 миллион теңге. Қазір құрылыс алаңында 25 маман жұмыс істеп жатыр. Нысанның салтанатты ашылуы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне белгіленген. Ал мейрамхана келесі маусымда ашылады деп жоспарлануда. Нысанның тағы бір артықшылығы, арена маңына көліктен бөлек тікұшақ та қонатын болады. Тікұшаққа арналған алаң маусым айында дайын болады.
– Биыл аренаның ашылуын жасаймыз. Концерттік шоу ұйымдастырылады. Алдағы жылдары мейрамхана ашылғанда персоналдар үшін және жұлдызды қонақтар үшін қонақүй салуды жоспарлап отырмыз. Арена демалушылардың сүйікті орнына айналарына сенімдіміз, – дейді инвестор Жалын Жайнарбай.
Шілде айынан бастап Алакөл жағалауында жайдарман ойындары мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасы қойылады.
Балауса ҚОЖАЕВА