Қоғам

Алакөлде ерекше шоу өтті

Балауса ҚОЖАЕВА

Шомылу маусымының қызған шағында төрт қабырғаға қамалып отырған қандай қиын десеңізші. Дегенмен Шығыста өзен-көл көп. Мәселен шипалы көл – Алакөл. Жаз бастала салысымен Алакөлге ағылатындар санында шек жоқ. Сан түрлі демалыс базасы мен аттракциондар. Ұзын сөздің қысқасы, мұнда демалушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Биыл тіпті Alazone арена ашылып, халықтың көңіл-күйі тіптен керемет. Күні бойы көлге шомылған демалушылар кешке қарай шоу-бизнес өкілдерінің ашық аспан астындағы сахнада шырқаған әсем әнін тыңдайды. Би билейді. Орталық Азиядағы ең үлкен сахналардың бірінде концерт тамашалаудың өзі ерекше ғой. Осыған дейін аренада Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан, Парвиз Назаров, Мадина Садуақасова, Ғазизхан Шекербеков және тағы да басқа әншілер жанды дауыста ән айтып, көпшілікті өнерлерімен тәнті еткен. Жуырда демалушылар үшін тағы бір ерекше шоу ұйымдастырылды. Қызықты бағдарлама «Көбік шоу» деп аталады. Ең әуелі көбік шоу туралы аз-кем айтып өтсек.

Көбік шашу фестивалі шетелдерде жиі-жиі өтетін шаралардың қатарынан. Туристер үшін ұйымдастырылатын шараға барғысы келетіндер көп. Жағажайда демалып жатқан халық үшін бұл бір естен кетпес шоу болды.

–      Фестиваль шипалы көлге келген демалушылар үшін ұйымдастырылды. Алғашқы күні 1000 литрдей көбік жұмсалды. Шоуға келгендер көбік үстінде билеп, көңіл көтереді. Жиылған қауымға ерекше эмоция сыйлаған шоу әлі де өз жалғасын таба бермек, – дейді Alazone аренаның инвесторы Жалын Жайнарбай.

Айта кетейік, айдың аяғына дейін әлі талай шоу-бизнес өкілі келіп, концерттік бағдарламалар және жайдарман ойындары өтеді. Сондықтан кеш қалмаңыздар!

 

Осы айдарда

Back to top button