Руханият

Алакөлдегі аламан айтыс

Алакөлдегі  аламан айтыс


Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры мен Үржар ауданы әкімдігінің ұйтқы болуымен «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Соңғы жылдары айбынды айдынымен, шипалы суымен жағасына алыс-жуықтан турист тартқан айтулы демалыс орнында мұндай айтыс алғаш рет өтіп отыр. Еркебұлан Қайназаров, Мақсат Ақанов, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев бастаған 14 жыр сүлейі қатысқан сөз барымтасының тағы бір ерекшелігі жергілікті өңірден де бірнеше жаңа ақындар қатысты. Отандық туризмнің дамуына, насихатталуына қолдау жасау, ауылдың рухани өміріне қан жүгірту мақсатында өткен жыр сайысына белгілі айтыс және жазба ақындары, академик-профессорлар, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Мұхтарбек Каримов, Дихан Қамзабекұлы, Серік Қалиев, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиоллаұлы сынды қабырғалы қаламгерлер баға берді. Айтыстың тізгінін әдеттегідей Жүрсін Ерман ұстады. Көл бетінен көтерілген қазақтың күмбірлі домбырасының үніне үн қосып, бір қыдыру айтулы өнер қайраткерлері де қатысты бұл тойға. Олардың қатарында танымал әнші Еркін Шүкіман, Марат Ілиясов, белгілі күйші Секен Тұрысбек, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек болды. Жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермен көңілін көтерді.

Алакөлдегі  аламан айтыс

– Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, бұл айтысты дәстүрге айналдыратын түрі бар. Әрине, өте құптарлық дүние. Себебі, жаздыгүні шілде болғанда Алакөл жағасы қаптаған демалушыларға толады. Мұнда жүрген қаракөздеріміздің дені өзге ұлттың тілінде балаларымен шүлдірлесіп жүр. Сондықтан осындай қарақұрым халықтың арасына әкеліп айтыс өткізу біріншіден, ұлттық құндылығымызға үлкен серпін берсе, екіншіден, арғы бетте өмір сүріп, қазақ болмысына қалам тербеген Зейнолла Сәнік ағамыздың шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттай аламыз. Аталмыш қордың айтыс өткізудегі бір мақсаты да осы болатын, – дейді қазылар алқасының бірі Дәулеткерей Кәпұлы.

Аталмыш қордың басшысы Қанат Зейноллаұлы. Қанаттың әкесі Зейнолла да, шешесі Шәмшабану Хамзақызы да қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгерлер. Әке көріп оқ жонған ұл да бүгінде көптеген игілікті істердің басынан табылып жүр. Алакөл айдынына қызыл іңірдің шапағы тараған тұста мәре сызығынан өткен айтулы ақындар елді әдемі әзілімен де, ұтымды ұсыныстарымен де тәнті қылды. Айталық, Алакөлге жетудің әлі де болса машақаты бар екенін тілге тиек еткен ақындар Жарбұлақ ауылында тұрған түсініксіз ескерткіштің орнына Қабанбай тұрақ тепсе деген ой тастады. Шекара шебінде тұрған елді мекенге бұл үлкен рух беретінін айтады ақындар. Сонымен, бұл жолғы айтыстың бір миллион теңгелік бас жүлдесін елордалық ақын Еркебұлан Қайназар, бірінші, екінші орынды Аспанбек Шұғатаев пен Рүстем Қайыртайұлы, екі үшінші орынды Талғат Мықи мен Мақсат Ақанов еншіледі. Қалған ақындарға да ақшалай сый-сияпат жасалды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button