Алакөл – үздік туристік аймақ

Жуырда мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі ең үздік 10 туристік орынды жариялады. Осы тізімге шипалы Алакөл де еніп отыр. Алакөл жазғы демалыс аумағы – облыстағы алдынғы қатарлы туристік аймақтардың бірі.
Алакөл – тұзды, ағынсыз көл. Әсемдігімен көңілге қуаныш ұялататын ол теңіз деңгейінен 347 метр биікте орналасқан. Ұзындығы 104, ені 52 шақырымды құрайды. Алакөлде демалыс орындарының көптеп орналасуы – суының минералдарға бай болуында. Оның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі кездеседі. Құрамы жағынан Канаданың атақты Атабаска көліне және Қара теңізге жақын.
Суының жаздық орташа температурасы – 26 градус. Судағы минералдар тыныс алу мүшелері, сүйек-бұлшық ет, жүйке жүйесі ауруларымен қоса, тері ауруларында, радикулит, өкпе, обыр ауруының ең алғашқы кезеңінде оң ықпал етіп, жазылуға жағдай тудырады.
2019 жылы Алакөл демалыс аймағында 250 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетсе, былтыр тағы 14 демалыс үйі ашылды. Олардың ішінде «Ориент Алакөл», «Атлант», «Темірлан», «Номад», «Достық», «Кәрім», «Жағалау», «Хансұлтан», «Нұржау», «Дольчевита», «Roуal Relax», «Ермада», «Достар» сынды базалар бар.
Келушілерге көрсетілетін қызмет аясы жыл сайын кеңеюде. Көл жағасында «бір терезе» қағидаты бойынша «Tourіst іnfo» атты облыстың алғашқы туристік-ақпараттық орталығы жұмыс істейді, екі менеджер демалушыларға тегін ақпараттық-консультациялық көмек көрсетеді.
Алакөлге келушілер саны жылдан-жылға артып, демалыс үйлері де көбейіп келеді. Көлге Ресей мен Украинадан келетіндер де баршылық. 2019 жылы жағалауда күн сайын 10-15 мың адам демалған. Былтыр індетке байланысты демалыс үйлері келгендерден ПТР-тест сұрап, демалушылардың арақашықтықты, санитарлық талаптарды сақтауы қатаң қарастырылған. Биыл жағдай өзгеруі мүмкін.
Алакөл жағалауындағы демалыс үйлері көрікті және дәмханалардың саны да көп. Заманауи талапқа сай «Парус», «Інжу», «Алакөл-Арасан», «Әйгерім», «Керуен», «Номад», «Alakol Famіly Club», «Көксала» сияқты ірі демалыс орындары салынып, аумақ сәнін келтіріп тұр.
Алакөл жағалауын елдегі озық туристік орталықтардың біріне айналдыру мақсатында жыл сайын облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей басшылығымен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің қолдауымен демалыс үйлерінің инфрақұрылымы жақсаруда.
Жуырда арнайы топ демалыс базаларын тексеріп, жұмыс бастауға рұқсат берді. Сонымен қоса, 10 кафе, екі дәріхана, бір медпункт, 16 азық-түлік дүкені тексерістен өтіп, талапқа сай екендіктерін растады.
Жыл сайын көл жағасында «Алакөл алаулары» фестивалі ұйымдастырылып келеді. Тек былтыр пандемияға байланысты іс-шара өтпей қалды.
Қалай десек те, бүгінде Алакөл жағасы адам танымастай өзгерген. Алдағы уақытта демалыс аймағының халықаралық денгейге жетері анық.
Бейсенғазы Ұлықбек