Алакөлдегі 185 нысанның 140-ынан заңбұзушылық анықталды
Алакөл жағалауында орналасқан көптеген демалыс үйлері мен базалары жағдайының көңіл көншітпейтіні туралы газетімізде жазған едік. Тілшілер өртке қарсы және санитарлық-гигиеналық нормалардың бұзылғанын өз көздерімен көрген. Тамыз айының соңында Алакөлде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия жұмыс істеді. Аталмыш комиссия Алакөлдегі ғимараттардың ел заңнамасына сәйкестігін тексерген-ді.
Жұмыс тобының сапардан соң ұсынған сандары кез келген сипаттамадан да анық сөйлейді. Айталық, 147 демалыс базасының 90-ы тиісті құжаттамаға ие емес. Яғни, бұқаралық демалыс орындарының жартысынан көбі заңсыз деуге болады.
Облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасы мамандарының мәліметтері бойынша, жұмыс сапары барысында осы саладағы бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Олардың ішінде құрылыс жұмыстарының ескертусіз басталуы, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамалардың және жоба сараптамасы қорытындысының жоқтығы, жұмыстарды техникалық және авторлық қадағалаусыз жүргізу, мердігер ұйымдардың тиісті мемлекеттік құрылыс рұқсатнамаларының жоқтығы сияқты заңбұзушылықтар бар. Заңды осынша мәрте бұза отырып тұрғызылған ғимараттардың туристерді қабылдай алмайтыны айдан анық, дей тұрғанмен бұл демалыс үйлері өткен маусым бойы бейқам жұмыс істеп шыққан.
Тексеру нәтижелері бойынша 44 демалыс үйінің иесіне пайдалануды тоқтату туралы ұйғарымдама, ал 36 үйдің қожайынына анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі белгіленген құжаттар берілген. Егер талаптар орындалмаған жағдайда, кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалатын болады.
Өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы істер де оңып тұрған жоқ. Жұмыс сапары барысында облысытық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 185 нысанды тексеріп шыққан, олардың ішінде тек демалыс үйлері ғана емес, сонымен қатар дәмханалар, дүкендер және өзге де сауда нүктелері бар. Заңбұзушылықтар 140 (!) нысанда анықталған. Егер ғимараттардың көпшілігі ағаштан жасалғанын ескерсек, бір ғана сөндірілмеген темекі тұқылынан немесе өшірілмеген электр плитасынан қандай апат туындайтынын елестетудің өзі қорқынышты.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ көл жағалауын абаттандыру бойынша кешенді жоспар мен ұсыныстар әзірлеуді, сонымен бірге әр демалыс базасының жағдайына нақты талдау жүргізуді міндеттеді.
Егер санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтар болсақ, мұнда базалардың шамамен 70 пайызы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестік туралы қорытындысыз жұмыс істейді. Ал мұндай құжаттары бар 46 демалыс үйінің іс жүзінде тек 17-сі ғана талаптарға жауап береді. Жалпы алғанда, Алакөл жағасында орналасқан 185 нысанның тек 11 пайызы ғана санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келеді. Бұл жерде түсініктеме берудің өзі артық.
Сумен қамту саласында да заңбұзушылықтар анықталған. Демалыс базалары септикетерінің бір бөлігі көлдің дәл жағасында орналасқан және жағалаудың бұзылуына байланысты оларға шайылу қаупі төніп тұр. Мұнымен қоса, қиратылған ғимараттардағы құрылыстық және тұрмыстық қалдықтардың, сондай-ақ метал сынықтарының Алакөл акваториясына түсуі байқалады.
– Кәсіпкерлермен меморандум жасасқан жөн, – деп атап өтті Даниал АХМЕТОВ. – Бірінші кезекте, абаттандыру жоспары жолдарды, жарықтандыруды және жағажай аумағын қамтуы тиіс. Мұнымен қоса, тиісті құжаттары жоқ нысандарды ретке келтіру керек. Бұған кімдер жол берді? Құзырлы органдар әрбір заңсыз нысан бойынша түбегейлі талдау жүргізуі қажет.
Алакөлдің жағдайына жұмыс тобы жүргізген бақылау мен талдау көлдің инфрақұрылымы халықаралық стандарттар тұрмақ, жоқ дегенде отандық заңнама талаптарына сәйкес келуі үшін мемлекеттік органдар алдында қыруар шаруа тұрғанын көрсетті. Облыс әкімі бұл мәселені жеке бақылауында ұстап отыр. Алайда жағалауда демалыс базалары бар кәсіпкерлерге пайда табуды ғана емес, сонымен қатар туристер үшін демалысты қалай қауіпсіз және жайлы ету жағын да ойластырған жөн секілді.
Дарья Штейн