Қоғам

Алакөлде 700 мыңнан астам адам демалды

Алакөлде 700 мыңнан астам адам демалды


Шығыс Қазақстан – туризм индустриясын дамыту үшін ең қолайлы өңірдің бірі. Соның ішінде Үржар ауданының туристік әлеуеті өте зор. Бізге келген инвесторлар экологиялық, спорттық, аңшылық, сауықтырушылық туризмді дамыту мүмкіндіктеріне ие.

Алакөл жазғы демалыс аймағы – облыстағы алдыңғы қатарлы туристік аумақтардың бірі және бірегейі. Биыл Алакөл жағалауындағы кәсіпкерлік нысандардан түскен инвестиция 1 миллиард 225,6 млн. теңгені құрап отыр.

Демалушыларға көрсетілетін қызмет аясы кеңеюде. Осы жылы көл жағалауында аудан әкімдігінің және туризм басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы алғашқы «TOURІST ІNFO» ақпараттық орталығы ашылды. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, екі менеджер демалушыларға тегін ақпараттық-консультациялық көмек көрсетеді.

Алакөл – тұзды, ағынсыз көл. Әсемдігімен ерекшеленеді, теңіз деңгейінен 347 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 104, ені – 52 шақырым. Демалыс орындарының көптігі – суының минералдарға бай болуынан. Құрамында Менделеев кестесі элементтерінің көбі кездеседі. Құрамы жағынан Қанаданың Атаблеска көлі мен Қара теңізге ұқсайды.

Суы жылы, жаздық орташа температурасы – +26 градус. Судағы минералдар тыныс алу мүшелері мен сүйек-бұлшық ет және жүйке жүйесі аурулары мен тері ауруларын, радикулит, өкпе, рак ауруларын жазады.

Биыл демалыс аймағында 250 кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетті. Жаңадан тағы 14 демалыс үйі ашылды – «Orient Alakol», «Атлант», «Темірлан», «Номад», «Достық», «Кәрім», «Жағалау», «Хансұлтан», «Нұржан», «Дольчевита», «Roval Relax», «Ермада», «Достар».

Мәдениет және спорт министрлігі ТОП-10 мен ТОП-50-ге енетін туристік жерлерді жариялады. ТОП-10 туристік картасына Алакөл еніп отыр.

Алакөлге келетін демалушылар саны жылдан-жылға көбейіп, демалыс үйлері де артып келеді. Көлдің танымал болғаны соншалық, Ресейдің Алтай, Омбы, Түмен, Челябі өлкелерінен, Украинадан келгендердің саны биыл демалушылардың 22 пайызын кұрады.

Жағалауға күн сайын 10-15 мың адам келеді. Осы жазда суға орта есеппен 700 мыңға жетеқабыл адам келіп, былтырғымен салыстырғанда 33,3 пайызға артқан. Алакөл жағалауындағы мейрамханалар мен кафелердің саны да көп.

Жағалауда заманауи талапқа сай «Парус», «Інжу», «Алакөл Арасан», «Әйгерім», «Керуен», «NOMAD», «Alakol Famely Club», «Көксала» сияқты ірі демалыс орындары салынып, аймақтың сәнін келтіріп тұр. 2013 жылы демалыс үйлері 89 болса, 2018 жылы 161-ге жетті.

2017-2018 жылдары облыс әкімінің бастамасымен бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жағалауға абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Демалыс үйлерінің инфрақұрылымы жақсарды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен осы жылдың шілдесінде дуатлоннан республикалық турнир өтті. Өткен жазда көлге ақын Нәсіпбек Айтов, әнші Гүлнар Дәукенова, «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров сынды бірқатар айтулы адамдар келіп демалды. Биыл жазда облыс әкімінің қолдауымен жағалауда «Алакөл алаулары» фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шарада «Алакөлдің үздік демалыс орны», «Алакөлдің үздік мейрамханасы», «Үздік фото», «Чекті талап ет!» сайыстарының жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етілді. Фестивальға Қытай мен Ресей туристік агенттіктері қатысты.

Алакөл бүгінде адам танымастай өзгерген. Соңғы жылдары демалыс аймағында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Көркейту шараларына орай биыл жағалау 400 метрге кеңейді. Қосымша орындар пайда болып, көптеген жұмыс орындары ашылды.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button