Қоғам

Алакөлге шетелден келетіндер көп

Алакөлге шетелден келетіндер көп


Қазақтың абыройына айналған Алакөл – еліміздің түпкір-түпкіріне танылған шипалы көл. Оның күміс толқындарға оранған мөлдір суының көптеген аурудың жазылуына себеп болатын емдік қасиеті мол. Оған ешкім де талас тудыра алмасы хақ. Халықтың оған ат басын көбірек бұратыны да содан болар. Шынында да, бұл шипасы, дәрулігі жағынан оқшау айдын.

Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, жер бетінде Канаданың Атабаска көлінің суы ғана Алакөлмен теңдес екен. Бұл тек көлдің Үржар жағындағы ерекшеліктері ғана. Кейінгі жылдары – Алакөлдің Үржар аумағындағы жағалауы демалыс аймағы болып жарияланысымен айдынның айналасында демалуға Һәм ем алуға бағытталған нысандар бірінен соң бірі салынып, іске қосыла бастады.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен аудан әкімі Серік Зайнулдиннің жетекшілігімен қазіргі күндері Алакөл жағалауы адам танымастай өзгерді.

Қазақстан тұрмақ, өзге мемлекетттерге де танымал болған көлге келіп жанына рахат, дертіне дауа тапқандар жыл аралатпай оралып келіп жатады. Қасиетті көлдің бағасы осыдан-ақ байқалып тұрғандай. Былтыр көл жағасына демалуға 200 мыңдай адам келген екен. Қазір Алакөл жағалауында демалушылар мен ем алушыларға арналған 64 қонақ үй бар. Бәрі де қонақтарға тамаша қызмет көрсете біледі. Тәулігіне 2-3, әрі кетсе 5 мың теңге төлеп, күндіз ем-дом алып, суға шомылып, кеш мезгілінде айдынның жағасында орнай қалатын кәусар ауамен тыныстап, бір көсіле қызыққа батуға әбден болады. Сондай-ақ, бұл маңда орын тепкен 15 үлкенді-кішілі сауда дүкені, асхана, базар да мейлінше қызмет көрсетеді.

Бұл арада кейінгі жылдары түрлі кәсіпкерлік те қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеуде. Соның нәтижесінде келгендерге сапалы қызмет көрсету жоғары деңгейге жетіп отыр. Мысалы, Әйгерім Нақышеваның «Әйгерім», Айбол Тұрғановтың «Дорожник», Дулат Асылбековтің «Арасан-Алакөл» демалыс үйлері халыққа қызметтің небір түрлерін көрсетеді. Сонымен қатар, К.Әділғазиновтың «Әмина», А.Күнғожинаның «Рассвет», Е.Қодашовтың «Бақыт» демалыс үйлері де тұтынушылардың көңілінен шығуда.

Біз жағалаудың жағдайымен жақынырақ танысу барысында айдын көл мен сусыған майда құмның қызығын көрушілер арасынан көбінде басқа елдің өкілдерін кездестірдік.

– Аты-жөнім –Яков Павлов, отбасыммен Алтай өлкесіндегі Бийск қаласынан келіп, демалып жатырмыз. Алакөлдің шипасына әбден қанық болғандықтан, мүмкіндігінше жиірек келіп жүреміз. Бұл айдынды Ресейдің біраз жұрты жақсы танып-біліп алған,- дейді ол.

Алакөл жағасында аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен мектеп оқушылары мен балалардың денсаулығын нығайту, жазғы демалыс уақыттарын ұтымды ұйымдастыру мақсатында демалыс үйлері және асхана ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Жас ұрпақ үшін жасалып жатқан игіліктердің соңы бұл емес, әлі де жалғасын таба бермек.

Нәтижесінде бірнеше жазғы демалыс маусымында жүздеген оқушының жағалауда денсаулықтарын түзеуіне жағдай жасалды. Олар мұнда тамыз айының аяғына дейін болып, білім ұяларына тың күшпен қайтып жүр.

Көл жағасы даму үстінде. Тек Алакөлді әсіресе, оның химиялық қоспалары көп шипасын еліміздің түпкір-түпкіріне, тіпті, әлемге бар болмысымен, байлығымен, мың ауруға шипа болған киелі суымен таныта алсақ жарар еді. Сонда оған апарар жол да, көлдің айналасы да кереметтей түзеліп, демалыс жағалауы жайнай түсер еді деп үміттенеміз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button