Қоғам

Алакөлде балаларға арналған сауықтыру лагері ашылады

Алакөлде балаларға арналған сауықтыру лагері ашылады


Аймақ басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданында іссапармен болып, жазғы туристік маусымның ашылуына дайындықтың қалай жүріп жатқанын тексерді. Облыс әкімі Алакөл көлінің маңында орналасқан Қабанбай ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайында болды. Қазіргі кезде мұнда алты экспозициялық зал ашылып, оларда түрлі экспонаттар мен тарихи жәдігерлер жиналған. Олардың ішінде шіліктілік алтын адам мен Үржар ханшайымын атап өтуге болады. Даниал Ахметов облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхаметчиновке 3D голограммалары бар виртуалды шынайылық залын құруды тапсырды. Мұнымен қоса, заманауи Қазақстан көрсетілген зал, аймақ басшысының айтуынша, шетелдік туристерді еліміздің тарихымен таныстыру мақсатында түрлі тілдерде жазылған кітаптармен толықтырылуы тиіс.

– Мұнда әрбір тарихи құндылық өзінің өткені мен бүгінгісіне ие. Біз ата-бабаларымыздың мұрасын жоғары бағалап, оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға міндеттіміз, – деп атап өтті облыс әкімі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мұражай кітапханасында ауыл тұрғындары үшін интернетке қосылған компьютерлер орнатылған.
Бұрынғы Ішкі істер министрлігі шипажайының ғимаратында балаларға арналған демалыс және сауықтыру орталығы орналасатын болады. Облыс әкімі атап өткендей, шипажай келешекте халықаралық деңгейге көтерілуі тиіс.

– Қысқа мерзім ішінде ғимаратқа күрделіжөндеу жүргізіп, емдік-сауықтыру лагерін ашамыз. Бұл жерде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар шипалы судың көмегімен емдеуге болатын түрлі аурулары бар балалар демалатын болады. Тағы екі гектар жер бос жатыр, ол жерге біз қосымша емдеу ғимаратын саламыз, – деді Даниал Ахметов.

Атап өтер болсақ, бұл нысан реконструкциясының жобалық-сметалық құжаттамасы бір ай ішінде аяқталуы керек.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы демалыс саябағы мен жағалау аумағын қарап шықты. Атап өтерлігі, саябақ аумағы осы жылы екі жағынан 20 метрге кеңейтілетін болады. Сондай-ақ салынып жатқан демалыс базаларын тексеру үшін арнайы комиссия құру тапсырылды. Өйткені суға жақын орналасқан кейбір нысандар бар. Облыс әкімінің айтуынша, олар мен жаға арасындағы қашықтық 200 метр болуы қажет.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі өзіне көмек сұрап хат жазған көпбалалы ана Оксана Щербакованың жалдап тұратын үйіне ат басын бұрып, жағдайымен танысты, жәрдем жасалатынын айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button