Қоғам

Алакөлге пойыз шықты

Алакөлге   пойыз шықты


Алакөлге енді шаршап-шалдықпай жетуге болады. 21 маусым күні Өскемендегі Защита теміржол стансасынан «Өскемен-Жалаңашкөл» бағытындағы алғашқы жолаушылар пойызы аттанды. 16.36-да Защитадан шыққан пойыз ертеңгі күні сағат 8.30-да Жалаңашкөл стансасына жетеді.

Жазғы демалыс маусымында (маусым-қыркүйек айлары аралығында) Семей мен Өскеменнен Жалаңашкөл стансасына дейін пойыздар күн аралатып қатынайтын болады. Осы бағыттағы пойыз үшін 260 адамға арналған бес плацкарт вагон қарастырылған. Пойыз межелі жерге 15 сағат 51 минутта жетеді. Билеттің бағасы – 2863 теңге. Ал Жалаңашкөлден Алакөлге дейін демалушыларға арналған автобустар ұйымдастырылған. Сондай-ақ такси де қызмет көрсетеді. Стансадан көлге дейін 40-60 минутта жетуге болады.

— «Өскемен-Жалаңашкөл» және «Семей-Жалаңашкөл» теміржол қатынасын іске қосу үшін облыстық бюджеттен 140 млн. теңге бөлінген. Тасымалдаушылар арасында өткізілген тендерді «Қазақстан-Теміржолы» АҚ құрамдас «Пригородные перевозки» компаниясы жеңіп алды. Биылғы маусымдағы Алакөлге дейінгі теміржол қатынасын осы мекеме жүзеге асыратын болады, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Сұлтанов.

Естеріңізге сала кетейік, бұл бағыттағы пойыз билеті маусымның 15-інен бері сатылымға шығарылған болатын. Бүгінге дейін алғашқы пойыз билетінің 50жартысынан көбі сатылып кеткен. Алакөлге пойызбен жету үшін Ұлжан Әлімбаева Павлодар қаласынан келіпті.

— Өскеменде әпкем тұрады. Ол Алакөлге пойыз қатынайтынын айтқанда өте қуандым. Өйткені соңғы жылдары осы көл отбасымыздың сүйікті демалыс орнына айналған. Алайда оған жету мұң болатын. Бұған дейін жеке көлігімізбен барып, 10 сағаттық жол азабын тартатын едік. Пойыз, әсіресе кішкентай балалары бар біз сияқты отбасылар үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Оның үстіне билеті де қолжетімді, – дейді ол.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, инфрақұрылым мен логистиканы жақсарту туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі. Осы орайда Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру ерекше назарға алынып отыр. Алакөлдің жағасы биыл өткен жылғыдан да жасана түскен. Үш жылға жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі атқарылды. Ол үшін облыстық бюджеттен 4 млрд. 363 млн. теңге бөлінген. Оның 588 млн.-нан астамы алдыңғы жылы, 1 млрд. 264 млн. теңгесі былтыр игеріліп, көл жағасы абаттандырылып, қызмет көрсету сапасын көтеруге бағытталған шаралар атқарылды. Биыл да көл жағасында 1,5 миллионға жуық қаржының жұмысы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар облыстық бюджет қаражаты есебінен Жалаңашкөл стансасына дейін Қабанбай ауылы аралығындағы жол жөндеу жұмыстары бірінші шілдеге дейін аяқталмақ.

Бүгін – 23 маусым күні алғашқы жолаушыларымен «Семей-Жалаңашкөл» бағытындағы пойыз да жолға шығады. Мұндағы билеттің 80 пайызы сатылған.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button